Иран этномәдени орталығы көпбалалы анаға көмек көрсетті

3 Мамыр 2019, 00:00 5491

«Өткен ғасырдың басында тағдырдың жазуымен қазақ жеріне келген бабаларымыз жергілікті халықтың ерекше қамқорлығын сезінді. Біздің әкелеріміз ол кезде жас болған ғой. Қазақтар оларға өз баласынан артық қарап, отау тігуіне асарлатып көмектескен. Тіпті, соңғы бір үзім нанын да бөлісіп жеген. Біздің алдыңғы буын қазақтың осынау дархандығын ұмытпай, әркез айтып жүреді».

Шымкент қалалық иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Мами Сулейман бес балалы ананың үйіне асарлатуға барғанда осылай деп сыр ақтарды. Қандай қиын-қыстау кезеңдерде бір-бірінің қолтығынан демеп, көмек көрсету арқылы адамдар арасындағы бауырмалдылықты нығайтатын бұл дәстүрдің иран этносы үшін орны ерекше.

Асаршылар көпбалалы ананың үй-жайын жөндеп, ауласына тас төседі, үйінің айналасын шарбақпен қоршады. Әйелдер жағы да қарап тұрмады – дастархан жайып, көпшілікке дәмді палау әзірледі. Азық-түлік себеттерін де ала келген бірлестік мүшелері осы отбасын өз қамқорлығына алып, алдағы уақытта да тұрақты қолдау көрсетіп тұрмақ.

Гүлжауһар Спатаеваның бір баласы церебралды сал ауруына шалдыққан, ерекше күтімді қажет етеді. «Осындай қиын уақытта мейірімін төгіп, көмек қолын созып келген Ассамблея мүшелеріне айтар алғысым ерекше», – дейді жалғызілікті ана.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» акциясының аясында өткен қамқорлық шын мәнісінде кісі сүйсінерліктей болды. Ұлы Даланың дәстүрлеріне негізделген қайырымдылық шараларын өткізуді шымкенттік этномәдени бірлестіктер биылғы қаңтар айында бастап кетті.

Акция «Қамқор», «Тоқымқағар», «Ерулік беру», «Жылу», «Көрімдік», «Бата», «Бес жақсы», «Кәде» сынды атауларымен жыл соңына дейін жалғасын тауып, қарттар мен жетімдерге, науқас азаматтар мен көмекке мұқтаж жандарға жан-жақты көмек көрсетілмек.

Бөлісу: