Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан азаматтың ісін қарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Тергеу барысында құқық бұзушы әлеуметтік желілерде зәулім үйдің бейнеролигін жариялап, оны халықтың қайырымдылыққа берген қаражатына салынғанын және Астана қаласының бас имамына тиесілі екенін мәлімдегені анықталды. Бұл әрекеті арқылы ол жәбірленушінің ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған ақпарат таратқан.
Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, үйдің нақты кімге тиесілі екенін және қандай қаражатқа салынғанын білмейтінін түсіндірді. Ол бейнероликті тек қызығушылық үшін жариялағанын айтып, өкініш білдірді. Жәбірленуші соттан өзін қаралаған адамды заң аясында жазалауды сұрады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 73-3-бабының 2-бөлігіне сәйкес, құқық бұзушыға 180 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл (707 760 теңге) немесе 20 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
Сот жаза тағайындау барысында құқық бұзушының кінәсін мойындауы мен шын жүректен өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде есепке алды. Нәтижесінде, сот қаулысымен ол ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 180 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.