1 Наурыз 2014, 07:20
11.3. Біз өзімізді балабақшадан бастап ересектерге дейінгі орыс ағайындардың бел ортасында жүрміз десек, артық айтқан болмаймыз. Сондықтан бұл мәселенің жайын жақсы білеміз. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретудің жайын өз ынталарымен қолға алып жүрген саусақпен санарлықтай ғана әріптестерімізді білеміз. Өзге ұлт өкілдеріне деп оқулық жазып жатқан да тек солар, өз қалдерінше әдістеме ұсынып жүрген де солар, семинар-кездесулер ұйымдастырып, қазақ тілін дәріптеп жүрген де тек солар.
11.4. Ал, енді, «қазақ тілі құрып барады, жойылып барады, парламент неге қазақша сөйлемейді...» деп, қазақтың зарын қазақтың өзіне айтып, жұртты құр дүрліктіріп жүргендер қанша десеңізші! «Шүкір» деу керек, қазір қазақ тіліне деген бетбұрыс мол. Бала-бақшаларда қазақ тілін үйреніп жатыр, мектептерге міндетті пән болып еніп жатыр. Осы жас ұрпақтың жетілгенін күту керек, бұл – көп болса бес-он жыл деген сөз, тіл тарихы үшін бес-он жыл деген үлкен мерзім емес. Ал, қазіргі ересектердің жайы басқа, өзге ұлт өкілдерінің аға ұрпақ, ата ұрпағын дүрлікпемен жаппай қазақша сөйлетіп жібереміз дегенге өз басым сенбеймін. Егер әдістеме-оқулықтарды оңтайлай келіп, олардың қазақшасын қазақ тілінің бастау сатысына (тұрмыс-тіршілік деңгейіне) бір өткізіп алсақ, әрі қарай жалғасын (кәсіби, іскери-ұйымдастыру, әдеби деңгейлер) табу жеңілдей береді.
11.5. Ал, латын әліпбиі ұлт араздығын тудырады дегеннің тіптен жөні жоқ. Ұлт татулығы мен ұлт араздығы жазуға емес, тұрмыс-тіршіліктің бабына байланысты. Жазуы түгіл, тілі бір халықтардың өз ара қырқысып жатқанын көрмей отырған жоқпыз ғой. Ендеше ұлыстар татулығы мемлекет саясатына байланысты. Еліміздің еселі даму қарқыны мен орнықты ұлт саясаты кімге де болса аян. Ендеше тұрмыс-тіршілік мүддесі Қазақстанға қарап тұрса, ешбір ұлт-ұлыс оның жазуына өкпелеп теріс айналмайды.
12. Әліпби ауыстыру төңрегінде төрт бірдей пікір бар.
12.1. Бірінші, орыс (кирилл) әліпбиіне көзіміз үйреніп қалған, оның үстіне талай-талай жазба еңбектер жарияланған. Егер басқа жазуға көшетін болсақ, соның бәрінен бір сәтте айрылып қаламыз дейді.
Екінші, арабы әліпбиді қолдаушылар оны діні бір шығыс жұртымен қайта табысудың амалы деп үміттенеді. Оның үстіне Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлының) төте жазуын (оған төменде қайта ораламыз) аңсаушылық тағы бар.
Үшінші, латын әліпбиін жақтап отырған қомақты да қарулы ғылым мен қоғам өкілдері оны өркениет жетістіктеріне алып баратын бірден-бір төте жол деп дәлелдейді. Оның үстіне егемен түрік елдерінің бәрі латын әліпбиіне өтіп болды немесе өтіп жатыр. Қол қусырып отыра берсек сыртта қалып қоятын түріміз бар.
Төртінші, сонау көне (ежелгі) түрік жазуына көз тігіп отырған шағын топтың әрекеті. Осыған орай, біз де әлдеқашан өшіп кеткен көне жазуын қайта жаңғыртып жатқан еврей, моңғол халықтарының жанкешті әрекеті мен бір уыс қана грузин, армян халықтарының елтаңбасындай болған бірегей әліпбиін тілге тиек етіп, жүз елу миллион түрік халықтарының құр алақан қалғаны қалай деп қынжыламыз. Өкініштісі, түркі жұртының қазіргі өркениетті елдердің жазу тарихын он орап алып кететін, атам заманғы тарихы бар жазуы бола тұрып, «жазу-сызусыз» жұрт атанғандығында болып отыр. Ал, «жазу-сызусыз» халық дегеннің ар жағында «жабайы, мешеу, телмірінді, тілі дамымаған» т.б. сияқты «атақтар» тұрған жоқ па? Мұның өзі елдің еңсесін басып, ерді езге айналдырудың таптырмас құралы болып шықты. Тіптен, кешеге дейін кеңес құрамындағы түркі халықтары «өзіміздің жазу-сызусыз халық екенімізді әлемге жар салып айтып, орыс жазуы келіп жанымыз қалғанын» жарыса жамырай, мақтана мойындап келген жоқпыз ба? Ендеше «көк түрік» жазуын жаңғырту – еріккен мен есі кеткеннің ісі емес, түрік жұртының әлеми қоғам алдындағы елдік намыс-абыройын көтеретін іс.
Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж