Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі құрылысшыларды мемлекеттік наградамен марапаттады

10 Желтоқсан 2022, 14:35 1290

Әулиекөлде төтенше оқиғадан зардап шеккендерге 91 тұрғын үй салынды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Қостанай облысына жасаған жұмыс сапарында биыл Әулиекөл ауданында өрттен зардап шеккендерге арналған тұрғын үйді салуға белсенді атсалысқан сала мамандарын марапаттады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі  ИИДМ-не сілтеме жасап. 

Министр өңірдегі құрылыс саласы мамандарының игі іске қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтып, қажырлы еңбегі үшін алғысын білдірді.

«Құрметті әріптестер, құрылысшылар! Сіздер ауқымды жұмысты іске асырып, Аманқарағай ауылының тұрғындарына қиын уақытта үлкен қолдау көрсеттіңіздер. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өрттің салдарын жою үшін жедел шаралар қабылданып, тұрғын үйлердің құрылысы дереу басталды. Осы бағытта жұмылдырылған өңірлік мердігер ұйымдардың үйлесімді жұмысы мен тиімді жоспарлау арқылы 91 тұрғын үйді салу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды», - деді Қайырбек Айтбайұлы.

Биыл қыркүйектің басында Қостанай облысының орман алқабында ірі өрт болып, оның салдарынан елді мекен тұрғындарының баспаналары жанып кеткен еді. Әулиекөлде төтенше оқиғадан зардап шеккендерге 91 тұрғын үй салынды.  Барлық баспана электр энергиясы, газ және сумен қамтамасыз етілген.

Сол үйлердің құрылысын жүргізуге атсалысып, азаматтық белсенділік танытқаны үшін келесідей азаматтар марапатқа лайық деп танылды.

Атап айтқанда, «Құрмет» орденімен «Строй Элит Дом» ЖШС-нің байқаушылар кеңесінің төрағасы Дәулет Ыбырайымов, CK КBS компаниясының директоры Бауыржан Қарамакин және «Рудныйсоколовстрой» АҚ бас директоры Нұрлан Орымбаев наградталды.

III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен «Рудныйсоколовстрой» АҚ-ның «Отделстрой» құрылыс басқармасының аға прорабы Оксана Владимирова және «БК-Строй» ЖШС-нің тас қалаушысы Олжабай Жақсылықов марапатталды.

Сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалі «Строй Элит Дом» ЖШС-нің бригадирі Ерболат Ариккуловқа, «Алюминстрой» ЖШС директорының орынбасары Дархан Әбдіковке, «Алия-Сервис» ЖШС филиалының директоры Таир Бекжановқа, «Парасат Строй Проект» ЖШС директоры Әбдірахман Борашқа және «БК-Стройпром» ЖШС директоры Сергей Кимге табысталды. Бұдан басқа тағы да бірқатар азамат Мемлекет басшысының Құрмет грамотасына ие болды.

EL.KZ
Бөлісу: