ҚИМА МӘДЕНИЕТІ

31 Тамыз 2014, 08:57

ҚИМА МӘДЕНИЕТІ, қола дәуірінде б.з.б. 2-мыңжылдықтың 2-жартысынан бастап, б.з.б. 1-мыңжылдықтың басында шығысы Жайық өз., батысы Днестр өз.

ҚИМА МӘДЕНИЕТІ, қола дәуірінде б.з.б. 2-мыңжылдықтың 2-жартысынан бастап, б.з.б. 1-мыңжылдықтың басында шығысы Жайық өз., батысы Днестр өз., оңт. Қара т-ге, солт. Кама өз-нің сол жағалауына дейінгі аймақты мекендеген тайпалар қалдырған. Қ. м-нің кейбір ескерткіштері бұл аймақтан тыс жерлерде де кездеседі. Жерлеу ғұрыптары бірыңғай және қабір ішінің төрт жағын қиылған бөрене ағашпен қалап өріп шығару әдісі жаппай қолданылғандықтан, үй салу тәсілі біркелкі болғандықтан Қ. м. деп аталған. Мүрделер қабірге бір қырынан, тізесі бүгілген күйінде жатқызылған. Олардың жанына қойылған қыш ыдыстар қола мен тастан жасалған бұйымдарға қарағанда басым. Қыштан жасалған ыдыстар түбі жалпақ, бүйірі шығыңқы, кейбіреулері банка тәрізді болып келеді. Біразында геом. өрнектер бар. Қ. м-нің басты ерекшеліктері – жер өңдеу мен мал ш-ның дамуы, қола құю ісінің өркендеуі. Аңшылық барынша қанат жайған. Қ. м-не жататын ең негізгі қоныстар деп Волгоград маңындағы Ляпичев хуторындағы, Самара обл-ндағы Хрящевка дер. қасындағы, Ырғыз бойындағы ескерткіштерді атауға болады. Ляпичев хуторы маңындағы қоныстан 20 үй орны аршылған. Олардың үшеуі ұз. 15 – 20 м, ені 8 м-дей және тереңд. 1,5 м болатын жертөлелер. Көл. олардан кіші жертөлелер де аршылды. Үйдің ортасында ошақ болған, қабырғалар жанынан тіреуіштер қойылған. Қ. м. дәуірінде қоладан түрлі заттар (орақ, шалғы, балта, пышақ, жапырақ тәрізді үшкір қанжар, найза, тескіш, семсер, т.б.) жасалған. Металл шикізаты мұнда Солт. Кавказдан, Қазақстаннан, Оралдан әкелінсе керек. Мыстан, қоладан жасалған бұйымдар қоймасы Төм. Днепрдегі Князь-Григорьевка с-ның маңынан табылған. Ол жерден ондаған балта мен орақ, кен қазып алынды. Қ. м-нің шаруашылығы күрделі әрі әркелкі болған. Оған табиғи орта да әсерін тигізген. Археологтар негізінен сиырдың сүйектерін көптеп ұшырастырды. Сондай-ақ, қой, шошқа, жылқы сүйектері де кездеседі. Бұл шаруашылықтың негізгі түрі мал өсіру мен жер өңдеу болған деп пайымдауға мүмкіндік береді. Балықшылық пен аңшылық қосалқы рөл атқарғаны анық. Қ. м-нде негізгі қоғамдық ұйым жекеменшігі бар патриархалды отбасы болды. Бірнеше туыс  отбасылар ру құраған. Қ. м. кезінде көсемдердің қоғамдағы рөлі күшейді. Оны көсемдерге арнап салынған ірі-ірі обалардан байқауға болады. Үлкен тайпалық бірлестіктер әскері Балқан мен Кіші Азия жерлеріне дейін жаугершілік жорықтар жасаған. Мұндай бірлестіктер кейін кимерліктердің, одан кейін скифтердің қалыптасуына ықпал еткен. Бірқатар зерттеушілер Қ. м-не жататын тайпалар үнді-иран тілінде сөйлеген деген жорамал жасайды.

Әдеб.: Сальников К.В., Очерки древной истории Южного Урала, М., 1967; Гальперина Г.Р., Доброва Е.В., Популярная история археологии, М., 2002.

Ж. Құрманқұлов

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу: