16 Маусым 2016, 12:19
Бүгін халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) қазақстандық ауыр атлеттердің – Лондондағы 2012 жылғы Олимпиада ойындары жеңімпаздарының допинг-сынамаларының екінші сараптамасының нәтижесін өз сайтында жариялады.
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы қазақстандық спортшылардың қанында тиым салынған допингтердің табылғанын хабарлады. Ережелерге сәйкес, допингке қарсы ережелерді бұзған спортшыларды Федерация уақытша спорттан шеттетеді. Федерация жақын арада Бейжіңдегі Олимпиада жүлдегерлерінің сынамаларына қайта жүргізілген сараптама нәтижесін хабарлайды. Егер спортшылардың допингке қарсы ережелерді бұзбағаны анықталса, тиісті шешім қабылданады.
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Лондондағы 2012 жылғы Олимпиада ойындары жеңімпаздарының допинг-сынамаларының екінші сараптамасының нәтижесі қазақстандық спортшылар 2012 жылы өткен Олимпиада ойындарының чемпиондары, ауыратлеттер Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедованың қанында төмендегі заттар табылғанын жариялады: допинг қолданды деген айыппен тергеу аяқталғанша жарыстардан шеттетілді.
Светлана Подобедова (KAZ) – Станозолол (S1.1 анаболикалық агенттер)
Майя Манеза (KAZ) – Станозолол (S1.1 анаболикалық агенттер)
Илья Ильин (KAZ) – Дегидрохлорметилтестостерон, Станозолол (S1.1 анаболикалық агенттер)
Зульфия Чиншанло (KAZ) – Оксандролон, Станозолол (S1.1 анаболикалық агенттер)
Бұқаралық ақпарат құраладары таяу уақытта Халықаралық Олимпиада комитетінің тәртіптік комиссиясының тыңдауы өтетінін, оның барысында Олимпиада марапаттарының тағдыры шешілетінін сонымен қатар атлеттерді Рио-де-Жанейро Олимпиадасына бару-бармауы мәселесі шешілетінін жазуда.
Бұл – ауыр атлетикадан Олимпиаданың екі дүркін чемпионы және әлемнің төрт дүркін чемпионы, еліміздің мақтанышы Илья Ильиннің алдынан шыққан алғашқы қиындық емес. Ол олимпиадада алғашқы алтынға қол жеткізгеннен кейін киім үлгісін жарнамалап, «Екі жұлдыз» жобасында өнер көрсеткен болатын. Сол аралықта ол аздаған уақыт спорттан қол үзіп қалған еді. Чемпионның аяғынан шалғысы келгендер де көп болды. Бірақ, ол сонда да мойымады. Оның жеңіске деген ұмтылысы мен құштарлығы, жаттығу залында төгілген өлшеусіз тер мен еңбектің арқасында 2012 жылы Ұлыбританияның Лондон қаласында өткен Олимпиада ойындарында 94 келі салмақта қоссайыста 418 келіні бағындырып, 2 дүркін Олимпиада чемпионы атанғаны бәріміздің есімізде.
Көк туымызды биікте желбіретіп, еліміздің Әнұранын еңіреп тұрып шырқаған толағай батыр осылайша өзінің қашан да бабында жүретінін мойындатты. Илья Ильин үш салмақта (85, 94 және 105 келіге дейінгі) әлем чемпионы атанған жалғыз спортшы екенін біз мақтанышпен айтамыз. Илья – өзі қатысқан халықаралық жарыстардың бірде-бірінде жеңіліс таппаған. Ол Қазақстандық ауыр атлет спорттық мансабында жасөспірімдер арасында үш әлем рекордын, жастар арасында бір рет, ересектер арасында төрт рет әлем рекордын жаңартқан спортшы. Толағай батыр спорттағы жетістігі үшін «Отан», «Құрмет» және «Барыс» ордендерімен марапатталғанын айтпай кетуге болмас. Илья Ильин Қазақстан спортында екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған жалғыз спортшы екенін біз зор мақтанышпен айтамыз.
Ауыр атлетикадан Олимпиаданың екі дүркін чемпионы және әлемнің төрт дүркін чемпионы, еліміздің мақтанышы Илья Ильин әлеуметтік желідегі инстаграм парақшасында допинг дауына қатысты мәлімдеме жасады.
Илья – миллиондардың сүйіктісі, ол қазақтың маңдайына біткен толағай батыры. Әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин ауыр атлетиканың халықаралық федерациясының шешімі бойынша 2014 жылдың үздік ауыратлеті атағын иеленгенін айта кеткен жөн.
Илья Ильин 2014 жылы Алматыда ауыр атлетикадан өткен Әлем чемпионатында тек зілтемірді емес, күллі қазақ рухын аспандатқан еді. Ол тек рекорд жаңартып қана қоймай, төртінші мәрте Әлем чемпионы атанғаны әлі есімізде. Дәл осы айтулы оқиға туралы Нидерландтық Frontpage.fok.nl порталы Ильинге арнаған толық мақаласында чемпион туралы былай деп жазған еді: «Ауыр атлет Илья Ильин осыған дейін де Қазақстан мен әлемдік ауыр атлетиканың көзі тірі аңызы болса да, осы сенбі күні ол өз жанкүйерлерін «мәңгілікке» бақытты етті. 26 жасар қазақ Алматы қаласында әсерлі жарыста 105 келі салмақта қарсыластарынан шынында да жоғары болды». Міне, шетелдік журналистер көзі тірі аңызға балаған батырымыз шын мәнінде қазақ елін «мәңгілікке» бақытты ете алды.
Сегіз күн бойы әлем назарын өзіне аударған әлемдік дода – Алматыда ауыр атлетикадан өткен Әлем чемпионатында Илья зілтемірдің қасына келіп, демін ішіне тартып, 242 келі салмақты төбесінен асырып, тік көтергенде барша қазақ жұрты «Міне, нағыз рекорд! Нағыз қайсар рух! Нағыз алып күштің иесі!» деп таңдай қаққан еді. Чемпион осылайша, төрт дүркін әлем чемпионы атанды.
Ильиннің бұл ерлігіне тек ел ғана сүйінген жоқ. Елбасы да сүйініп, сол сәтте телефон арқылы тамаша жетістігімен құттықтағаны бар. Бұл – толағай батырға деген Елбасының ерекше ықыласының, құрметінің белгісі. Ильин жеңісін әуелі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан халқына арнайтынын атап өткен еді.
Байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап келе жатқан тума талант, ұлтымыздың мақтанышы – Ильяның есімі қазақ халқы үшін қашан да биік. Илья допинг дауы айналасындағы кедергіге еш мұқалмайтынына барша қазақстандықтар сенеді. Себебі, Илья – миллиондардың жүрегін жаулаған чемпион, Қазақстанның спорт тарихындағы құбылыс.
Айша КЕРЕЙ