«iPhone» қолданушыларының он қателігі

17 Ақпан 2016, 08:26

Біле жүріңіз

«Айфон» қолданушылары өздерінің қымбат телефонын барынша күтіп ұстау қажеттігін біле тұра, көп қателік жасайды. Кейде тіпті сол қателіктердің арты қайғылы жағдаймен аяқталып жататыны бар. Сондықтан, бүгін біз сізге смартфонды қалай дұрыс қолдану керектігін айтамыз. 

 

Сіз «айфоныңызды» тым сирек сөндіресіз. Негізі, смартфонды аптасына ең құрығанда бір рет өшіріп тұрған абзал. Мамандар ұзақ уақыт бойы қолданылмаса да, сөндірмей ұстаған смартфонның аккумуляторы тез істен шығатынын айтады. Егер, iPhone сізге таңертең ояну үшін немесе әуен тыңдау үшін ғана қажет болса, сағат пен қарапайым плеер сатып алыңыз. Болмаса, күндіз телефоныңызды аз уақытқа сөндіріп қойыңыз.

Сіз ешқашан «Wi-Fi» мен «Bluetooth» қызметін өшірмейсіз. Есіңізде болсын, бұл қызметтер қосулы кезде смартфонның қуаты тез таусылады. Сондықтан, оларды тек құрылғыны пайдаланған кезде ғана қосқаныңыз жөн.

«Айфоныңызды» түні бойы қуат көзіне қосып қоясыз. Бұл әдіс қолайлы болғанымен, смартфонның қуаты 100 % болған сәтте де желіге қосылып тұратынын ұмытпаңыз. Ал, бұл аккумулятордың тез бұзылуына әсер етеді. Сондай-ақ, «айфонның» қуаты да тез таусылатын болады.

Сіз смартфонды ауа райы қолайсыз кезде пайдаланасыз. Негізі, «iPhone» құрылғысын 0 градустан төмен және 30 градустан жоғары температурада қолдану зиян екенін білесіз бе? Суықтың әсерінен смартфон аккумуляторының сыйымдылығы азаяды. Сол себепті аппараттың жұмыс істеу қабілеті нашарлайды. Көшеде жүргенде смартфоныңызды қалтаңыздан шығармауға мейлінше тырысыңыз.

Смартфонның қуаты 0% дейін азайғанша жүруге болмайды. «Айфонға» салынатын «Li-ion» секілді аккумуляторлар үшін телефон қуатының 50-80 % аралығында болғаны маңызды. Ал, құрылғының қуаты толықтай бітіп қалғанда, батареяның ішіндегі иондар өздерінің энергия сақтау қабілетін жоғалтады.

«iPhone» құрылғысын өзінің қуаттағыш құралына қоспасаңыз да, ол тез істен шығады. Сондықтан, жасанды қуаттағыштарға жоламауға тырысыңыз. «Apple» өнімдері қымбат тұрғанымен, жоғары сапаға ие. Ал, жасанды адаптерлердің кесірінен смартфон тез бұзылады. Кейде тіпті жарылып кетуі де мүмкін.

Есіңізге түсіріп көріңізші, сіз соңғы рет «айфоныңызды» қашан тазаладыңыз? «Apple» қолданушыларға көп микроб жиналған құрылғыны түгі жоқ, жұмсақ матамен сүрту қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар, смартфон қуаттағышын да жиі тазалап тұрғаныңыз дұрыс.

Серуен кезінде «айфоныңызды» ұрлатып алудан сақтаныңыз! Бұл телефон нарықта жоғары бағаланатынын біз айтпасақ та білесіз. Оның үстіне, үлкен қалаларда «айфон» жиі ұрланады. Қымбат телефоныңыз қолды болып кетпесін десеңіз, әрдайым сақ жүріңіз!

Смартфоныңызға кілтсөз қоюды ұмытпаңыз. Өйткені, құрылғыңыз қолды болған жағдайда, ішіндегі барлық жеке ақпаратыңыз да ұрланады. Ұрылар сіздің суреттеріңізді ақтарып, әлеуметтік желіде жазысқан хаттарыңызды оқымасын десеңіз, дәл қазір «айфоныңызға» кілтсөз орнатыңыз!

Сіз жүрген мекен-жайыңызды анықтайтын қызметке рұқсат берген кезде телефонның батареясы тез отырады. Оған әртүрлі бағдарламадан келетін push-хаттар да әсерін тигізеді. Сондықтан, көптеген бағдарламалар геолокацияның көмегінсіз-ақ жұмыс істейтінін есіңізге саламыз.


Аударған Айбота Өтеулі 

Деректер facte.ru сайтынан алынды

Бөлісу: