25 Тамыз 2014, 11:30
Қазақтар өздерінің салт-дəстүрін, мəдениетін қатаң түрде сақтап қалуға тырысады. Дегенмен кейбір ұлттық ерекшеліктеріне көз жұма қарауға тура келеді. Атап айтқанда балаларына ат қоюда қазақша аттардың орнына біртіндеп парсы есімдерін қойып жатыр. Бұның себебі қазақ есімдерін парсы тілінде айтылуы да, жазылуы да қиын болғандықтан, екіншіден қазақ есімдерінің кейбірі парсы тілінде жағымсыз мағынаны білдіретін болғандықтан, үшіншіден иранда сəбилердің аттары мемлекет тарапынан бекітілген арнайы «Иран есімдері кітабынан» таңдалып қоюға мəжбүр болғандықтан қазақтар ұлттық аттарынан күн өткен сайын қол үзіп барады. Бүгінгі иран қазақтары Шадкам, Мəниже, Мүжган, Жале, Фрамəрз, Ферейдун, Шəһрам сынды есімдермен де рухы бізден алыстап бара жатқандай болып көрінеді. Сол себепті олар елге оралған жағдайда өздерінің қалаған ұлттық аты-жөнін қоюға мемлекет тарапынан арнайы қаулы шыққаны қажет деп білеміз.
Иран қазақтары: Тіней, Беріш, Бегей, Қосқұлақ, Əбез, Жеменей, Байбоз, Ескелді, Медет, Жары, Қырықмылтық, Жаман Адай, Мамыртай, Қожа, Қараш, Жақа, Көрпе, Байшақыр, Боқсары, Жаппас, Қаржау, Тобыш, Əлі, Шегім, Табынай, Бəубек сонымен қатар Əлім, Найман, Табын руларынан құрылады.
Иран адайлары Келімбердінің 6 баласы. Олар: Жеменей, Құнанорыс. Балышқы, Тобыш, Мұңал.
Жеменей руының балалары – Ақшакедей , Қаракедей , Есен , Ақбота , Бəйбіше , Сұлтəнəлі , Олжашы , Ордек , Қаратоқа. Адайдың екінші баласы Қосайдан бесеу. Жаман Адай, Бəли, Қадыр, Тіней, Айдаралы.
Тобыштан – Қараш, Бабу, Қамысбай, Бегей, Жанай, Баубек, Жайылхан, Мұңалдан – Жаулы, Шарғи, Бейімбет, Қырықмылтық.
Жаулының үш ұлы бар – Ескелді, Қосқұлақ, Жары. Бейімбеттен төртеу – Райымберді, Сабытай, Сұлтан, Медет. Райымбердіден үшеу – Бай, Шағыр, Жақау. Сабытайдан – Боққара, Көрпе. Көрпеден – Күйік, Албан, Маңғылбай. Боққарадан – Байбоз, Жанбоз, Матай.
Иран қазақтарының мінез-құлқы, əдет-дəстүрі ұзақ жылдар бұрынғы қалпында сақталып келді. Бірақ кейінгі жылдары үлкен ауытқулар байқалады. Оның бірі-тойларын иран музыкасымен өткізуі, екіншіден-үлкендері де кіші жастағылары да тек қана иранның ұлттық тамағын ұнатып жейді. Ал, қазақтың ұлттық тағамдары ұмыт болып барады. Бұл кемшілікті жою амалын табу керек. Үшіншіден- Қазақтың ұлттық əн-күйі олармен қоштасқалы көп уақыт болды. Аталған кемшіліктер бола тұра иран қазақтарының арасында ұлттық құндылықтарды сақтап қалуға науқандық шаралар болып жатады. Бірақ мардымсыз. Дегенмен ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі, діни мейрамдар Ораза мен Құрбан айттар кəдімгідей сəн-салтанатымен мерекеленеді.