Иран Ислам Республикасы және қазақтар

27 Тамыз 2014, 03:15

Иран Ислам Республикасы және қазақтар

Мен иранның солтүстігі қазіргі Гүлістан провинциясының орталық қаласы Горган шаһарының Сұлтанабад ауылында дүниеге келдім. Сұлтанабад тұрғындары жүз пайыз жергілікті парсы жұртынан құралған ауыл. Ол ауыл, парсылар мен түрікмен сахарасының шекара сызығында тұрғандығымен ерекшеленеді. Біздің отбасы сол ауылдың жалғыз қазақ шаңырағы болып, əкем қайтыс болған 2003 жылдан бергі кездерде де ауылдастық бағымыз үзілмей келеді. Бұның да қызық тарихы бар. Оны да біз иран қазақтарының тарихынан бөле-жара қарай алмаймыз.

Иран ежелден патшалық мұрагерлік саяси жүйе арқылы өз мемлекеттігін сақтап келе жатқан ел екендігі белгілі. Иранда патшалық тақта отырған соңғы əулет Пеһлеви атауымен Реза шаһ (1926-1941) пен оның ұлы Мұхаммед Реза шаһ болған. Олар Батыс саясаты мен мəдениетінің қолдаушысы ретінде, елдің табиғи байлықтарын ішкі жəне сыртқы жемқорлар тонап жатқанына байланысты айыпталып, имам Хомейни басқарған Ислам төңкерісінің жеңісі нəтижесінде 1979 жылы біржолата иранның саяси сахнасынан қуылды. Сонымен Иран өзінің мемлекеттік тарихында патшалық саяси жүйеден исламдық республикалық саяси жүйеге ауысты. Бүгінгі Иран Ислам Республикасы ол елдің тарихындағы жаңа саяси беттері болып табылады. Қазақтар Сталиндық зұлматтан туған жұртынан иран елін паналауға мəжбүр болған 1929-1932 жылдары Реза шаһ тақта отырған кезең еді. Ол кезде Иран феодалдық қоғам болғандықтан жалпы саяси ахуал қиындап, елдің шартарабында Түрікмен, Бақтияри, Күрд, Бəлуч, Араб, Əзірбайжан сынды ұлыстардың басшылары орталыққа бағынбай тайпалық һəм ұлттық мүдделері бойынша өз талаптарын ортаға қойып жатты. Екінші жағынан саяси тұрақсыздықты пайдаланып, ел аумағында тонаушылық, қарақшылық пен бүлік шығару істері шарықтап кеткен заман болды. Сөйтіп, саяси-экономикалық күйзеліске ұшырап тұрған елге Реза шаһ тыныштық орнату үшін қатал басқару жүйесін енгізді. Соның арқасында халықты орталықтандырған мемлекеттік басқару жүйесіне бағындырды. Сол үшін де елінің саяси тарихында диктатор патша есебінде есімі жазылып қалды. Реза шаһтың қатаң тəртіппен жүзеге асырған жобаларының бірі мемлекетте қалалар арасында қара жол мен темір жол салу еді. Ол жол салуға жұмыс істеу қабілеті бар жалпы халықты «Бигари» азаматтар ақысыз тек қана мемлекеттің есебінен тамақтанып, құрылыс жұмысына күнделікті қатысуға міндеттеме алады. Оны барлық аймақта үкімет тағайындаған өкілдер ұйымдастырып, қадағалауға тиісті) ережесі бойынша жұмысқа міндеттеді.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: