16 Қазан 2014, 06:55
Қазақстан иран қазақтарының тағдырына оң əсерін тигізіп, мол шарапат шуағын шашып келеді. Оған айғақ кейбір қазақ жастары Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып шет елдерде табысты жұмыс істеп жүрген азаматтар мен азаматшалар. Олардың арасынан атап айтқанда: Риза Набатұлы Алматыдағы С.Асфандияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетін бітіріп Мəскеу шаһарында жұмыс істеп жүр. Мəниже Сарықызы Əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқып Украинада жұмыста. Мүжган Исмайылқызы Алматы энергетикалық жəне байланыс университетінде білім алған соң Иранда иран компаниясында жұмысқа кіріскен. Марал Исмайылқызы Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін бітіріп Американың бір мұнай компаниясында сол елде тұрып, жұмыс істейді. Сондай-ақ Зубайда Сарықызы Əл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жоғары білім алып, филология ғылымдарының кандидаты атанып, аталған білім ордасында ұстаздық қызмет атқарып жүр. Немесе Ираннан Германияға қоныс аударып, сонда жұмыс істеп жүрген ұлтжанды азаматымыз Сүлеймен Ақтауұлының екі ұлының бірі Олжасты ұлттық болмысынан ажырап қалмасын деген игі оймен ата жұртында мектепте оқытып келеді. Сүлейменнің өзі Иранда тұрған заманда да қазіргі тұрағы Германияда да барынша қазақтың игілігіне орай қоғамдық жұмыстарға үлес қосып келгендіктен Қазақстанның көптеген зиялы азаматтарының арасында абыройға ие. Бұның өзі атамекен талай қазақ диаспорасының жаңа өміріне игі бастау болып келе жатқандығын көрсетеді. Біздің мысалдап айтқан жоғарыдағы жайыттар талай игіліктердің бірер ғана өнегесі екендігін естен шығармау керек.
Білім алу, ғылыммен шұғылдану қоғамның айығуына үлкен септігін тигізері мəлім. Сол үшін қазақтар білім мен ғылымға ерекше құштарлық танытады. Сондықтан Ираннан көшіп келген ағайындар білім алуға ерекше көңіл бөліп келе жатқандықтан қазіргі кезде олар тұрақтаған Маңғыстауда Ш.Есенов атындағы Мемлекеттік Ақтау университетінде тағы басқа оқу орындарда да көптеп оқып жатқан жастарын кездестіреміз. Аталған университетте бұрынырақ Иранның астанасы Тегеран қаласындағы «Тəржіма жоғары оқу» орнын ағылшын тілі мен əдебиеті бойынша оқып, аударма саласының озық маманы болған ұлтжанды, аудармашы азаматымыз Нияз Тобыш ұстаздық қызметін, парсы тілі кабинетінің меңгерушісі міндетімен қатар өте табысты да абыройлы атқарып келеді. Ол аударма саласында бірсыпыра жақсы еңбектерді қазақ тілінде сөйлеткен қаламгер ретінде де өз үлесін қазақ тілі мен əдебиетіне қосып келеді. Атап айтқанда «Тотынаме» кітабын көне түркі(шағатай) тілінен қазақ тіліне аударған. Əбіш Қожаның қолжазбалары мен «Тəфсир Хұсейни» кітабының түсіндірмесін түгелдей қазақшалаған. Сондай-ақ қазақтан шыққан тұңғыш геолог ғалым, дін қайраткері Оразмағамбет Тұрмағамбетұлының бірсыпыра еңбектерін аударғанын айта аламыз. Ол аударма саласында қоғамдық жұмыстарға да араласып айтарлықтай үлес қосып жүргені қуантарлық жайт. Өйткені көшіп келген қазақтардың құжаттары парсы тілінде болғандықтан кейбір кездері оларды қазақ тіліне аудару қажеттілігі туып отырады, екіншіден Иран елі Каспий теңізі арқылы Қазақстанмен көрші болғандықтан екі тілді жақсы білетін аудармашының қажет екендігі табиғи сұраныс. Нияз елге оралып, өзінің бойындағы қабілетін елдің қажеттілігіне жаратып жүрген азамат. Нияз Тобыш Иранда мұғалім болып жүрген кезінде де қазақ тілі мен əдебиетінің жастар арасында өркендеуіне əжептəуір еңбек сіңірген жан.