Ілияс Есенберлин "халық жауының" қызына қалай үйленді?

27 Желтоқсан 2023, 11:00 4749

"Көшпенділер" секілді керемет тарихи туынды қалдырған жазушы Ілияс Есенберлиннің өмірі де шым-шытырыққа толы. Бала күнінен жетімдіктің тауқыметін тартып өскен болашақ қаламгер үйленер тұста да тәуекелге барған екен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кеңестік цензураның жасанды кедергісіне қарамай, қазақ тарихының тамырына қан жүгірткен жазушы отбасын құрарда да батылдық танытыпты. Мұны алаштанушы ғалым Тұрсынбай Жұртбайдан естіп, жас жазушы Арман Әлменбет жариялаған болатын.

Тұрсын Жұртбайдың айтқаны: "Ілияс Есенберлин туралы естелік айтыңыз деп ұрпақтары келді. Айтып отырып, көзіме жас келді. Оған себеп болған — есіме түсіп кеткен мына бір әңгімесі...

Ілекеңнің жары "халық жауының" қызы болған. Соның зардабын Ілекең де тартқан. Содан сұраймын ғой, "Халық жауының" қызы екенін біле тұрып, неге осы кісіні алдыңыз?" деп. "Соншалықты күшті мәхаббат болды ма?" деймін. "Жө-өқ-қ" дейді Ілекең... Содан соң ойланып барып әңгімесін бастайды: "Бір күні көшеде келе жатсам, көзіне мұң ұялаған бір қыз келе жатыр екен. Мұңлы болғанда да мұңлы. Тоқтатып, бірнәрсе сұраған болып назарын өзіме аударып едім, көзі шынында да бұрын мен көрмеген мұңлы көз екен. Содан соң сыртынан сұрастырып біліп алдым, араласа бастадық. Өзім де ойлағандай, "халық жауының" қызы болып шықты. Көзіндегі мұңы бір сәтте пайда болатын мұң емес, әбден бойына сіңіп қалған мұң екен. Уақыт өткен сайын жүрегім жіби берді. Ақыры бір күні "сені аламын, тиесің бе?" дедім. Қыз жылады. "Мені алсаңыз күніңіз күн болмайды ғой" деді. "Тәуекел, аламын" дедім. "Жалғыз шешем бар ғой" деді. "Мейлі, шешең қолымызда тұрсын, өле-өлгенше бағып-қақ" дедім. Шешеммен ақылдасайын деді. Бір-екі күннен соң шешесінің алдына бардым. "Қайда істейсің, балам?" деді. "ЦК-да". "Ойбу-у" деді. "Сорыңды қайнатады ғой". "Бәріне дайынмын, тәуекел" дедім. "Жарайды, тек бұл байғұсты жылатып тастап кетуші болма". Сөйтіп, осы кісіні алғанмын. Шешесі қайтқанша қолымызда тұрды".

Ілекеңнің осы әңгімесі есіме түсіп көзіме жас келмесі бар ма... Мені қолтықтап алып, одақтың үшінші қабатында әрі-бері жүріп әңгімесін айтатын. Сондай бір күні айтқаны ғой. Қазақтың бір қызының бағын ашамын деп істегені ғой..."

Осы ретте El.kz ақпарат агенттігі тілшісі Ілияс Есенберлиннің жары кім болды деген сұраққа тоқталып өтсе:

Жазушының жұбайы Диляра Жүсіпбекова - 1920-1930 жылдары белгілі совет-партия қайраткері, жазушы, Сәкен Сейфуллиннің қызметтесі, Қазақстандағы бірінші Әділет халық комиссары, ең бірінші болып Николай Островскийдің "Құрыш қалай шынықты?" романын қазақ тіліне аударған Хамза Жүсіпбековтың қызы.

Тарихи деректерде Хамза Жүсіпбеков 1938 жылы 26 ақпанда І. Жансүгіров, Б. Майлинмен бірге атылды десе, басқа деректерде Х. Жүсіпбеков пен С. Сейфуллинді түрмеде күзетуші иттерге талатып өлтірген деген мәліметтер келтіріледі.

Айтпақшы, Ілияс Есенберлин АЛЖИР лагерінде айдауда жүрген енесі Рәбиға Жүсіпбекованы үйіне қайтарып алған. Бұл ақпарат сол кезде жансыздарға жетіп, олар НКВД-ға баяндаған. Осыдан кейін Есенберлинге он жыл лагерьге үкім шығарып, Қарақұм су арнасы құрылысына жіберіледі. Тек 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін басталған саяси жылымықтан соң, лагерьден босап шыққан.

Ілияс пен Диляра үш қыз және бір ұл тәрбиелеп өсірді. Ең үлкен қызы Раушан Есенберлина қазір Алматыда, екінші қызы Қарлығаш Есенберлина Бельгия астанасы — Брюссельде тұрады. Татар ұлтының өкіліне тұрмысқа шыққан. Кіші қызы Дильфруза Есенберлина Алматыдағы әкесінің үйінде.

Ал ұлы Қозыкөрпеш Есенберлин көпшілікке танымал. Ол "Әлем систем" компаниясының, "Әлем Банк" сынды ірі қаржы инситутының иесі болған. Айтпақшы, Қозыкөрпеш Есенберлин Алматыдағы №25 орта мектепте ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Ресей саясаткері, биыл дүниеден өткен Владимир Жириновскиймен қатар оқыған.

Ілияс Есенберлин 1915 жылы Ақмола облысындағы Атбасар қаласында дүниеге келген. Жазушының балалық шағы аштық жалмаған зұлмат заманға тап келіп, 5 жасында тұл жетім қалған. Айдауға кеткенше, ол өлең жазса ("Айша" (1945 жыл) және "Сұлтан" (1949 жыл) поэмалары, "Алғыс өлеңдер жинағы" (1949 жыл), жазасын өтеп келген соң прозаға көшті ("Адам туралы повесть" (1954 жыл), "Өзен жағасында" (1960 жыл).

1958 жылдан "Қазақфильм" киностудиясында редактор, 1962 жылдан "Қазгослитиздат" мекемесінде редактор, 1967 жылдан"Жазушы" баспасында директор, содан Қазақстан жазушылар одағының хатшысы (1971-1975 жылдары) болып қызмет атқарды.

1975 жылдан бастап толық шығармашылық жұмысқа көшіп, 16 жылда 15 роман дүниеге әкелген.1969 жылы "Қаһар", 1971 жылы "Алмас қылыш", 1973 жылы "Жанталас" романдарын жазды. Олар 15-ші ғасырдан 19-шы ғасырдың ортасына дейінгі қазақ тарихы суреттелген "Көшпенділер" трилогиясына біріктірілді. Өмірінің соңында жазушы "Алтын Орда" трилогиясын жазды (1982-83 жылдары).

Жазушы 1983 жылы Алматыда дүние салды.

Алмас Абылай
Бөлісу: