Иран бақ па, ирам бақ па?

1 Шілде 2015, 06:14

«Жеті жарғы ма, «мемлекет жарғысы ма»?

«Жеті жарғы ма, «мемлекет жарғысы ма»? Тілімізде Иран бақ сөз тіркесін Иранға телу қалыптасып қалған, бірақ ол тіркестің Иран сөзіне еш қатынасы жоқ.

Иран бағы ауыз әдебиетінде кездесетін рақымы жоқ, мейірімсіз әмірші Шәддадтың бейіш бағына ұқсата салдырып, өзі қызығын көре алмай кеткен таңғажайып бақтың аты. Бұл атау қасиетті Құранның 89-сүресінде кездеседі. Құран Кәрімнің 76-сүресінің 5-22 аяттарында жұмақтың тамаша көрінісі бейнеленген: «Кафур (хош иісті су) жәннатта бұлақ болып ағып жатады. Одан ішетіндер Құдайдың сүйген құлдары... Төзімділіктері үшін Алла оларға жәннат бақшаларын, жібек киімдерін сыйлайды. Ол жерде қатты ыстық та,суық та болмайды. Көлеңке бастарынан аумайды, жемістер қол жетер жерде өсіп тұрады. Тағам толы күміс табақтар. Сусын қойылған күміс тостағандар жылжып келіп тұрады. Жәннатта олар тостағандармен зәнжәбил қосылған сусын ішеді.

Жәннатта салсабин деп аталатын тағы бір бұлақ бар. Қартаймайтын, үнемі жас қалпында тұратын даяшылар кезектесіп қызмет көрсетеді. Оларды көрсең бейне бір жіпке тізілген меруерт екен деп қаласың. Қашан болса да ол жерден игілік пен ұят патшалықты көресің.

Жәннаттағылар үстіне жұқа, қалың жібектен тігілген киімдер киеді, күміс жүзіктер тағады, Тәңір оларды өте таза сусынмен сусындатады».

Таяу және Орта Шығыс халықтарының аңызында Ирам ай десе аузы, күн десе көзі бар, пісте мұрын, қыпша бел хордың қыздары тұратын бақ. Көптеген шығыс аңыздары мен шайырлары шығармаларының арқауы, желісінде Ирам жұмақтың немесе тамаша бақтың синонимі.

Ирам сөзі Иран сөзімен алмастырылып, тілімізде Иран бақ тіркесі дүниеге келді. Сол сияқты әдебиетіміздегі ғайып-ерен де (ғайып – көзге көрінбейтін, ал ерен парсының йар-дос, «-ан» көптік жалғауының қосындысынан жасалған, яғни көзге көрінбейтін достар) Иранғайып түрінде берілуі кездеседі.

15 ғасырдың аяқ кезі мен 18 ғасырдың басында Тәуке ханның (1680-1718) тұында жасалған қазақтың әдет құқығының жинағы «Жеті жарғыдағы» «жеті» сөзі сан есіммен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

«Жеті» сөзі Үндістандағы Моғол испериясының негізін қалаушы, қолбасшы «Бабырнаманың» авторы Захит-р-аддин Мұхаммедтің (1483-1530) бөлесі Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499-1551) парсы тілінде жазылған әйгілі «Тарихи Рашидиде» 15 ғасырдың орта шені мен 16 ғасырдың бас кезінде Оңтүстік Қазақстан мен Қырғызстан жерін жайлаған «Моғолстан мемлекеті» мағынасында қолданылған «чете монғол» тіркесіндегі чете (жете) сөзіне тікелей қатысты ма деп ойлаймыз.

Тәуке хан заманында мағынасы көмескіленген «жете» сөзі мәні түсінікті сан есім «жеті» мен «жарғы» тіркесін қазіргі қазақ тіліне аударар болсақ, оны «мемлекет заңы» деп беруге әбден болатын сияқты.


Л.З.Рүстемов, ирантанушы

Бөлісу: