Инфографика. Әлемдегі және Қазақстандағы алапат өрттер

29 Маусым 2023, 14:15 1179

Әлемнің қай түкпірін алсақ та, қызыл жалын ешбір құрылықты аямағаны белгілі. Өкінішке қарай, алапат өрт біздің елімізді де айналып өтпеді. Әсіресе, соңғы жылдары біресе Қостанайда, біресе Семейде қалың орман өртеніп, шығыны да көбейе түсті.  El.kz ақпарат агенттігі әлемдегі және Қазақстандағы алапат өрттерді бір еске түсіріп көрді.

Әлемдік жағдайға қарайтын болсақ, 2020 жылдың басында Австралияда адамзат тарихындағы ең ірі орман өрттерінің бірі болды. Өрт 2019 жылдың тамызында басталып, 2020 жылдың наурыз айына дейін жалғасты. Өрттен зардап шеккен аумақ шамамен 18 миллион гектарды құрады. Орман алқаптарын, ауылдар мен далалар жанып, миллиондаған жануар, өсімдік, құстардың көптеген түрі жойылды.

2019 жылдың тамызында Амазонканың терең ормандарынан өрт шығып, бірнеше елді әбігерге түсірді. Қызыл от ормандардың кең аумақтарын қамтыды және Бразилияны ғана емес, Боливия, Перу және Парагвай секілді елдерді де шарпыды. Барлығы 7 миллион гектардан астам аумақты қамтыды. 

2016 жылы Канада тарихындағы ең жойқын өрт орын алды. Ол мыңдаған адамдарды жойып, Альбертадағы шағын Форт МакМюррей қаласының келбетін мәңгілікке өзгертті. Төтенше жағдай 2016 жылдың мамыр айында басталып, жүздеген шаршы шақырым аумақты шарпып, шамамен 6 миллион гектар аумақтың жойылуына әкелді.

2019 жылы Ресейдің Иркутск, Краснояр, Якутия өлкелері де отқа оранған. Олардың ішінде ең қауіпті өрт Иркутск облысында тіркелді. Салдарынан 20 мың гектардан астам орман алқабына зиян келді. Бірқатар елдімекендер көшіріліп, жүздеген үйлер мен басқа да нысандарға да қауіп төнді. Өрт бірнеше айға созылып, салдарынан 2,5 миллион гектардан астам аумақ жойылды.

Бұдан өзге, 2015 жылы Индонезиядағы өрт 2 миллион гектардан астам жер, 2017 жылы Чилидегі өрт  580 мың гектар, 2017 жылы Португалиядағы өрт 520 мың гектарды құрады және 2016 жылы Израильдегі өрт шамамен 50 000 га жер, 2019 жылы Оңтүстік Кореяда мың гектарды құрайтын жойқын өрт болды.

Тілсіз жау Қазақстанды да айналып өтпеді. 2015 жылдың жазында Шығыс Қазақстанның екі ауданында ірі өрт орын алып, елімізге айтарлықтай шығын келтірді. Шілде айында Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Қытаймен шекарадан екі шақырым жерде табиғи өрт 700 гектар жерді шарпыды.

Павлодар облысында да 2010 және 2014 жылы екі өрт апаты тіркелді. 2010 жылы орман өртінен жеті адам қаза тапты. 2014 жылы Шарбақты ауданының Галкин орманшылығындағы орман резерватының аумағы өртеніп, кең алқапқа таралды. Салдарынан 300 гектардан аса даланы жарамсыз етті.

2021 жылдың 10 мамырында Риддерде ірі өрт тіркеліп, орасан шығын келтірді. Былтыр Қостанай облысында елдегі ең ірі өрттердің бірі орын алды. Салдарынан 90-нан астам үй, 43 мың гектар орман отқа оранды. Бір адам көз жұмып, 12 адам зардап шекті.

Осы жылдың 8 маусымында Абай облысындағы ірі өрт болды. Тілсіз жау 60 мың гектарды қамтып, 14 адамның өмірін қиды. Бұдан өзге 2011 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Боралдайдағы өрт 4 мың гектар, 2012 жылы Отырар ауданы Шәуілдір және Балтакөлдегі өрт 75 гектар, 2013 жылы Түркістан облысындағы өрт 600 гектар, 2014 жылы Түркістан облысы Арыс қаласының маңындағы Қожатоғай ауылдық округіндегі өрт 2 мың гектар орман өртенді.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: