Ильин, Сүлейменова, Ұранхаев және Ахметов тергеледі

14 Маусым 2023, 12:03 5097

Абай облысындағы орман өртіне байланысты қылмыстық іске қатысты бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс кулуарында журналистер Өмірәлиевтен "Абай облысындағы орман өртіне байланысты қанша қылмыстық іс қозғалды және осы қылмыстық істерде бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменованың статустары қандай?" деп сұрады.

Істің шеңберінде өз қызметтеріне салғырт, немқұрайлы қарап, осындай ауыр зардапқа жол берген барлық лауазым иелері жауапқа тартылады. Бұл іске байланысты басқарушы органдар ғана емес, басқа да өкілдер тергеуге алынады. Қазіргі уақытта өңірдегі өртті сөндіру маңыздырақ болғандықтан, олар өрт аймағында жұмысын жалғастырып жатыр. Өрт аяқталған соң, барлығы тергеледі, - деді Жандос Өмірәлиев.

Қызметінен босатылған «Юрий Ильин жауапкершіліктен құтылып кетпей ме?» деген сұраққа:

Бұл қылмыстық іс бойынша әлі ешкімнің іс-әрекеті сараланған жоқ. Әлі ешкім қылмыстық іс бойынша дәрежеленген жоқ, - деп жауап берді.

Ол қылмыстық істің 292-бабына сәйкес өрт қауіпсіздігін бұзғаны үшін және үш және одан көп адамның өмірін қиғаны үшін тергеу жұмыстары басталғанын да айтты.Бұл ретте БАҚ өкілдері "аталған лауазымды тұлғалардан жауап алынды ма?" деп сұрады.

Жауап алынуға тиіс тұлғалардың көбі, ол жерде тек басшылық құрам ғана емес, орта буындағы басшылық құрам да бар, өртті сөндіру жұмыстарына қатысып жатыр. Сол себепті біз оларды қазір мазалап жатқан жоқпыз.Олардан міндетті түрден жауап алынады. Қазір басқа тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, - деді бас прокурордың орынбасары.
Миражан Махан
Бөлісу: