ИРАН ЖƏНЕ АУҒАНСТАН ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ӨЗАРА ЫҚПАЛДАСТЫҒЫ

27 Тамыз 2014, 04:38

ИРАН ЖƏНЕ АУҒАНСТАН ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ӨЗАРА ЫҚПАЛДАСТЫҒЫ

Ауғанстан 650000 шаршы шақырым жер көлемімен Азия құрлығының аласапыран тағдырын бастан кешіріп келе жатқан таулы аймақтағы мемлекет. Астанасы – Кабул қаласы. Солтүстігінде Тəжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, солтүстік шығысында Қытай, батысында Иран Ислам Республикасы, оңтүстігінде Пəкістан елдерімен шектеседі. Қолданыстағы негізгі тілдер парсы мен пəшту. Халқының басым көпшілігі мұсылман сұнни- ханафи мəзһабты ұстанады. Ауғанстанды мекендеген ұлт-ұлыстардың сандық көрсеткішіне қарай: Пуштун, Тəжік, Өзбек, Һəзаре, Фарсы, Аймақ, Түрікмен, Қызылбас, Нұрыстани, Моңғұл, Бəраһуи, Қырғыз, тағы басқалар. Мыңдаған қазақ та ауған елінде тіршілік еткен. Бірақта олар ел тəуесіздігін жариялаған бастапқы жылдары елге оралды. Олар туралы төменде кеңірек оқи аласыз.

Қазақтар ата мекендерінен Ауғанстанға үш кезеңде көшуге мəжбүр болыпты. Ауған еліне бірінші кезеңнің көш тарихын Саламат Адай ақсақал əңгімелеп берген. Ол өте бай жəне ауқатты болғаны үшін ел ішінде Саламатбай деп аталып кеткен. Еліміз тəуелсіздігін жариялаған соң елге оралып, Түркістан шаһарында қоныстанды. Сонда дүние салды. Ұрпақтары сонда тіршілік етуде.Оның мəліметіне қарағанда Ауған еліне қазақтар алғаш рет шамамен 1865 жылдары Тəжікстан арқылы көшіп барған көрінеді. Олар Адай руының Қосай, Еміл тобы екен. Аталған топ Тəжікстанның Гүлаб деген жеріне барып, сондағы таулы аймағындағы бір тесіктен өтуді ұйғарып, ойын іске асырыпты. Оларды Арқадан, Кенжебек, Берістен деген кісілер бастап көшіпті. Жалпы саны 1000 қаралы шаңырақ көрінеді. Олар Ауғанстан топырағына қадам басқанда Апқол, Бағлан, Полқұмыр, Дочы атты елді мекендерге қоныс тебеді. Ол Шерхан патшаның заманы еді.(Саламат ақсақалдың «Шерхан»,-деп отырғаны тарихта 1868-1879 жылдар аралығында Ауғанстанды билеген «Шир Əли» (патша).

Сол кезде Ауғанстанның мемлекет басшыларының бірі – Сұлтан Ғалихан деген кісі қазақтардың қонысына барып, оларға қыр көрсетіп, үстемдік жасағысы келіп, үйінен кілем алдырып, үстіне қазық қағып, атын сол қазыққа арқандап, қазақтарға қаратып: «мен қой етін жемеймін, тауық етін тауып беріңдер» деп қиқарлық мінез танытады. Бұл қорлыққа шыдай алмаған ел қайта кері көшіп Тəжік аумағында Амударияға жақын келе, бір асудан асады. Сол асу күні бүгінге дейін «Қазақ гүзəр» яғни «Қазақ асуы» деп аталады. Ел асудан асып, ірге теуіп орналаса берген сəтте Сұлтан Ғалихан қарулы əскермен соңдарынан қуа шығады. Қазақтар көшті Амудариядан өткізіп қоныстандырып, жау жолына керегелерді төсеп, өздері сойылмен аңдып жатады. Қарулы қол керегеге сүрініп, жығылған сəтте сойылдап, нөкерлерін өлтіріп жібереді де Сұлтан Ғалиханды ұстап алады.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: