ІІМ ТМД елдерімен бірлескен іздестіру операциясын өткізді

27 Наурыз 2023, 11:25 715

Операция барысында республиканың криминалдық полиция қызметкерлері аса ауыр және ауыр қылмыстар жасағаны үшін іздеуде жүрген қылмыскерлерді ұстау бойынша бірқатар арнайы операциялар ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.


ІІМ баспасөз мәслихатында бірлескен іздестіру операциясы кезінде Жамбыл облысының Қордай ауданында полиция қызметкерлері өткен жылдың қараша айынан бері іздеуде жүрген жергілікті тұрғын ұсталғаны айтылды. Ол Алматы қаласының түнгі клубының жанында бейтаныс адамға қасақана пышақ салып өлтірген.
Бұдан басқа Қарағанды облысының Шахтинск қаласында жедел қызметкерлер Ресейдің Алтай өлкесінің полициясы қарақшылық шабуыл кезінде кісі өлтіргені үшін 2002 жылдан бері іздестіріп жүрген 42 жастағы ресейлікті тұтқынға алды.
Өткен жылдың қараша айында Ақтау қаласының түнгі клубтарының бірінің жанында жәбірленушілерге шыны бөтелкемен және күрек кесіндісімен дене жарақатын салған ақтаулық бұзақылардың жүрген жері анықталды.

Елорда полицейлері көрші Өзбекстандағы әріптестерінің сұрау салуы бойынша 2022 жылдың қазан айынан іздеуде жүрген Өзбекстанның 23 жастағы азаматшасын ұстады. Ол құдалықты сылтауратып, 21 жастағы бұрынғы танысын Андижан облысынан алып кетіп, оның жалаңаш фотосуреттері мен бейнелерін таратпағаны үшін әпкесінен ақша бопсалаған. Осыдан кейін ол Қырғыз Республикасының аумағында жәбірленушіні белгісіз адамдарға сатып жіберген.
Сонымен қатар, ТМД елдерінің аумағындағы операция барысында ішкі істер органдарының қызметкерлері еліміздің құқық қорғау органдары іздеген адамдарды тұтқындады.
Ресейдің Новороссийск қаласында жергілікті полиция қызметкерлері Шымкент тәртіп сақшылары алаяқтығы үшін іздестіріп жүрген 23 жастағы Қазақстан азаматын анықтап, темір торға тоғытты.
Операцияның 2 күнінің қорытындысы бойынша іздеуде жүрген барлығы 290 қылмыскер анықталды және ұсталды. Оның ішінде республикадан тыс жерлерде – 19, Достастық елдері үшін – 137 қылмыскер құрықталды.

Сондай-ақ, полиция хабар-ошарсыз кеткен 79 адамның орналасқан жерін анықтады.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: