Илон Маскқа ұсыныс жасаған экс-әкімге қатысты тергеу аяқталды

18 Мамыр 2023, 11:33 784

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Кентау қаласының экс-әкімі Ращид Аюповқа қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Антикордың ақпаратынша, экс-әкім 2013 жылы премьер-министр кеңсесінде істеп жүргенде ірі жекеменшік компанияның меншік иесін жауапты лауазымды тұлғаларға аса ірі сомада пара беруге көндірген. Осы үшін құрылыс бойынша тендерде жеңісті қамтамасыз етуге уәде берген. Алайда ақшаның барлығын өзіне қалдырып, бір бөлігіне Астанадан жаңа үй, қымбат тұратын автокөлік және бірнеше жүк техникасын сатып алған.

Оның әрекеттері аса ірі көлемде пара беруге арандату және алаяқтық ретінде сараланды. Ол тергеу сотының санкциясымен қамауда отыр, -делінген хабарламада.

Қылмыстық іс материалдары қабылданған шешімнің заңдылығын тексеру және одан әрі сотқа жолдау үшін Астана қаласының прокуратурасына тапсырылды.
Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.
 
Антикор Конституцияның 77-бабы 3-тармағы 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденбегенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептелетінін еске салды.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан қаласы мен Кентау қаласының әкімі болған Рашид Аюпов бірнеше айдан бері уақытша тергеу изоляторында қамауда отырғаны белгілі болды.

Рашид Аюпов 2022 жылдың 17 қазанынан бері Астана қаласы бойынша түзеу қызметі департаментінің № 64 (СИЗО) аралас күзет мекемесінде қамауда отыр.

Ол әкім болып тұрғанында миллиардер Илон Маскке үндеу жолдап, Twitter-де жариялаған еді. Аюпов Түркістанда Tesla зауытын салуды ұсынған еді.

 

Алмас Абылай
Бөлісу: