Икрам Хашимжанов: Қазақ пен өзбек тілі арасында 12% ғана айырмашылық бар

1 Мамыр, 14:40 1194

Қазақстанда әртүрлі ұлт өкілдері өмір сүреді: қазақтар, орыстар, татарлар, өзбектер, украиндықтар, грузиндер, армяндар, шешендер, ингуштер, белорустар, кәрістер, қырғыздар, тағысын тағы. Олардың көбі - ХХ ғасырдың бірінші жартысында миграция, жаппай депортация, эвакуация кезінде жер аударып келгендер. Тәуелсіздік алғалы әлі де елге қоныс аударып немесе жұмыс істеуге келген этнос өкілдерін құшақ жая қарсы алуда. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ҚР «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестіктері қауымдастығының басшысы Икрам Хашимжановпен тілдесіп, мерекеге қатысты пікірін білді.

El.kz: Сәлеметсіз бе, Икрам мырза! Бүгін елімізде «Қазақстан халықтарының бірлігі» күні тойлануда. Мерекеге қатысты көзқарасыңыз қандай? Тойлайсыз ба?

Икрам Хашимжанов: Бүгін - Қазақстан халықтары этностарының бірлігін нығайтушы күн! Мерекеге көзқарасымыз оң. Сол себепті атаулы датаны жоғары деңгейде өткізуді мақсат етіп отырмыз. Ассамблея мүшелерінің қатысуымен үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылмақ ниетте.

El.kz: Қазіргі таңда Қазақстанда қанша өзбек ағайын өмір сүруде?

Икрам Хашимжанов: Қазақстанда 750 мыңға жуық этнос өкілдері тұрады. Олар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып татулықта өмір сүреді.

El.kz: Тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізге Өзбекстаннан тұрақты түрде қанша адам қоныс аударды? Қаншасы елге қайтты?

Икрам Хашимжанов: Тәуелсіздік алғалы Қазақстанды мекендейтін өзбектердің бірең-сараңы елге оралғаны рас. Бірақ олардың үлесі қазақ жерінде қалған өзбек бауырларымызға қарағанда едәуір аз. Дегенмен олардың өзі қазақ елін, қазақ жерін аңсап, сағынады деп ойлаймын. Себебі олар – Қазақстанда туып, бұрыннан өмір сүріп жатқан дешті қыпшақ өзбектері. Бұрын Қазақстан халық Ассамблеясы жыл сайын ақпараттық кітап шығаратын еді. Кітапта «Қазақстанды мекендейтін өзбектердің 90%-ы жергілікті халық болып есептеледі» деген жазба бар.

El.kz: «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестіктері қауымдастығының іргетасы қашан қаланды? Осы уақытқа дейін қандай маңызды істер атқарылды? Бірлестіктің негізгі қызметіне тоқталып өтсеңіз?

Икрам Хашимжанов: Өзбек этномәдени бірлестіктері қауымдастығы 1995 жылы құрылды. Негізін қалағандардың бірі - Бақтияр Қадірбеков мырза. Бүгінде ол Алматыда тұрады. Сондай-ақ қауымдастықтың бой көтеруіне Шукуролла Қажымұхамеджанов, Тұрдалы Османов, Бегмат Тұрдықұлов деген ағаларымыз септігін тигізді.

«Дустлик» мәдени бірлестігіне 2017 жылдан бері төрағалық етіп келемін. Оған дейін 1999 жылдан бастап 2017 жылға дейін Оңтүстіктегі өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы болып қызмет еттім. Қауымдастықтың негізгі мақсаты - мемлекетіміздің барлық облыс және қалаларындағы өзбек этномәдени бірлестіктерінің басын қосып, Мемлекет басшысының саясатын халық арасына түсіндіру, үгіттеу, насихаттау. Осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстар көп. Солардың бірі - 2003 жылдың 23 қазан күні Шымкент қалалық өзбек драма театрының ашылуы.

El.kz: Президент төрағалығымен Ассамблеяның кезекті сессиясы өтті. Іс шара барысында біраз маңызды тақырып тілге тиек етілді. Мәселен, еліміздегі қызыл сумен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қатысқаны белгілі болды. Осы орайда қауымдастық тарапынан су басқан аймаққа қандай көмек көрсетілгені жайлы айта кетсеңіз?

Икрам Хашимжанов: Жақында Қазақстан халық Ассамблеясының 33-сессиясы өтті. Президент баяндамасында су басқан елді мекендер мен ауылдарға ҚХА волонтерлары көмек бергені жайлы айтылған еді. Расымен де, Ассамблея еріктілерінің атынан зардап шеккендерге 117 млн теңгеге заттар жіберілді. Мәселен, дәрі-дәрмек, резеңке етіктер, балалар жөргектері, жиһаз, матрас, жастық, көрпе секілді тұрмыстық бұйымдар жөнелтілді. Осыған орай Мемлекет басшысы жұдырықтай жұмылып, көмек қолын созғанымыз үшін разылығын білдірген еді. Президент жыл сайынғы Қазақстан халық Ассамблеясы сессиясындағы баяндамаларында өңірлердегі облыстар, қалалар, көршілес мемлекеттермен жақсы көршілік байланыстарды дамыту қажеттігін айтады. Осы мақсатта екі мемлекет арасында меморандум түзілді. Бұл 2018 жылдың 27 маусымында Астанада Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында ҚХА және Өзбекстан Республикасы мәдениет министрлігі құрылысы жанындағы ұлтаралық татулық және көршілес мемлекеттермен достық байланыстарын нығайту комитеті меморандумға қол қойған болатын. Бұл меморандум екі мемлекеттің тұлғалары, жазушы-ақындарының мерейтойын атап өту, екі мемлекет арасындағы мәдени іс шараларды дамыту, халықтың бір-біріне деген ізетін арттырудан тұрды.

El.kz: Сессия отырысында нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күрес маңыздылығы айтылды. Осы кеселдерді түп-тамырымен жою үшін қандай іс-әрекеттердің қолға алынғаны дұрыс деп ойлайсыз?

Икрам Хашимжанов: Президенттің бүгіннің басты кеселдері жайлы айтып өткені орынды болды. Шын мәнінде жастар лайықты дәрежеде тәрбие көрмей, нашақор, маскүнем болып өссе, болашақта зиянды әдеттерден арылту қиын болады.  Сол себепті іс насырға шаппай тұрғанда, мәселені бүгіннен қалдырмай қолға алған жөн. Бұл мәселе төңірегінде арнайы комиссия жұмыс жасауда. Әсіресе қазірде тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасының қоғам назарында екені айдан анық. TikTok әлеуметтік желісін ашып қалсаң әйелін төмпештеген, балаларын бір шыбықпен айдаған видеоларды көріп, көңіл құлазиды. Сол себепті осы тектес әрекеттерді заң аясында жазаға тарту керек.

Сессиядан кейін жастармен кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. 11-сынып оқушыларымен бас қосып, этносаралық қарым-қатыстарды жақсарту, маскүнемдікке берілмеу, лажы болса білім алып, мәдениеттілікке ұмтылып, төзімділікке шақырмақ ниеттеміз. Осы бастан жастар тәрбиесіне ерекше ден қойған жөн.

El.kz: Президент жастар Ассамблея қызметіне тың серпін әкелетінін айта отырып, құрылымдары мен этномәдени бірлестік басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындауды ұсынған еді. Осыған пікір білдіре кетсеңіз. Ұйым жұмысына жастар жаңа леп әкеледі деп ойлайсыз ба?

Икрам Хашимжанов: Жастар – ел тірегі. Десе де, Ассамблея құрамына жастар қатарын қосу оңай шаруа емес. Біздің қызметте мықты дипломат, сөзге шешен болу керек. Халықтың алдына шығып, назарын өзіне қарата білгені абзал. Екі адам сөзге келіспей қалса, олардың арасына түсіп, жарастыруға ұмтылу керек. Сондықтан біздің салаға жастарды тарту қажет деп есептеймін.

El.kz: Мемлекет басшысы қазақ тілі уақыт өте этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенім білдірген еді. Сіздің қазақ тілінде еркін сөйлейтініңіз қуантады. Тіл меңгеруге қызығушылығыңыз қашан, қалай оянды?

Икрам Хашимжанов: Өзім ауылда өстім. Біздің ауылда өзбек, қазақ, түрік, әзербайжан, орыс, татар сияқты этнос өкілдері өмір сүрді. Есімде қалғаны, мектеп жанында үлкен стадион болатын. Сабақтан келіп, үйге берілген тапсырмаларды орындап, стадионға шығып кететінбіз. Сол жерде басымыз бірігіп, бір-бірімізбен сұқбат құратын едік. Одан қалды футбол, воллейбол ойнап, арасында асық атысатын кездеріміз де болды. Сол кезде қазақ балалармен ойнап, тілді еркін меңгеріп кеттім. Әйткенмен, 10 жыл таза өзбек мектебінде оқығаным тағы бар. Кезінде «Казахстанская правда», «Социалистік Қазақстан» деген газеттер болатын. Сол кезде жұмысымдағы бастықтың газет қарауға уақыты болмай, үнемі өзім оқып беретінмін. Кейіннен Шымкенттегі облыстық қоғамдық саяси газеттің бас редакторының орынбасары қызметінде 7 жыл жұмыс істедім. Қазақ тілін еркін меңгерген соң, бүгінде басылымдарда мақала жариялап, пікірлер жазып тұратыным бар.  Стилистикасы мен орфографикасын сәл түзеулеп жіберсе болғаны. Қазақ тілі - біз үшін ортақ тіл. Себебі өзбек пен қазақ тілі арасында 12% ғана айырмашылық бар. Өзбек тілін жақсы меңгерсеңіз, екі тілді де жақсы игере алатыныңыз хақ.

Мемлекеттік тіл туралы қаншалықты көп айтсақ та, артық етпейді.  «Дустлик» қауымдастығы жыл сайын «Мемлекеттік тілді білу – парызым», «Мемлекеттік тіл - достық дәнекері» деп аталған республикалық байқауларды ұйымдастырады. Байқауға жыл сайын 23-25 адам қатысып, бақ сынасады. Бұл - оқушылар арасында өтетін жарыс. Сайыс жеңімдаздарына бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табысталады. Сертификаттар жеңімпаздарға ұсынылған соң, төменгі шекті баллдан кем болмаса, университетте 4 жыл тегін оқуға түсе алады. Яғни мемлекеттік тілді жіті меңгеріп, қазақ халқының салт-дәстүрін, мақал-мәтелдерін жақсы білсе осы сертификатты иеленеді. Ойлап қарасам, осы уақытқа дейін ата-аналардың 330 млн-нан астам қаражатын үнемдеп берген екенмін. Мектеп жасындағы балалардың мемлекеттік тілге қызығушылық танытқанын қалаймын. Тіл білген адамнан жамандық шықпайды. Кей кездері қазақ мақал-мәтелдерін айтсам, «өзбексің ба? қазақсың ба?» дейтіндер болады. «Бұрын бәріміз – ұлыс-ұлыс болып өмір сүрген халықпыз. Ұлтқа бөлінгеніміз кеше ғана» десем, бауырларым таңдай қағысады. Қазақ тілді жақсы білуіме Мәскеуде екі жыл бойы 60 қазақтың арасында 1 өзбек болып қызмет етуім де себеп болды. Әскердегі жолдастарым «бір өзбектің өзі қазақтан артық қазақша біледі» деп әзілдейтін. Міне, өмірлік тәжірибем - осындай. 20 немерем болса, барлығын дерлік балабақшадағы қазақ тобына берер едім. Бір аптада әнұран айтып шырылдап тұрса, қандай керемет болар еді. Сол себепті мемлекеттік тіл білім-ғылымның, технологияның дамуына өз үлесін тигізетініне сенімдімін.

El.kz: Қоғам арасында Қазақстан халқы Ассамблеясы өз миссиясын орындап болды деп, халыққа берер пайдасына күмән келтіретіндер бар. Осы тақырыпқа көзқарасыңыз қандай?

Икрам Хашимжанов: Қоғамда «күріш күрмексіз болмайды» дейді. Кейде бәзбіреулер Ассамблеяның жұмысына күмәнмен қарап жатады. «Қысқартайық, тарқатайық» деген ұсыныстар айтылатыны да рас. Негізі этностардың басын біріктіріп, бір арнаға топтастыратын ұйым керек. Қуантатыны, бір жерге бара қалсақ, «Ассамблея» келе жатыр деп қарсы алады. Соның өзіне разы боламыз. Кешегі тасқын су басқан кезде Ассамблея өзін көрсеткен еді. Бұған дейінгі табиғи апаттар кезінде де ассамблеялықтар жанашырлық танытып, көмектерін аямады. Мақтаралда болған су тасқыны, 2019 жылы Арыстағы жарылыс, Жамбылдағы қойма жарылысы - соның айқын дәлелі.

Қазақ халқында «Қойдан қозы туылады шөп жейтін, иттен күшік туылады ас жейтін, осы ауылда төбелесіп қалса жастары, бар ма екен ақсақалдар «қой» дейтін» деген сияқты жақсы сөз бар.

Біз Алланың назары мен нұры түскен кең байтақ ұлы далада өмір сүрудеміз. Ұлы даланың ұлы перзенттері әрқашан жұдырықтай жұмылып, ел бірлігін ойлайтын болсақ, алдымызға қойған мақсатқа сөзсіз жетеміз. Қазақ жерін көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу азаматтық борышымыз деп білемін.

El.kz: Сұқбатыңызға рақмет!

Айнұр Оспанова
Бөлісу: