29 Қыркүйек 2014, 07:23
Белгіленген стратегиялар мен жобаларды жүзеге асырудағы, қазақстандық мазмұнды арттыру жөнінен инвесторлармен жұмыстағы, “Жол картасы” және басқа да іс-шараларды жүзеге асырудағы белсенді, жүйелі және Үкіметтің әкімдіктермен, сол сияқты, бизнес-қауымдастықтармен бірлескен жұмысы арқылы Қазақстан алға қойған мақсаттарын орындап келеді. Мемлекет басшысы экономикалық және индустриялық саясаттың барлық мәселелері келесі интеграциялық саты – Еуразиялық экономикалық одақты құруға дайындық жағдайында экономиканың өсуіне ғана қолдау көрсетіп қоймай, сонымен бірге, оның құрылымдық қайта жаңғыруын да жеделдету қажеттігі жөнінде үкіметке тапсырма берген болатын. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында: «Құрметті отандастар! Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақмерзімді басымдықтары белгіленген. Біз мына басым бағыттар бойынша бірқатар мәселелерді шешуіміз керек. Бірінші. Инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу маңызды. Мен Үкіметке 2016-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустрияландырудың Екінші бесжылдығы жобасы жөнінде бірқатар тапсырмалар бердім. Индустрияландыру басымдықтары санын шектеу керек», - дейді. Сонымен қатар, Жолдаудың соңғы жақтарында: «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі» - дей отырып, «Төртіншіден, бұл индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім» - деп атап өтеді.
Жуық арада ғана ел Үкіметі Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға есептелген мемлекеттік бағдарламасының жобасын мақұлдап еді. Мемлекет басшысы оны бекіткеннен кейін шаралардың тыңғылықты жоспары қабылданды. Бағдарламаның негізгі бағыттары жайында ОҚК баспасөз мәслихатында премьер-министрдің орынбасары – индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев баяндады. Оның атап өтуінше, екінші бесжылдықтың бағдарламасын осы жылы аяқталғалы тұрған бағдарламаның жалғасы деп білу керек. Ол Елбасы тапсырмасы бойынша дамыған отыз елдің қатарына кіруді діттейді. Әсет Исекешев алдағы бесжылдықта басымдық берілген салалардың саны аз болатынын хабарлады. Атап айтқанда, олар: мұнай өңдеу мен химия саласы, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін шығару, машина жасау, құрылыс заттары мен металлургия салалары. Бұл бағдарламада кластерлерді дамыту қарастырылған әрі инновациялық және технологиялық жаңғыртуға баса көңіл бөлінген. Салалық бағдарламалар алынып тасталған бесжылдық межеде кластерлік тәсілдемеге бизнестің белсенді қатысуы мен жекеменшік инвестициялардың жүйелі түрде тартылуына барынша мән беріледі. Әсет Исекешев екінші бесжылдық төрт бағыт бойынша дамытылатынын атап өтті. Біріншісі, макроэкономикалық тұрақтылықты және қаржылық базаның өсімін қамтамасыз етуі тиісті шикізаттық сектор. Екіншісі, өсім сапасын қамтамасыз ететін өңдеу өнеркәсібі. Үшіншісі, болашақта бәсекелестікті қамтамасыз ететін инновациялық сектор. Төртіншісі, адамдарды жұмыспен қамтитын сектор. «Осы бесжылдықта бизнестің барынша белсенді қатысуын атап өтуге болады. Атап айтқанда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бағдарламаны әзірлеуге де, оны жүзеге асыруға да атсалысады», - деді Әсет Исекешев.
Министрдің мәліметінше, индустрияландырудың екінші бесжылдығында мемлекет пен бизнес арасындағы жауапкершілікті барынша шектеуді енгізу ұсынылады. Яғни, мемлекет республикалық картаға мемлекет тарапынан жол салу, субсидия беру сынды қандай да бір міндеттемелерді өзіне алатын жобаларды ғана қосатын болады. Мұндай инвесторлармен инвестициялық келісімшарт жасалады және мемлекет өз рөлі үшін жауапкершілік алады. Ал бизнес өз өнімінің, жобасының сапасына жауап береді. Бұл тұрғыда Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен арада уағдаластық та бар. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі басшысының сөзіне қарағанда, шаралар жоспарына қатысты Үкіметтің нақты тапсырмаларының қатарында еліміздің машина жасау саласы көлік өндірісінің көлемін жылына 37-дн 190 мың автомобильге дейін және экспортты 30 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Оның айтуынша, әрбір саланың өзіндік маңызды ерекше міндеттері мен проблемалары бар. Дегенмен, әрбір салаға техникалық реттеуден бастап кадрларды дайындау сынды қолдауларды қоса алғанда, Үкімет тарапынан қаржылай демеушілік болады. Бұдан бөлек, Үкімет заңдар және басқа да көтермелеу шаралары арқылы қолдау көрсетіледі. Мемлекеттік көмектің шамамен 80 пайызы басымдықты салаларды дамытатын кәсіпорындарға беріледі. Ал басымдықты бағдарлама қатарына кірмеген кез келген кәсіпорын өнімділіктің жоғары деңгейі, экспортқа бағдарлығы және толықтай алғанда жоба тиімділігі жағдайы бойынша қолдауға ие бола алады. Негізгі қаржы операторы ретінде берілген «Бәйтерек» холдингінің нақтылауы бойынша екінші бесжылдықты жүзеге асырудың қаржылық көлемі 6,6 трлн теңгені құрайды.
Индустрияландыру мен инновацияларды дамытудың негізгі тетігі саясат пен бизнестің байланысуында жатқаны белгілі. Қазақстан сыртқы займдар рыногындағы ахуалға сындарлы баға бере отырып, Қазақстанның толыққанды индустриялды-инновациялық мемлекетке айналуы үшін инвестициялар тартуға, бүтіндей алғанда елде ғана емес, сонымен бірге өңірлер бойынша да үздік инвестициялық ахуал туғызуға қалыптасқан жүйелі жұмыстардың ғана көмегін тигізе алатынын көп сарапшылар ескертеді. Инвестициялық “омбудсмен” түрінде қызмет істейтін шетел инвестициялары жөніндегі комиссия құру мәселесі Үкімет деңгейінде қаралуда. Оның басты міндеті – мемлекеттік қызметшілердің өз жұмыстарына деген көзқарастарын түбірінен өзгерту. Яғни, істеген ісіне инновациялық тұрғыдан қарау. Мемлекеттік қызметшінің инвесторға қатысты “тәртіп сақшысы” емес екенін түсінудің маңызы зор. Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің де қызметтерінің белсенділіктерін арттыра түсу қажет. Бұл орайда үкіметаралық комиссияның әр мүшесі – елші, министр, әкім, ұлттық холдингтер мен компаниялар басшылары үшін шетел инвестицияларын тартудың мақсатты көрсеткіштерін анықтау ұсынылады. Басқаша айтқанда, мұның өзі жыл ішінде ол салаға немесе өңірге нақтылы қанша инвестиция тартуы тиіс екендігі жөніндегі өзіндік бір жоспар іспетті болмақ. Сондай-ақ әрбір әкімдікте Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен үйлесімді түрде шетел инвесторларымен жұмыс жөніндегі өңірлік офис қызметін атқаратын құрылымдық бөлімшелер де болуы керек.
Соңғы жылдары шағын және орта бизнеске салықтық ауыртпалықтар дәйекті түрде төмендетілуде, әкімшілік кедергілер қысқартылуда. Бірақ біз Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына байланысты біздің еліміз бен жекелеген өңірлер арасында саламатты бәсекелестіктің күшейе түсетінін де түсінуге тиіспіз. Ол дегеніңіз, біздің іскерлік ахуалдың тартымдылығын әрбір критерийлер бойынша тексеріп, неғұрлым оперативті, икемді, бейтарап, тіпті креативті болуымыз керектігін білдіреді.
Өкінішке қарай, инновациялық дамудың мемлекеттік органдардың, әкімдердің, мемлекеттік компаниялар басшыларының бәріне бірдей күнделікті қызметтегі шынайы басымдыққа айнала алмағанын мойындауымыз қажет. Біздің пайымдауымызша, ахуалға тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отыруы тиіс. Инновациялық саясатты жүзеге асыруға қатысты “Орталық – сала – өңір” үлгісі бойынша бақылаудың жалпылай қамтитын жүйесін құру керек. Өңір басшылары жоғары технологиялы инновациялық өндірістерді өз қорғауларына алып, оларға барынша қолайлы режимдер туғызуы керек. Әрбір жаңашыл, өнертапқыш биліктің ерекше ықыласына бөленуі тиіс. Оның сыртында әр өңірде, әр салада және әрбір басым бағыттар бойынша инновациялар орталықтарын құру мүмкіндіктерін зерттеуге кірісу керек. Бүкіл әдістемелік қолдауды, үдерістерді үйлестіруді, институттық көмекті біздің министрлік ұсынатын болады. Өз кезегінде әрбір мемлекеттік орган мен ұлттық компанияда инновация мәселелері үшін жауап беретін басшының бірінші орынбасарын белгілеу қажет.
Дінмұхамед Аязбеков