Иран қазақтарының арасында баспанасыз қалғандар жоқтың қасы

16 Қазан 2014, 06:50

Иран қазақтарының арасында баспанасыз қалғандар жоқтың қасы.

Сол жылдары Қазақстан экономикалық жағдайы мəз болмаса да шеттен келген ағайындарға көптеген жеңілдіктер жасады. Жергілікті ағайындар да ақ көңіл, таза ниетпен қуанышын білдіріп қарсы алып жатты. Дастарқан жайып, қазақтың салты бойынша ерулік те берді. Сонымен қатар үкімет тарапынан көшіп келгендердің бəріне алаламай баспана берілді. Елдің ықыласына бөленіп, мемлекеттің қолдауы арқылы баспанамен қамтамасыз болған ағайын жайбарақат күнделікті тіршілігіне кірісіп кетті. Баспанамен қамтамасыз болу адам тіршілігіне ең маңызды фактор болғандықтан Иран қазақтарының баспанасыз қалғандары жоқтың қасы. Сол үшін олар Қазақстандағы өміріне аса ризалық сезіммен қарайды.

Иран қазақтарының басым көпшілігінің мамандығы жүк тасымалы шаруасымен қатар техника саласы болғандығының арқасында мұнайлы Маңғыстау өңірінде түрлі мұнай орындарында тез арада жұмыспен қамтамасыз етілді. Бұған жергілікті ағайындар да барынша қол ұшын бергендері олардың жұмыс ұжымдарымен сіңісіп кетуіне үлкен септігін тигізді.

Жұмысшы азаматтарымызбен жұмыстары жайлы əңгіме құрғанымызда Əбуталып Жұмағазыұлы Қазақ деген бір азаматтың « Елдің аты ел ғой, мен шетте жүрсем дəл осылай жұмыспен қамтамасыз болып, үлкен мұнай компаниясына қызмет істей алармын ба?» деп бойын бір мақтаныш сезім кернеп сөйлеген жүрекжарды сөзі олардың бақытты түйсігінен хабардар етеді. Ол қарапайым жұмыскер, өз өміріне риза, елге оралған бақытты жандардың бірі ретінде еңбекшіл талай адамдардың үні іспеттес. Машина жөндеу, темір дəнекерлік, мұнай тасымалы, құрылыс саласында еңбектеніп жүрген мамандар өз тіршілігіне бек риза. Олардың бар үміті де, қуанышы да ұл-қыздарының жоғары оқу орындарында оқып, ел қатарлы жұмысқа орналасып кеткендері болып тұр. Өйткені өздері де тілге тиек ететіндері осы балаларымыз ұлттық болмысынан айырылып қалмау үшін елге оралдық. Сол үшін өзімізді бақытты деп білеміз дейді. Иран қазақтары мал жəне егін шауашылығынан гөрі техникалық салаға бейім болғандықтан қазіргі кезде жастарының басым көпшілігі аймақтағы мұнай өндіріс орындарда жұмыс істейді. Əрі техникалық оқу орындарында оқиды.

Кейінгі жылдары оларды ерекше қуаныш сезімге бөлеп жүрген жайды айтпай өтсек елдігімізге сын болар. Бұл жай темір дəнекершісі, өмірлік тəжірибесі мол Ахмет Бəйбішенің жүрекжарды əңгімесі. Ол: «Біздер келген жылдары ағайындардың ерекше қошаметіне бөленіп, аталарымыз армандаған елімізге оралу бақытынан басымыз айналып, не істеп, не қойғанымызды да білмей қалдық. Сол үшін еркеледік, кейбір жастарымыз тентектік жасап жатты. Бірақ Алла риза болсын, ағайындар да соның бəріне сабырмен қарап, кешірімді мінез танытты. Міне, солардың сабыр мен парасатының арқасында уақыт бəрін үйлестірді. Құдайға шүкір, бүгін анау демей, мынау демей бір-бірімізбен құда, жегжат болып тонның ішкі бауындай жақын болып кеттік. Сондай бақытқа бөленгеннің бірі менмін. Ұстарбек інімді де солай дер ем. Құдаларымыз қандай жақсы, келіндеріміз қандай ибалы. Балаларымыз мамандықтарын жетілдіріп, жұмыс істеп жүр. Біз шетте жүргенде тілегеніміз осы емес пе еді? Шетте жүргенде қазақтық болмысымыздан айырылып қалмайықшы деп жабық қоғамда өмір сүрдік. Сол жағдай тағы бір кезеңге созылғанда балаларымыздың үйлену мəселесі тығырыққа тірелері анық еді. Қазір елге оралып, ортамыз толды. Тіпті санымыздың да арта түсген салдарынан қазіргі кезде иран қазақтары деген аты болмаса көбісі бірін-бірі танымайтын халге жетті. Бұл да болса ел ішінде өрісіміз өркендеп келе жатқандығы деп білемін, бұғанда Алла тағалаға шүкір», деп рахаттана тыныстайды.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: