Иран қазақтарына барлық құрмет көрсетіліп келеді.

16 Қазан 2014, 07:10

Иран қазақтарын жерлеу рәсімі түркілермен бірге.

Қазақтар Бəндəр Түркімен мен Гүмбəз Кавус қалаларында өлгендерін түрікмен бауырларының ортақ мазарына жерлеп жүрді. Ал, Горган парсылардың шийт мəзһабты қаласы болғандықтан шаһардың бір шетінде қазақ мархұрдарына мазар арналған болатын. Кейінгі жылдары қаланың өсуіне байланысты мазар жасыл алаңға айналып онда жерлеу тоқтатылды. Содан шамамен 1980 жылдардан кейін түркімен сахарасының қақпасы тəрізді «Ақ қала» қаласымен Бəндəр-Түркімен қаласы арасындағы трасса бойында орналасқан Қожа Баһаеддин мазарында түркімен бауарлардың мəйітімен бірге жерлейтін болды. Түркімен мен қазақтар мұсылман сұнни ханафи болғандықтан жерлеу шаралары құран оқу, жаназа намаз оқу, садақа беру сияқты рəсімдерін ортақтаса атқарады.

Иран қазақтары ата мекеннен көшкеннен кейін, алғаш рет елдегі қазақ бауырларымен 2-ші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кезінде көрген. Қариялардың айтуына қарағанда соғыстың тағдырын шешуге əлемнің үш ұлы державасы АҚШ, Британия мен Кеңес одағының басшылары Рузвельт, Черчилл жəне Сталин қатысқан 28 қараша 1943 жылындағы əйгілі Теһран конференциясы қарсаңында Иранға кеңес үкіметі қызыл əскерін кіргізді. Олардың ішінде қазақ офицерлері мен солдаттары бар екен. Елді аңсап, алыстағы ағайынның дидарын сағынған Иран қазақтары жауынгер бауырларымен кездейсоқ кездесіп, əкелерін көргендей қуанып, аз да болса туған елдің хабарын біліп, бір жасап қалыпты. Қазақ офицерлері олардың үйіне қонаққа барып, Иран қазақтарының хал-ахуалын сұрастырып білгеннен соң қажетті көмекті көрсеткен. Мəселен олардың азық-түлікпен қамтамасыз еткендерін, қазақтарды қорлағысы келіп жүрген кейбір дөрекі адамдарды да сабасына түсірген қызық жайыттарын ерекше күймен əңгімелеп беретін үлкендер. Сондықтан, сол бір шуақты күндерді Иран қазақтары көп жылдары естеріне сақтап, кейінгі ұрпаққа айтып жүрді. Үлкендеріміз қазақ офицерлерін естен кетпес күндердің бейне бір қаһармандарындай бертінге дейін аңыз қып айтып жүретін. Əрине, олардың ойында ешқандай саяси немесе еларалық құқықтық астар болған жоқ. Тек қана туған елге деген сағыныш-аңсаулары болған.

Иран қазақтары бастапқы жылдары тек күнкөрістің ғана қамымен жүрді. Бір жапырақ нан үшін тіршілік етті. Сондықтан жағдайы жоқ кісінің білім-ғылым, мəдениетпен шұғылдануға мұршасы келмейтіні бесенеден белгілі. Жасыратыны жоқ, Иран қазақтары балаларын 1950 жылдарға дейін мектепке беруге шамалары келмеді. Сауаттарын аша алмады. Тек 1950-ші жылдардан кейін есін жиып, əр түрлі жұмыстарға мамандана бастады. Соның ішінде көбінесі машина жөндеу, құрылыс, көпір салу, жүк тасымал саласымен айналысты. Ал, шағын бір топ егін шаруашылығымен де шұғылданып жүрді. Қазақтар трактор, комбайн, жүк машиналарын жөндеуде мықты шебер, білгір мамандар ретінде аймақта алғашқылар болып танылғанын жергілікті халықтың үлкендері жақсы білетін. Сол үшін олар қазақтарды ерекше сыйлап жүрді. Аймақта жүк тасымал жұмыстарының негізін қалаған ел ішінде «үш ағайынды» деген атпен бегілі болған Ақмұрат Бəйбіше, Балмұқан Көрпе, Қосай Кедей ақсақалдар болды. Горган мен Бəндер-Түркімен қалаларындағы жүк тасу синдикаттарын алғаш болып ашқан да қазақтар болды. Горган қаласының Синдикатының төрағасы болып ұзақ жылдар қазақ жігіттері басқарды. Соның бірі Аюб Көрпе болатын. Аталған синдикатта қазақтардың 16, не 24 тонналық ауыр жүк таситын машиналары тізіліп тұратын. Өйткені қазақтардың елу пайыздан аса азаматтары тасы- мал сала-сымен айналысып жүрген. Қазірге кезде жастар жоғары білім алуға көбірек көңіл бөліп жүр.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: