Халықаралық беделді мәжілістерде, саясат сахнасында, биік мінберлерде қазақ тілінің өзге тілдермен тең дәрежеде тыңдалуына мүмкіндік алып берген мамандық – ілеспе аударма. Былайғы жұрт байыбына бара бермейтін бұл кәсіпті, керек десеңіз, мемлекеттің өзінің ғана емес, тілінің де тәуелсіздігінің көрінісі деп жатады. Осы бір аса күрделі кәсіп елімізге егемендікпен бірге келді, қазақ тілінің «қаны қайта толыға бастаған» кездері қолданысқа енді. Ал осы «қазақтың ілеспе аудармасы» дегенде есімізге есімі бірден оралатын бірегей тұлға бар. Ол – «Құрмет» орденінің иегері, аудармашы, жазушы, ақын, журналист Камал Әлпейісова.
Білікті маман әлі күнге дейін синхроншы болып қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеп келеді. Аударма саласындағы асқан шеберлігін саяси қызметте ғана қолданған жоқ, көптеген шетелдік шығарманы қазақша сөйлетті. Өзінің де авторлық туындылары лайықты бағасын алып жүр. Камал Әбілқасымқызы қызметі, шығармашылығы және руханияттағы өзекті мәселелер төңірегінде El.kz тілшісіне сұхбат берді.
El.kz: Әңгімені екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерекше қабілетіңіз – ілеспе аудармашылықтан бастасаңыз. Көпшілікке таңсықтау кәсіп туралы қандай мәлімет бере аласыз? Өзіңіз осы салада қанша жыл, қандай орындарда еңбек еттіңіз?
Камал Әлпейісова: Ілеспе аударма – аударманың ең жас саласы. Ол дамыған елдерде, еуропа мен АҚШ-та ХХ ғасырдың орта шенінде пайда болды. IWM компаниясының патенті. Кәсіпорын мұны тауарларын бірнеше тілде насихаттау үшін ойлап тапқан. Одан кейін 1935 жылы Санкт-Петербург қаласында физиологтардың бүкіләлемдік конгресінде тұңғыш рет қолданылды. Белгілі академик И.Павлов жасаған баяндама сол жерде 35 тілге аударылып отырыпты. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Сол конференцияның суреті архивте бар. Қарасаң, құрал-жабдықтың бәрі басқаша, аудармашылар мойындарына ауыр бір аспап іліп отырып сөйлеген. Ілеспе аударма содан кейін тоқтап қалады. Халықаралық аренаға қайтадан шыққан кезі – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі атақты Нюрнберг процесі басталған тұс. Фашист қылмыскерлерін сотқа тарту кезінде қылмыскерлердің, куәгерлердің сөздерін БҰҰ-ның сол кездегі бес тіліне аудару қажет болды. Үлкен процесте ізбе-із аударма ығыстырылды. Оны пайдаланса, қаншама уақытқа созылып кетер еді. Әр адамның сөзін бес тілге кезекпе-кезек аударып отыру мүмкін болмады. Сондықтан ілеспе аударма таңдалынып, үлкен команда нәтижелі жұмыс істеді. Содан кейін ілеспе аударманың адамзат өміріне аса қажет екеніне көз жетсе керек.
Ал бізге ілеспе аударма Тәуелсіздікпен бірге келді. Ол өз ішімізде ана тілімізге деген сұраныс пайда бола бастағанда қолға алынды. Конституцияға "мемлекеттік тіл – қазақ тілі" деп жазғанымызбен, сол кезде атқарушы билікте орыстар, басқа ұлт өкілдері және қазақ тілін білмейтін бауырларымыз өте көп болды. Дегенмен, сонау жылдары ұлтжанды депутаттар – Әсия Беркенова апамыз, Шерхан Мұртаза, Балғабек Қыдырбекұлы секілді ағаларымыз қазақ тілінде ғана сөйледі, сондықтан оны орыстілді әріптестеріне ілеспе аударма арқылы жеткізудің қажеттілігі туындады. Былайша айтқанда, осы кісілер Қазақстандағы ілеспе аударманың пайда болуына зор ықпал жасады. Олар депутаттық сауалдарын қағидалы түрде қазақ тілінде жолдап отырды. "Неге біз отырысты мемлекеттік тілде жүргізбейміз? Ата заңда белгіледік емес пе. Неге біздің үніміз ана тілімізде жетпейді?" деген сынды өткір сындарын ұдайы айтып жүрді. Міне, сол өз тіліміздегі депутаттық сауалдарды қазақшадан орысшаға аударған Қазақстандағы алғашқы ілеспе аудармашы алдыңда отырған апаң болды… Мен сол кезде Жоғарғы кеңесте қызмет істейтінмін. Қазақтілді депутаттар үні көпшілікке ұғынықты жету үшін, атқарушы орындар оны орындауы үшін әуелі түсінуі керек. Бірақ ондай дайын тұрған маман болмады да, "ой, сен орысша-қазақша жақсы білесің ғой, ілеспе аударма жаса" деп, маған бұйрық берді. Ол кезде ұсыныс жасалмайды ғой. Дедектетіп алып барып, сол уақытта орысшадан қазақшаға аударатын синхроншы Злиха Тамшыбаева деген апамыздың сөйлегенін тыңдатты да: "Міне, осылай сөйлейді, соны сен орысшаға аударасың, күнімен отырасың пульт басында", – деп, жаңа "қызметіммен" таныстырды да кетті. Не керек, күнделікті психологиялық, техникалық дайындықпен жүріп, оған да үйрендік. Ол кезде жиындар таңнан кешке дейін болатын. Тәжірибесі толығыспай жатқан мені құтқарған бір нәрсе – қазақша сөйлейтіндердің аздығы. Кейде күніне бір адам, әрі кеткенде 4-5 адам ғана ана тілімізде сөз алады. Негізі, қазақша-орысшаны еркін сөйлегенім рас, тек бұл салаға әлі төселе қоймаған кезімде қобалжыңқырайтынмын. Кейін жаттыға келе, орысшадан қазақшаға аударып жүрген әріптестеріме көмектесе бастадым. Ілеспе аударманың жазылмаған заңы бойынша, олар 30 минут сайын ауысып тұрады. Өйткені тамағың шаршайды, салдарынан тілің күрмеледі, содан жұмыс сапасы нашарлайды. Үзілістің өзінде де сөйлемей отыру керек. Жылы су, сүт ішіп, тамақты қалпына келтіру қажет. Бірақ мені алмастыратын адам болған жоқ.
El.kz: Мұндай маманнан қандай қабілет, сапа талап етіледі?
Камал Әлпейісова: Ең бастысы, білім керек. Сөйлемді сауатты құрай білуің қажет. Екіншіден, ол саясат па, экономика немесе медицина саласы ма – кез келген уақытта аударуыңа тура келетіндіктен, терминдерден жан-жақты хабарың болуы шарт. Жалпы, ілеспе аудармашы бүкіл саланы терең игеруі тиіс. Сосын, ең мән берілуі керек нәрсе – қазақы дыбыстарды анық айту. Бізде әлі күнге дейін "ң" әрпін айта алмайтындар, "қ"-ны "х" деп айтатын, "бақыттыны" "бахытты" деп сөйлейтіндер көп. Содан кейін міндетті түрде реакцияң мықты болуы қажет. Адам сөйлеп жатқан кезде оның басталған сөйлемі немен аяқталатынын болжай алатын қабілетпен қарулануың керек. Мәселен, футбол кезінде қақпашы доптың қай бұрышқа қарай ұшатынын алдын ала болжап, қағып алып жатады ғой, біз де сол тәрізді тәсілге жүгінеміз. Сосын еске сақтау қабілеті өте жақсы болуды талап етіледі. Өйткені сөйлеп тұрған адамның екінші сөйлемінен бастап аудара бастайсың. Бірінші сөйлемін аударып жатқаныңда ол тоқтап тұрмайды, екінші сөйлемі жадыңа жазылып, миыңда тәржімаланып, аузыңнан өзі шығып отыруы тиіс. Бұған қоса, дауысыңның өте әуезді болғаны жөн. Тыңдаушы адамның құлағына жағымды естілуі керек… Тағы бір ескерерлігі, мінбеге шыққан адам жұртқа сөзін әсемдеп жеткізу үшін, көпшілік назарын аудару үшін шешен сөйлеуге тырысады, түрлі цитаталар келтіреді, өлең үзінділерін оқиды, бұрын өткен ғалым-ғұламалардың сөздерін дәйекке келтіреді, соның бәрінен хабардар болуға тиістісің. Олардың бәрін оқымасаң да мазмұнын табан астында қиюын келтіріп аударуға қабілетті болуың керек. Қандай да бір үлкен іс-шаралардың аңдатпасы шыққан сәттен бастап ізденіске кірісу жұмысты едәуір жеңілдетеді. Аудармашылық – тұнып тұрған еңбекқорлық. Айта берсем, қыр-сыры өте көп, бірақ негізгі талап етілетін қабілеттер осы. Мұның бәріне машықтану үшін миды қажетсіз, артық ақпараттардан таза ұстау – ілеспе аудармашы боламын деген адамның міндеті.
El.kz: Ілеспе аударманың Қазақстандағы бүгіні мен болашағы туралы қандай пікір айтасыз? Жалпы, елімізде осы мамандыққа дайындайтын оқу орындары бар ма?
Камал Әлпейісова: Қазақстанда әлі күнге дейін ілеспе аудармашы аз. Біздің елдегі ешбір жоғары оқу орны мұндай маманды дайындаған емес. Тек қана Абылайхан атындағы әлем тілдері университетінде соңғы жылдары ілеспе аударма кафедрасы ашылды. Бірақ мен соны бітірген түлектердің өз мамандығы бойынша қызметке келгенін көрмеппін. Себебі Қазақстандағы ауқымды іс-шалардың 80 пайызында мен аударма жасадым. Қазірдің өзінде осы кәсіпті жалғастырып жүрмін. Синхронистер дайындайтын ЖОО болмауы бір кедергі болса, екіншісі – бұл саланың өте қиын екендігі. Оған баруға екінің бірінің жүрегі дауаламайды. Оның үстіне, кезінде бұл қызмет үшін ақы төленген жоқ. Біз ұзақ жылдар бойы тегін жұмыс істедік. Ақылы жұмыс екенін кейінірек білдік. Төлем талап еткенімізде қазақы ортада мұнымызға аспаннан түскендей таңдана қарайтын. Мынадай қызық оқиға болған. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығында ЮНЕСКО көлемінде үлкен халықаралық конференция өтті. Сол жылы 12 шілдеде анам қайтқан еді, ал мына іс-шара 25 тамызға белгіленді. Сонда менің бөлім меңгерушім, белгілі әдебиетші, сыншы Зейнолла Серікқалиев ағамыз маған: "Камалжан, мына конференция үшін ақы төлейді екен, сен анаңның қырқына барасың ғой, қалтаңа қаражат болады", – деп ұсыныс айтты. Келістім. Өзімнің халықаралық деңгейдегі ең алғашқы аудармашылық тәжірибем де осы болды. 5 тілде ілеспе аударма жасалды. Қайым Мұхаметқанов, Ғарифолла Есім, Әбділдин сынды қазақтың аса ірі ғалымдары, И.Тасмағамбетов және басқалары – ұзын саны 8 адам баяндама жасады. Соларды орыс тіліне аудардым. Оның үстіне, сол кезде Қызғызстанның Люксембургтағы елшісі болып жүрген әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовты тәржімаладым. Ол мінбеде қырғызша сөйледі. Елді сағынып келгенін, қазақ-қырғыздың тел ұлт екенін, Әуезовтің шәкірті екенін, Манас жырын қазақ ғалымдарының қорғап қалғанын – бәрін толқып тұрып айта келді де, содан кейін орыс тіліндегі негізгі баяндамасына көшті. Қызық болғанда, одан кейін Өзбекстан ғылым академиясының президенті ортаға шығып, "Абайдың "Ескендір" поэмасына Ә.Науаи шығармасының ықпалы" деген тақырыпта баяндама жасады. Ал мен өзбекше білмеймін. Қалған аудармашылар маған аңқайып отыр. Тосылып қалдым. Сосын ілеспе аудармада мынадай тағы бір жазылмаған заң бар: "Микрофон үнсіз қалмауы керек! Ең нашар аударма, мүлдем аударма жасалмағаннан жақсы!" Мен баяндамашыны орыс тіліне аудармасам, менен кейінгі тәржімашылар да ләмсіз қалып, бүкіл зал құлаққа ұрған танадай болайын деп тұр. Тығырықтан шығу үшін сол жерде өзбекше білмейтінімді айтып кешірім сұрап, баяндаманың тақырыбын оқып, одан ары поэманың мазұнын тарқатуға кірістім де кеттім. Түстен кейін талқылау болды. Не дер екен деп тыпыршып тұрғанымда "самая лучшая находка!" деген қошеметке бөлендім. Конференция біткеннен кейін басқа әріптестерім секілді ақымды сұрасам, "қазақ тілінен аударғандарға берілмейді" дейді. "Бұнысы қалай?" "Әуелден солай" дейді. Тіпті: "Айналайын-ау, Абай өзіңнің бабаң емес пе?" деп қу шөппен ауыздарын сүртті. Басшылығы да, басқасы да ат-тондарын ала қашты. "Биыл Абайдікі өтсе, басқа жолы Жамбылдікі келер, бәрібір маған алдыма өтінішпен жүгінерсіздер, сол кезде мен де ойласамын" дедім де, бұрылып кете бардым. Артымнан келіп, тиесілі ақымды әкеп берді… Өжет болу, қағидаңда тұра білу де керек екен. Шәкірттеріме осыны үнемі үлгі етіп айта жүремін. Қазіргі таңда сенатта да, мәжілісте де менің шәкірттерім отыр. Бірақ қазақ тілінен орыс тіліне аударатын аудармашылардың саны әлі де аз. Сол аздың 95 пайызы – менің тәрбиемнен шыққандар. Ал шет тілінен аударатын ілеспе аудармашылар көп қой. Өйткені оларды дайындау бұрыннан бар. Әйткенмен, мен де болашақта қатарымыздың көбейе түсетініне күмән келтірмеймін.
El.kz: Өзектілігін жоймай келе жатқан ең басты мәселе – ана тілдің жайы. Бірақ, қалай десек те, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына қарағанда ахуалдың көп жақсарғанын тағы жоққа шығара алмаймыз. Ата Заңға "мемлекеттік тіл – қазақ тілі" деп таңбаланған кезінен бастап, оның қолданыс аясының кеңеюіне ілеспе аударманың тигізген ықпалы туралы тарқатып бересіз бе? Сосын, "Қазақ тілі іс-қағаздың, экономика мен ғылымның тілі емес" дейтін пікірлерге не айтасыз?
Камал Әлпейісова: Ілеспе аударма неге керек дейсіңдер ғой? Ол – кез келген жиынның қазақ тілінде жүргізілуіне, оның баяндамалардан бастап, жарыссөз, пікірталас, сұрақ-жауапқа дейін еркін пайдаланылуына мүмкіндік беретін тәсіл. Мемлекеттік тілдің беделін биіктетуші өнер. «Қазақ тілі – тұрмыстық тіл» деген стереотипті жоюға көмектесетін, халықаралық деңгейдегі биік мінберлерден қазақ тілінің естілуіне жол ашатын да – осы ілеспе аударма. Біз ілеспе аударманың өмірдің бар саласындағы жиындарда ана тілімізде сөйлеп, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін берік орнықтыратын осы әлеуетін пайдалануымыз керек. Қазақ тілі үлкен ғылыми жиындардың, үлкен саяси мәжілістердің жұмыс тілі болуы тиіс. Қазіргі кезде, менің қуанатыным, үлкен конференцияларда бізге визитка тәрізді нәрсе беріледі де, онда: "бірінші канал – қазақ тілі, екіншісі – орыс тілі, үшінші кезекте ағылшын тілі" деген нұсқама арналар көрсетіледі. Бұның өзі елеусіз дүние емес, біз соған қол жеткіздік. Момындау халықпыз ғой, "әй, жарайды, онда тұрған не бар?" дей саламыз көбіне. Ал мен бірінші орыс тілі, екінші қазақ тілі тұрса, міндетті түрде барып дауласамын. "Какая разница?" дейді қақшаңдап. "Разница большая! Это Республика Қазақстан, госязык – казахский язык" деймін мен өз тілдерінде. Сондықтан жұмыс барысында да көзге көрінбейтін осындай күрестер жүріп жатады. Қазақ тілі бірте-бірте еңсе көтеруі үшін, шын мәніндегі мемлекеттік тіл болуы үшін үлкен еңбек керек. Ол үлкен жұмыстардың бәрі тау қопарарлық жойқын істерден емес, майда болса да анағұрлым пайда әкелетін әрекеттерден бастау алады.
Мен ілеспе аудармаға келген кезде Зейнолла Серікқалиұлы: "Сен бір тілден екінші тілге емін-еркін өте береді екенсің, екі тілде таза сөйлейсің, -деп лебіз айта келіп, – бізде болашақта іс-қазағдардың бәрі қазақ тілінде жазылатын болады, жиналыстар қазақша өтеді, сол кезде сен сияқты екі тілге бірдей қабілетті адамдар анау түсінбейтіндерге аударып тұратын синхронист болуы керек", – дегені бар. Сонда ішімнен "о, мына кісінің қиялын-ай, фантазиясын қараңыз" деп сенімсіздік білдіргенім есімде. Ол 90 жылдар болатын. Қазір, міне, сол кісінің айтқаны келді, іс-қағаздар қазақша жүріп жатыр. Мысалы, өзім куәмін, бүгінде парламенттің сенатында жиындар міндетті түрде қазақша жүргізіледі. Ол жерде ана тілімізде сөйлейтіндердің саны да 80-90 пайыздай. Мемлекеттік тіл тұғырына қонар күн алыста емес деп сенемін.
El.kz: Әйткенмен, қоғамда қазақ тілін дамытуға тиісті қадамдар жасалмай жатқанын айтатындар, оған билікті айыпты санайтындар көп қой?
Камал Әлпейісова: "Тіл дамымады", "үйретілмеді" немесе "үйрену қиын" деген пікірлерді көп естимін, оқимын. Мұның бәрін кінәмшілдік көзқарастар деп айтар едім. Бір мысал келтірейінші. 2015 жылы Оралда халықаралық конференция болды. Соған Колумбиядан, толық есімін ұмытып отырмын, Фриман-ау деймін, бір профессор мейман келді. Сол баяндамасын қазақша жасады, сосын жартысына келгенде орысшаға, одан кейін ағылшыншаға ауысты. Сөйтті де: "Келесі келгенде баяндаманы толық қазақша жасауға уәде берем" , - деді. Кейін кешкі аста мені сол кісінің дастарханына отырғызды. "Қазақшаны қалай үйрендіңіз, қандай оқулықты пайдаландыңыз, қандай әдістерге жүгіндіңіз, ұстазыңыз бар ма?" деп қызығушылық танытып жатырмын. Ол кісі көзінің қиығымен қарап тұрып: "Ал интернет не үшін керек?" – деді маған. Мұхиттың арғы жағында отырып, интернетпен тіл үйренген. Ал біз Қазақстанның өзінде отырып сылтау іздейміз. Біз көңілге қарағыш халықпыз ғой, орыс болса, өзіміз жобалап бірінші орысша сөйлеп кетеміз. Ал "сен менімен бір ауыз қазақша сөйлесші?" деп сұраймыз ба? Президент әкімшілігінде басқа ұлт өкілінен әріптесім болды. Ылғи: "Камал апай, менімен тек қазақша сөйлесіңіз", – дейтін. Қазір қазақша керемет сөйлейді. Қысқасы, бүгінде оқулық та жетіп-артылады, орталық та көп, мұғалім де бар, ынта ғана жоқ.
Өткен бір жолы Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының отырысында ілеспе аударма жасадым. Маған ұнағаны, жиынды жүргізіп отырған Алтыншаш Табылдина есімді жас депутат: "Біздің отырысымыз мемлекеттік тілде жүргізіледі, ілеспе аударма жасау қамтамасыз етілген. Тек қазақ тілін білмейтіндердің ғана орысша сөйлеуіне рұқсат", – деді. Одан кейін қазақтың қай азаматы да «ана тілімді білмеймін» деуге намыстанады ғой. Сол жиналыста 4 әлде 5-ші болып әлдебір басқарма басшысы орысша сөйледі. Сөйлеп болғаны сол еді, жаңағы жүргізуші: "Біз жиналыстың басында "қазақша білмейтіндер ғана орысша сөйлейді" деп айттық емес пе? Сіз неге талабымызды бұздыңыз?"- деді. Әлгі баяндамашы: "Кешіріңіз, сіздің ескертпеңізді қабылдаймын, енді қайталанбайды", – деп, қазақ тілінде тап-таза жауап берді. Сонда, көбі осылай инерциямен орысша сөйлеп кете береді екен ғой. Бұл талап бүкіл мәслихаттарға қойылса, қандай тамаша болар еді! Десек те, қазіргі кезде, байқаймын, ақырындап қозғалыс бар. Әрине, басқалар секілді қазақ тілінің қазіргі деңгейіне мен де толық қанағаттанбаймын, бірақ ілгерілеу де жоқ емес қой. Тіліміздің қолданыс аясы кеңімей отырса, оған басқа ұлттан гөрі өзіміз кінәліміз деп ойлаймын. Өзіміз қазақша сөйлемейміз. Кең ауқымды жиындарда ұлттық құндылықтар жөнінде сөйлеп жатқан профессорларды үнемі көріп жүремін, танимын да. Солардың өз балалары қазақша сөйлемейді. Соны біле тұра мінбеге қалай шығады екен? Қалайша қазақ тілінің проблемасын көтереді екен? "Мемлекеттік тіл дамымай жатыр" дейтін адамдардың өз отбасы қазақша сөйлей ме? Мәселе сондан басталса керек.
El.kz: Сіз бір сұқбатыңызда "Ұл мықты болса, мемлекеттің діңгегі де мығым тұрмақ" депсіз. Жалпы, бала тәрбиесі жөнінде жиі сөз қозғайсыз. Демек, ұлт руханиятынан олқылық сезілсе, ол ұрпақ тәлімінің осалдығынан ғой?
Камал Әлпейісова: Әлбетте. Кешегі біздің Ахаңдардың, басқа да алаш қайраткерлерінің өзге ұлт қыздарына үйленгенін бәріміз білеміз. Бірақ олар діндеріне кіргізді, тілді білгізді, солай ғой. Ал қазіргілер басқа ұлтқа үйленбек түгіл қаланың орыстілді қызымен отау құрса-ақ өздері бастап орысша сөйлеп кетеді. Еркек мықты болуы керек. Жалпы, өзімнің жанды тақырыбым (ілеспе аудармадан кейінгі) – Ұл. Қоғам сапасын арттыру үшін ұлдарымыз мықты болуы тиіс. Мықты ғана емес, білімді, табысты болып, сол жігіт қыздардың қол жетпес арманына айналуы керек. Ал жігіттеріміз "маған өмірлік жолдас болғың келсе, менің тілімде сөйлейсің, салтымды ұстайсың" деп талап қойса, ғашық адам орындамай не істейді? Жастар ортасында да ылғи осыны айтып жүрмін. Республиканың бірнеше облысында ассамблеяның "Қазақтану" жобасы бойынша дәріс оқығанымда мен "Ұл – ұлттың ұстыны" тақырыбын әдейі таңдап алдым. Біз "қызға қырық үйден тыю" дегенді айтамыз да, ұл жайына қалады. "Әй, бірдеңе қылар, ауылда мал бақса да, трактор айдаса да өлмес" деп, ұлдарды оқытпай-тоқытпай, еркіне жібереміз, өтірік емес қой. Асылында, тәрбиені екеуіне тең беру керек. Сөйте тұра, ұлдарға ұлтшылдықты, ұлтты сүюді басымырақ үйрету қажет. "Қыз бен ешкінің жүрмейтін жері жоқ" дейді қазақ, бұлай деп неге айтқан? Өйткені баяғыда екі елдің арасындағы елшілік, қарым-қатынастарды үзбеу мұратымен, құдандалы болуды көздеп қыз берген. Қытайға да, Ресейге де кеткен қыздарымыз бар емес пе, тарихтан білеміз. Колчактың анасы қазақ болған, мәселен. Ал сол жерге барған қыздардан туған балалар қазақша сөйлеген жоқ. Қолданысымызға әбден еніп кеткенімен, бір жолы "жалпы, қазақ тілін "ана тіл" емес, "баба тіл" деу керек, біздің бабалардың тілі" деген пікір айтқан едім. Сосын, бізде ру да, тек те – бәрі де ұл арқылы өрбиді. Шежіресін әйел арқылы тарататын еврей емеспіз ғой. Сондықтан, біздің салт-дәстүріміз де, тіліміз де – рухани дүниелеріміздің барлығы ұлдың линиясымен жүруі керек.Соған сәйкес, қайталап айтайын, ұлдар мықты болуы тиіс.
El.kz: Ұрпақ тәрбиесі туралы тереңірек қаузалған "Ұл есейсе, қыз өссе" атты аударма кітабыңыз бар. Бұл ғана емес, осы тәрізді әлеуметтік тақырыптағы бірнеше еңбекті тәржімалапсыз. Осы тұста әңгіме ауанын басқа арнаға бұрғымыз келіп отыр. Жалпы, түбі бір болғанмен, ауызша аудармадан шығарма аударудың жөні бір басқа ғой. Қандай және қанша жазбаша еңбекті қазақша сөйлеттіңіз?
Камал Әлпейісова: Парламенте 21 жылым саяси ілеспе аудармамен өтті. Сөйте тұра мен, мақтанғаным емес, мәтін аудармасына келгенде де алдыма жан салмаймын дей аламын. 2003 жылы республикалық байқауға қатысып, соның Гран Приін жеңіп алып, "Қазақстанның ең үздік аудармашысы" атандым. Саяси мәтіндерді қалыптасқан дағдым бойынша тез аударамын. Мысалы, он бет мәтінді сапалы қылып бір күнде тәржімалап беремін. Ал енді көркем туындыларды өте аз аудардым. Ең алғашқы аудармам, өзің әлгінде айтқан тәрбиелік-танымдық мазмұндағы "Ұл есейсе, қыз өссе" шығармасы болды. Одан кейін "Шаңырақ" атты энциклопедияның он баспа табағынан артығын мен аудардым. Содан кейінгі өте үлкен еңбегім – 2004-2006 жылдардағы "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында әлемге әйгілі ғұламалардың, философтардың іріктеліп алынған шығармаларын қазақшалағаным. Маған Демокрит, Аристотель, Платондарды ана тілімізде сөйлету тапсырылды. Философияны аударудың қаншалықты ауыр екенін сол кезде сезіндім. Он бетті ойнап-күліп отырып аудара салатын адам, мейлінше қиналып, бір күнде 2-3 беттен ғана тәржіма жасаған күндерім болды. Әрине, жауапкершілік, сапа жағын басты орынға қойғаннан кейін нені аударып отырғаныңды терең түсіну қажет. Сол үшін философиялық кітаптарды оқып, сөздіктерге жүргініп, жатпай-тұрмай ізденгенім бар. Осыларды аударып болғаннан кейін "Қазақстан" баспасын басқарған Нұрмахан Оразбеков атты өте білікті аудармашы маған тағы өтініш жасады. Ол кісіге тапсырыстан бас тартқым келетінін айттым. "Қалқам, маған министрліктің іріктеп берген аудармашыларының ішінде іліп алар 3-4-ақ адам бар, соның бірі өзіңсің", – деп қолқа салды ағамыз. Қанша қарсылық білдіргеніме қарамай, құнын екі есе төлейтінін айтып, ақыры көндірді. Сөйтіп, ол жолы Бенедикт Спиноза, Джон Лок, Блез Паскаль секілді батыстың ойшылдарымен "бейнеттенуге" тура келді. Сапалы аударып шықтым. Кейін оңаша ойға шомып отырып, "әр адам өз қабілетін бағалай білуі керек екен ғой, Нұрмахандай аудармашы маған өтініш жасап жатса, менің жақсы аудармашы болғаным емес пе" деп өз-өзімді жұбаттым.
Ал көркем шығармадан әуелі "Гарри Поттерді" аударуға көңілім ауды. Бұл аталмыш туынды алғаш шығып жатқан кездер еді. Балаларыммен қосыла оқып, кейін "мына туындыны қазақтың қарадомалақ балалары оқыса, қандай тамаша болар еді, қиял дамытатын дүние ғой" деп, іштей дайындық жасап жүрдім. Алғашқы томының электронды нұсқасын жүктеп алдым. Бірақ аудармаға кірісудің сәті түспеді. Авторлық құқығын алу өте қиын шаруа екен. Оның құнының қымбаттығы тағы бар. Сол күйі тоқтап қалды. Бірақ қазір басқа авторлардың аудармасындағы қазақша нұсқасы оқырман қолына тиіп жатыр ғой. Бұдан соң Ақтөбе облысында ілеспе аударма курсын өткізуге барғанымда Т.Ахтанов атындағы драма театрдың жетекші актрисасының өтінішімен Стефан Цвейгтің "Письмо незнакомки" деген шығармасын аударып бердім. Ол кезде де 37 бет әңгімені тәржімалауға үш ай уақыт жұмсадым.
El.kz: Сіздің ақындық қабілетіңізден де хабардармыз. Оның сыртында прозашы, журналист екеніңізді де жұрт біледі… Біз ұмыт қалдырған басқа тағы қандай қырларыңыз бар, Камал апа?
Камал Әлпейісова: Жалпы, қазақтың кез келген баласы төрт жолды ұйқастыра алады ғой. Поэзияның хас тарландарын оқығаннан кейін өзімді ақынмын деп айтпаймын. Өлеңді өзім үшін, сезімім лықсып келгенде жазамын. Ал арнайы тақырыпқа өлең шығарайын деген ой ешқашан мазалап көрген емес. Бірақ тыңдаған жұрт өлеңдеріме жақсы баға беріп жатады. 7-8 өлеңіме ән жазылды. Оның ішінде "Қостанай, өрлеп, өсе бер" деген туындым Қостанайдың 140 жылдығында бас жүлде алды. 60-қа келгенде жалғыз өлең кітабым шықты. Оның өзін шәкірттерім "апай, өлеңдеріңіз әр жерде қалмасыншы" деп қолқалап жүріп, шығаруға ықпал жасады. Ал, негізі, әңгіме жазғанды жаным сүйеді. Оны да кештеу бастадым. "Әйел адамның бір қолында қалам, бір қолында қазан" дейді, қазанға көбірек мән бердім. Балалар аяққа тұрғаннан кейін, бос уақыт пайда бола бастан соң жазуға кірістім. "Айтылмаған әңгіме" атты кітабым 2014 жылы Еуразия университетінің мониторингімен "Астана қаласының жастары ең көп оқитын кітап" аталымын жеңіп алды. Мұндағы әңгімелер ойдан шығарылмаған, бәрі өмірімде болған оқиғалармен сабақтас дүниелер. Бәлкім, оқырмандарға ұнайтынының сыры да осында шығар. Журналистік қырыма тоқталар болсам, мен, расымен, мақаланы көп жаздым және олар мойындалды. "Егемен Қазақстан" газетіне 2009 жылы "Ұл" деген мақалам шыққанда, бас басылымды ұзақ жыл басқарған эстет жазушы Сауытбек Әбдірахмановтан жылы лебіз естігенім бар. Редактордың орынбасары Жұмагүл Солтиева деген кісі қоңырау шалып: "Камалтай, жаңа Сәукеңнен шықтым, ол кісі "мына мақаланы үтір-нүктесіне тимей шығарыңдар" деп айтты. Мақтана бер, мұндай сөзді ешкім естіген жоқ ", – деп қуантқан еді. Сосын, қай мақаламның да жарияланбай қалған кезі болған емес. Өйткені, "тисе терекке, тимесе бұтаққа" деп, көрінген қараны қаламға іле бермей, өзекті тақырыптарға ғана ден қоямын. 2018 жылы журналистер арасындағы байқаудан бас жүлде алғаным сол талғампаздығымның жемісі шығар деп ойлаймын. Жеңімпаз мақала елдегі ынтымақ-бірлік тақырыбына арналған еді. Осылайша, апаң бас қойған қай салада да жеміссіз болып жүрген жоқ.
El.kz: Әңгімеңізге көп рахмет!