Иран Шанхай ынтымақтастық ұйымына ресми түрде қабылданды

4 Шілде 2023, 16:36 832

Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасының Президентін құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ең алдымен, Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан Республикасының табысты төрағалық еткені үшін Премьер-министр Нарендра Моди мырзаға алғыс айтамын. Сіздің еліңіз ұйымымызды дәйекті дамытуға және оның халықаралық беделін арттыруға елеулі үлес қосты. Бүгінгі саммит ашықтық, өзара сенім мен тең құқықтық принциптеріне негізделген жаһандық көпжақты диалогқа тың серпін береді. ШЫҰ қарқынды түрде кеңейіп келеді. Бұл ұйымның рөлі артып келе жатқанын және көпжақты өзара тиімді ынтымақтастығымыздың нығая түскенін білдіреді. Осы ретте әріптесіміз Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисиді ШЫҰ-ға толыққанды мүше мемлекет мәртебесін иеленуімен құттықтауға рұқсат етіңіздер, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Республикасының да Ұйымға мүше атану процесі аяқталуға жақын екенін айтты.

Осы жағдайды пайдалана отырып, әріптесіміз Президент Александр Григорьевич Лукашенконы кеше өткен Беларусьтің Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Бауырлас белорусь халқына амандық, бақ-береке тілеймін. Бірнеше күннен кейін Өзбекстан Республикасында президент сайлауы өтеді. Құрметті Президент Шавкат Миромонович Мирзиёевке осы маңызды шараны табысты өткізуге тілектестік білдіремін, - деді Мемлекет басшысы.

Енді ШЫҰ қатарында 9 мемлекет бар. Олар: Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан,

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: