30 Маусым 2014, 11:29
Екi армияның мұншалықты ұзақ уақыт табан тiресе соғысуын одан бұрынғы да, одан кейiнгi де тарих бiлген емес. Трояның тарихта болған қала екендiгiн немiстiң әуесқой археологы Генрих Шлиман 1863-жылы қазба жұмыстарының нәтижесiнде дәлелдеп бердi. Оның орны қазiргi Түркия территориясында, Жерорта теңiзiнен бес шақырымдай қашықтықтағы төбеде жатыр. Яғни, Троя қырғынының да тарихта болған оқиға екендiгiне дау жоқ. Ғалымдар әлi күнге он екi қабат қала-қорымның қай қабаты «Илиададағы» Трояға тиесiлi екендiгiн анықтай алмай дал. Бiрақ бүгiнгi тарих соғыстың шығуына ақындар шабытынан туындаған алтын алманың ешқандай да кiнәлi еместiгiн нақты айта алады. Ахейлiктер мен троялықтар арасында қанды қырғынның тұтануына Иллионның (Трояның тағы бiр атауы. «Илиада» атауы осыдан шыққан) үлкен сауда орталығы ретiнде тиiмдi жағрапиялық нүктеге орналасуы себеп болған-ды. Үш құрлық – Азия, Еуропа, Африканың теңiз және далалық керуен жолдары осы жерде түйiсетiн. Қысқасы, ахейлiктер Трояға алтын алманың кесiрiнен қашып кеткен аруды емес, шын мағынасындағы алтын алманың - байлықтың өзiн iздеп аттанған болатын. Қалғаны ақындардың шаруасы едi. Олар Платонның (б.д.д. 428-348 жж.) ақындарға қоятын талабын толық ақтап шықты. «Ақын, ол егер шынымен ақын болса, бәдiк ақыл айтып уақыт алмай, мифтер тудыруға тиiс». Обалы кәне, көне грек ақындары тiлдерiн безеп-ақ бақты. Оларды түсiнуге де болады. Өйткенi грек қала-мемлекеттерi өзара бiрiккенде ғана қуатты саяси және әскери күшке айнала алатындығын байқатқан. Өз халқының патриоттары ретiнде грек ақындарының мұндай оқиғадан тыс қалуы, оны жырламауы мүмкiн емес-тi. Бiрақ ақындар соғыстың шынайы себептерiн мифологиялық реңктермен көмкерiп, әлдебiр тұспал мағыналармен шебер астастырып жiбердi. Егер Троя қырғынының тарихи хронология бойынша бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 1200-шi жылдары болған оқиға екендiгiн ескерсек, уақыттың ақындардың пайдасына жұмыс iстегендiгi анық. Гомердiң өзi осы оқиғадан кемi төрт ғасырдай кейiн өмiр сүрген жан едi. Ұлы жәдiгер екендiгiне қарамай «Илиаданың» тұтас туындының бiр тарауы ғана сияқты болып сезiлетiндiгi де сондықтан. Троя қырғыны, жалпы алғанда, ауыздан ауызға, ұрпақтан ұрпаққа көшiп отыз ғасырдай уақыт бойы жырланып келдi. Бiрақ бiздi қызықтыратыны «Илиаданың» көркемдiк құндылықтары немесе гекзометрлiк өлең өлшемдерi емес, ондағы прототүркiлер тарихына қатысты-ау деген деректер ғана.
Неге екенi белгiсiз, басқа құдайлардай емес, бағзы грек ақындары соғыс тәңiрiсi Арейге шүйлiгiп-ақ бағады. Қолдарынан келсе, оны әжуалап қалуға құмар. Ожар мiнездi құдай жiгiттiң, тiптi, кейбiр тұстарда ажалды пендеден таяқ жеп мұрны қанап қалатын кездерi де бар. Мұны әдебиетшiлердiң Арейдiң троялықтар жағында соғысатындығымен ұғындырғысы келетiндiгiн жақсы түсiнемiн. Қарсыласының өзiнен бiр саты болса да жоғары тұрғандығын кiм жақсы көре қойсын. Осылай деп тұжырымдай салуға да болар едi-ау, бiрақ мәселенiң астары одан тереңiректе жатқан секiлдi. Кезектi ой үстiнде маған соғыс тәңiрiсi Арейдiң прототипi Троя жағында одақтас болып соғысқан әлдебiр белгiсiз халықтың тотемi емес пе екен деген пiкiр келген. Жебiрей тiлiндегi «aris» сөзi «қасқырлар үйiрi» деп аударылатындығын бiлгенiмде, бұл пiкiрiмнiң дұрыстығына көзiм тағы да жете түскендей болды. Иудеяны бiр кездерi гректердiң басып алғаны тарихтан жақсы белгiлi. Екi халықтың арасындағы мәдени қарым-қатынастың да жоғары деңгейде болғандығына күмән жоқ. Мұндайда iрiлi-ұсақты алыс-берiс бола беретiн. Яғни, гректердiң соғыс тәңiрiсi есiмiнiң жебiрейлiк нұсқасын қабылдаған болуы да әбден мүмкiн. Кiм бiледi, бәлкiм, қазақтағы Бекарыс, Жанарыс, Ақарыс секiлдi кiсi есiмдерiнiң құрамындағы арыс сөзi де қасқыр не бөрi деген мағынаны бiлдiретiн болар. Арыс сөзiнiң ер кiсiге ғана қолданатындығын ескерсек, бұл болжам негiзсiз де емес сияқты. Қасқырға байланысты арлан атауында бiрiншi буынның ар болып келетiндiгi де осындай ойға бастайды. Яғни, Троя түбiндегi қырғынға қатысты тайпалардың бiрiнiң туында қасқыр сұлбасы бейнеленген деп батыл айтуға болады. Және олардың байырғы түркiлер екендiгiне де күдiк тумаса керек.
Алдыңғы және таяу Азия, берiсi кiшi Азия көне тарихында көрнектi iз қалдырған белгiсiз халықтардың санатында қар ұлысы да аталады. Осы ұлыстың Троя түбiндегi шайқасқа қатысқандығында күмән жоқ. Гомер «Илиадасында», сегiзiншi жырда мынандай жолдар бар:
«Теңiз жаққа қар жасақтары,
қисық садақты пеондар,
Және де тәңiрi тектес лелег, кавкон,
пеласг қосындары беттеп келедi».
Осында аталған ұлыстардың бәрi – Трояның одақтастары. Яғни, қарлар да Троя жағында соғысқан. Ал олардың Алтайдан шыққан халық екендiгi туралы екiншi ғасыр тарихшысы Птоломей жазбаларында нақты дерек бар. Страбон да қарлар миграциясы туралы әңгiме қылғанда осы пiкiрдi растайды. Яғни, Алтайдың қашаннан баба түркi бесiгi болғандығын еске алсақ, қарлар түркi тектес халық болған. (Еш нәрсе iзсiз жоғалмақ емес. Менiңше, «Илиаданың» көне түркiлiк нұсқасы болған болуы да әбден мүмкiн). Қарлардың Троя қырғынынан бертiнiректе, яғни бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi бесiншi ғасырға дейiн Жерорта теңiзi мен оның жағалауларына үстемдiк етiп келгендiгi көне дәуiр тарихынан жақсы белгiлi. Оларды Крит пен Кипр аралдарынан бiрiккен грек флотилиясы ғана ығыстырып шығара алды. Бағзы бiр кездерi Кипрдiң Алаш деп аталғандығы да мұнда түркiлердiң болғандығынан хабар беретiндей. Иә, бiздiң бабаларымыз теңiзде жүзудi жақсы бiлген. Олар мықты жауынгер де едi. Жалпы қарлар ержүректiлiмен аты шыққан халық-ты. Прототүркiлердiң (бәлкiм, скифтер) керемет теңiзшi болғандығына көнегректтердiң «зәкiрдi» (якорь) скиф Анақарыс ойлап тауып едi» деуi де тамаша айғақ.
Өкiнiштiсi сол, бiздiң қолымызда қарлардың туында қасқырдың сұлбасы бейнеленгенi туралы нақты дерек жоқ. Бiрақ оны iздеудiң қажетi де шамалы сияқты. Өйткенi Троя қырғынына бiр емес, бiрнеше прототүркi тайпалары қатысқан деуге негiз бар. Солардың бiрi Троя патшасы Приамның туысы, атақты «Энейда» поэмасының («Энейда» - рим ақыны Вергилийдiң поэмасы.Онда Энейдiң Трояны қорғауда көрсеткен ерлiк iстерi, Троя құлағаннан кейiнгi қайғы мен қасiретке толы өмiрi сөз болады) кейiпкерi Энейдiң соңына ерген ұлыс секiлдi. Түркiлiк қасқыр мифi мен тотемiнiң көне түркiлiк нұсқасын Аппенин түбегiне апарған да, сол төңiректегi тайпалармен бiрiгiп (этрускiлер) Римнiң негiзiн қалағанда, Рим тарихына қаншық қасқыр бейнесiн телiп берген де осы бiр тайпаның жасампаздыққа толы ерлiк сапары болса керек. Әйтпесе гректерде әжуа болып жүрген соғыс тәңiрiсiнiң римдiктер ұғымында Юпитерден кейiнгi (Юпитер – Римнiң құдайлар пантеонындағы бас құдай) екiншi орынға шыға келгендiгiн қалай түсiндiруге болады? Әрине, бiр ғана себеппен. Ол Римнiң негiзiн қалаған халықтардың бiрiнiң сыйынатын кие-құдiретi болғанда ғана. Және осылай болғандығы да ақиқат. Бұған қосымша мынандай болжамды да ұсынуға болады. «Илиададағы» Энейдiң троялық емес, Троя патшасының басқа жақтан келген одақтас туысқан екендiгiн ескерсек, осы бiр қаһарманның ата-тегiн сол кездерi Қара теңiздiң оңтүстiгiн мекендеген скифтерден (Геродот дерегiндегi) таратуға әбден болатын секiлдi. Энейдiң көшпелi болмаса да малшылар қауымынан екендiгiн осы қаһарманның Ахилеспен жекпе-жекке шығарда өз ата-тегiн таныстырып сөйлейтiн сөзi де айғақтай түсетiндей. Ол «бабам Эрахтонның (Бәлкiм Ерiктон шығар) үш мың, иә, анау-мынау емес, үш мың жылқысы болған және жер бетiндегi ажалды пенделер iшiндегi ең бай кiсi едi» деп мақтанады. Ажалмен бетпе-бет келiп тұрғанда тек көпшелi ғана осылай желпiнуi мүмкiн-дi. Оның үстiне Трояны қорғауға скиф тайпалары қатысып едi деген болжам да шындыққа толық жанасады. Жалпы, Троя түбiнде кiмдер өлiмге басын тiкпедi. Балканнан да, Африкадан да, арысы Скандинавиядан да белгiсiз халықтардың осы жерге өз қосындарын аттандырғаны анық-ты. Асылы, Гомер дастаны мен Геродот дерегiн өзара байланыстыратын түйiн де осы болса керек. Осы жерде көне Грецияның екi ұлы перзентiне өкпе-наз айта кеткен де орынды. Гомер қасқыр тотемiн Ареймен байланыстырып жiберсе, Геродот осы тотемнiң таңбасын Марс қылышымен шатастырып алды.
Маған қасқыр мифi мен тотемiнiң шығу төркiнi туралы бұдан бұрын да жазуға тура келген (Тәңiрi, Құдай ие және қасқыр туралы, «Қазақ әдебиетi», 1997 ж, № 48). Онда аңыздың негiзiнде Күн жүйесiнде болған ғарыштық апат жатыр деген болжам айтқан болатынмын. Жебiрей құдай иесiнiң (Иегова) Синай тауында Мұса пайғамбарға негiзгi он қағиданы түсiретiн мезгiлiнде осы апатпен байланыстырғанмын-ды. Иә, осы апат жер бетiндегi барлық халықтың дүниетанымы мен мифологиясында өшпес iз қалдырды. Осындай iз көне грек мифологиясында да болуы мүмкiн. Өйткенi Гомер соғыс құдайы Арейдi «Илиадаға» кейiпкер қылып енгiзгенде, осы апат туралы аңызды негiзге алған iспеттi. Арейдiң, Марс планетасының грекше атауы екенiн ескерсек, «Илиададан» Троя қырғынымен бiр мезгiлде жүрiп отыратын пленаталар аралық қақтығыс туралы желiнi де аңғаруға болады.
Әрине, бұл желi дастанға оның көркемдiк деңгейiн арттыра түсу үшiн көп кейiн енгiзiлдi. Дастанға осы желiнi енгiзерде Гомердiң ғарыш апаты туралы түркiлер арасында айтылып жүрген аңыз әңгiменi естiген болуы да әбден мүмкiн. Түркi аңызының бас кейiпкерi жебiрей құдайы Иегова да, гректiң соғыс тәңiрiсi Арей де емес, кәдiмгi қасқыр едi. Яғни сұңғыла Гомердiң соғыс құдайы Арейдiң прототүркiлiк қасқыр тотемiнiң дәл өзi екендiгiн аңғармауы мүмкiн емес-тi. Сол себептi де Троя түбiндегi қырғында соғыс тәңiрiсi туына қасқыр сұлбасы бедерленгендердiң жағына шығып кеттi. Оған ақын қиялы кiнәлi едi. Өз кезегiнде прототүркiлер де өздерiнiң қасқыр тотемiмен тамырлас гректiк Тәңiрiден хабардар болған деуге болады. Әйтпесе, Римнiң негiзiн қалаған прототүркiлер өз тотемiн Марспен астастырып жiбермес едi ғой.
Иә, Ромул мен Рем туралы аңыз да, Марстың скульптуралық пантеондарда қасқыр үйiрiнiң ортасында бейнеленетiндiгi де халық жадының жасампаздығының жарқын мысалы болатын.
Сөз орайы келгенде айта кетейiк, менi Эней баспаналаған Карфаген қаласы Қарлар қаласы болар-ау деген ой түртпектегелi де бiраз болды. Мысалы, Қаркент болуы да мүмкiн ғой. «Кент» сөзi парсы тiлiнде қала, шаһар деген мағынаны бiлдiредi. Бiрақ көне латын тiлiнде адам, адамдар, халық деген мағынаны бiлдiретiндiгiн де ұмытпаған жөн. «Илиададағы» Троя төңiрегiнде Қарқара атты шыңның кездесетiндiгi де қызық. Дастанда:
«Кронұлы (Зевс) Идаға, аң-құстың
нулы-сулы анасына,
Тоғайы мен құрбандықханасы
орналасқан Қарқараға келiп, жүйрiк
сәйгүлiктерiнiң тiзгiнiн тартты»,
— деген жолдар бар.
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»