Қимақтар

31 Тамыз 2014, 08:51

ҚИМАҚТАР, кимектер – түркі тайпасы. Қ. одағы 840 ж. Орт. Моңғолиядағы Ұйғыр қағандығы ыдырағаннан кейін құрылған.

ҚИМАҚТАР, кимектер – түркі тайпасы. Қ. одағы 840 ж. Орт. Моңғолиядағы Ұйғыр қағандығы ыдырағаннан кейін құрылған. Оның құрамына алғашқыда 7 тайпа кірді: эймур, имақ, татар, байандұр, қыпшақ (қыбчак), ланиказ, ажмад. Қ. (кимек) этнонимі алғаш рет 8 ғ-да аталады. Эймур тайпасы оғыздар арасында, 8 ғ-да он екі ұйғыр тайпалары арасында да айтылады. Ортағасырлық парсы тарихшысы Гардизи еңбегінде айтылатын имек (имақ) этнонимі 7 ғ-дағы қытай шежірелеріндегі яньмо деген түркі тайпасымен бір деп саналады. “Худуд әл-аламда” Қ-дың астанасы Имақия деп, ал басқа бір деректерде Кимекия (Қимақия) деп аталады. Одақ басшысы Гардизиде имек-байғу, ал әл-Масудидің мәліметтері бойынша – кимек-байғу ретінде белгілі. М. Қашқари оларды йемектер деп атаған. Қ-дың татарлар тайпасы бірінші рет отыз-татарлар деген атпен 6 ғ-дағы көне түркі жазбаларында келтіріледі. Басқа жазбаларда тоғыз-татарлар атымен мәлім. Олар 740 – 840 ж. Ұйғыр қағандығы құрамында болған. Қыпшақтар 8 ғ-дың ортасындағы руналық жазбаларда Қ-ға туыс деп көрсетіледі. Мұсылман деректемелерінде қыпшақ этнонимін алғаш рет Ибн Хордадбех 8 ғ-дағы түркі тайпаларының тізімінде айтқан. Ол қыпшақтарды Қ-дан бөлек тайпа деп атайды. М.Қашқари оларды тегі жағынан байланысы бар дейді. Қолжазба деректемелердегі байандұр этнонимі тұңғыш рет Гардизиде Қ. тайпасы ретінде ұшырасады. М.Қашқари мен Рашид ад-Дин оларды оғыз тайпасы деп айтады. Сірә, байандұрлардың бір бөлігі – Қ. құрамына, ал екінші бөлігі оғыздар құрамына кірсе керек. Қалған тайпалар туралы дерек мардымсыз. В. Минорский ланиказдарды нилказдар деп есептеген. Қимақ қағандығының қалыптасуы барысында Қ. тайпаларының сандық құрамы өзгерді. “Худуд әл-алам” мен әл-Идрисидің деректері бойынша, Қ. мемлекетінің ұйытқысы 12 тайпа болған. Қ-тарға қарасты аумақта қыпшақ бірлестігімен қоса 11 – 12 ғ-ларда жекелеген топтары қыпшақтардың рулық-тайпалық құрамына кірген кумандар да айтылады. Орта ғасырлардағы араб географтары кумандарды дербес этноним ретінде атайды. Қ. тайпаларының одағы полиэтник. құрылым болды. Оған түркі тілдес тайпалармен қоса татарлардың түріктенген топтары да кірсе керек. Қ. тайпаларының одағы қандас-туыстық байланыстарға негізделген құрылымға айналған жоқ, қайта аймақтық-әкімш. қатынастар принциптеріне негізделді. Бірлестік рулық-тайпалық құрылымдардан жоғары тұрды. Ондағы тайпалар бір-бірімен иерархиялық және вассалдық қатынастармен, қоғамның қатаң регламенттелген негіздерімен байланысты болды. Қ-дың көпшілігінің басты кәсібі көшпелі мал ш. болды. Қ-дың кейбір топтары Жайық пен Жемнің арасын қыстап, жазда Ертіс жағасын жайлап жүрді. Олардың жылқы, қой, ешкі, сиыр өсіргенін ортағасырлық авторлар және археол. деректер де растайды. Аң, балық аулаумен де айналысқан. Қ-дың қалалық тұрмысы туралы әл-Идриси шығармаларында да айтылады. Автор Қ-дың 16 қаласы жөнінде айтып өтеді. Қ. бидай, арпа, бадана, бұршақ, арпа, күріш өсірген, қолөнері дамыған. Мал терісінен түрлі аяқ киім, ыдыс, садақ қалтасы, қорамсақ, ер-тұрман әбзелдері, торсық-мес секілді заттар жасаған. Қауымның қатардағы мүшелері тұрмысқа, шаруашылыққа қажетті бұйымдарды өздері жасаған. Оларда құмыра жасау өндірісі де өркендеген. Оған қоса темір, күміс, алтын, мыс және асыл тастар өндірілген.

Әдеб.: Кумеков Б.Е., Государство кимаков ІХ – ХІ вв. по арабским источникам, А.-А., 1972; Қазақстан тарихы, 1-т, А., 1996.

Б. Көмеков

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу: