25 Тамыз 2014, 11:44
Иран қазақтары жеті атаға дейін бір атаның баласындай үлкен шаңырақтың мүшелері болып өмір сүреді. Жасы балиғатқа жеткен жасөспірім жігіт қалыңдығын көшеде танысып, қосылмайды. Ата-аналары арнайы рұқсат беріп, құда түсіп екі жасқа батасын бергеннен кейін ғана қосылып, некелері қиылған күні ғана жақындасуға мүмкіндік алады.
Қазақ жылқы мінездес дегенді жиі айтады. Бұл сөз тегін айтылмаған сияқты. Жылқы да өз үйіріне өзге үйірдің жылқыларын қоспайды. Қосыла қалған жағдайда ол үйірден бөлініп кетуі неғайбыл. Осы орайдан келгенде қазақтарда ежелден ата-атаға бөлініп өздерінің ұлттық қасиетті қағидаларын сақтап келеді. Рулық топ жеті атаға толған кезде арнайы ру ақсақалдары екі рудың жастарын боз биенің сүтіне шомылдырып қол жайып бата беріп олардың қосылуларына рұқсат берген. Содан барып қазақ ұлтында жаңа ру қосылып отырады.
Шетелдегі қазақтар, оның ішінде Иран қазақтары еліміздің осы дəстүріне қатты мəн беретінін біз көріп өстік. Əсіресе қазақтар арасында үйлену кезінде олардың рулық қатынастарының маңызы зор болғандықтан əр қазақ өзінің аталық шежіресін жақсы білуге тиіс. Сондықтан қазақтар аталық шежіресін есте сақтауды мықтап меңгеріп, өзіндік салт-дəстүрін қатаң ұстанған.
Иран қазақтарының айтуынша, Əнес Сахаба [Əнес ибн Малик, Əбу Хамза, пайғамбардың сахабасы. Ол Хəзəржи Бəни Нəжжар тайпасынан шыққан «Əнсар» (Пайғамбардың жанында жүрген достарының қатарында болған). Пайғамбар Мекке қаласынан Мəдине шаһарына көшкенде Əнестің анасы, басқа бір рауаятқа қарағанда өгей əкесі Əбу Тəлһе оны пайғамбардың хұзырына алып келіп, қабылдауын өтінді. Содан бастап Əнес Пайғамбардың соңғы деміне дейін оның жанында болды. Пайғамбардың қасында ирандықтармен болған Шуштер шайқасында Иран əскерінің қолбасшысы Һормозанды тізе бүктірткен сардар. Əнес үлкен отбасынан шыққан аса бай жан болған. Көп балалы отбасыдан шыққан Əнес мол байлығын, ұзақ ғұмырын, үлкен шаңырақ болуы себебін Алла тағалаға жасаған дұғаларына байланыстырады. Өйткені Пайғамбар оған Алла тағалаға мінəжат етуін бұйырған екен. Оның перзенттерінің қатарынан фиқһ ғалымы, көркем сөздің майталман шешендері шығып, биік дəрежелерге қол жеткізген атақты тұлғалар болды. Əнес жасы жүзден асқан шақта 712 жылы дүние салған. Иран қазақтарының қариялары Əнес баба ұрпағынанбыз деп біледі.
Гүмбез-Қауыс қаласы, Шəйбойы ауылында тұратын қазақтар өзедерін «Елтай» ұрпағынан санайды. Олар Елтайды шамамен 850 (1446) жылы өмір сүргенін айтады. Оның төртінші атасы Елу батыр Харезм мен Хожəнд шаһарларында диқаншылықпен айналысқан ауқаты мол, бай кісі екен. Үлкен тайпаның басшысы ретінде Елу батырдың өз қарамағында көптеген қызметшілері мен төрт түлік малы жəне басқа да мүліктері болған. Сол себепті ауа райының ерекшелігіне қарай жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонып жүре беретін. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері мен оның ішінде қазақ еместерге үйленіп, тұрмыс құруға қатаң тыйым салынған. Дегенмен адай руларының əйгілі аталарының бірі Қосай ата өмірінің бір шиеленісті жағдайына қатысты өзінің отбасы мүшелері, бауырлары мен ағайындарын алып қашуға мəжбүр болады. Қашып жүрген қатаң қыста мұз қатқан дарияның (теңіз) үстінен өтуге тура келеді. Қосай арғымағымен алға түсіп, арттағы жолдастарынан бұрынырақ дариядан өтіп оларды арғы жағалауда күтеді. Олардан хабар болмағаннан кейін, сезіктеніп артқа оралады. Қайта келген Қосай өзінің отбасы мүшелерін көре алмады. Жазым болып, дарияның мұзы жарылып барлығы су астына кеткен екен. Оларды құтқаратын қолынан шара келмей, қайғылы жағдайға тап келіп, өзінің əзиз жандарымен мəңгілікке қоштасуға тура келеді. Қосай сол оқиғадан біраз уақыт өткен соң бір түркімен қызымен үйленеді. Одан туған баланың атын Түркімен Адай қойған. Қазіргі кезде Иран қазақтарының бірнеше руы Түркімен Адай ұрпақтары. Бұл оқиғаның өзі Адай аталарымыз ұрпақтың жалғасуына қажет болған жағдайда өзге де ұлт-ұлыстармен некелесуді жөн көргенін байқатады.