ІІМ полиция қызметін цифрландыруды дамытуда

8 Ақпан 2023, 10:36 1192

Күнделікті полиция қызметінде заманауи технологияларды кеңінен қолдану — Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмыстарды жедел ашуға мүмкіндік береді, – деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қазірдің өзінде жол жүрісі қағидаларын бұзудың 60% автоматты режимде анықталады. Ал Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бұл көрсеткіш одан да жоғары – 86%.

Ол үшін ел бойынша 18 мыңнан астам стационарлық камера қолданылады. Қала сыртындағы жолдарды бақылауды патрульдік автокөліктерде орнатылған автоматты бағдарламалық кешендер жүргізеді. Бүгінгі таңда бүкіл Қазақстан бойынша осындай 60 жылжымалы құрылғы жұмыс істейді.

Жол жүрісі қағидаларын “қасақана бұзушыларды” және “қауіпті жүргізушілерді” анықтау үшін ІІМ өткен жылы “Қорғау” бағдарламасын іске қосты. Оның көмегімен жалған нөмірлі, сақтандыруы жоқ, іздеуде жүрген автокөліктерді, сондай-ақ жүргізу құқығынан айырылған, жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын және айыппұл төлемейтін жүргізушілерді анықтауға болады.

Құқық бұзушы туралы барлық ақпарат камералардан Жедел басқару орталығының операторына және жақын маңдағы патрульдік полиция қызметкерінің планшетіне жіберіледі. Яғни, бұрынғыдай барлық көліктерді қатарынан тоқтатудың қажеті жоқ, өйткені жүйенің өзі полицияға жүргізушілердің қайсысы жолда “қауіпті” екенін көрсетеді. Цифрлық технологиялардың арқасында полицейлер қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға көбірек қатысады және құқық бұзушылықтарға қарсы сақтық шараларын қабылдайды. Тәртіп сақшыларының өздерін техникалық тұрғыдан жарақтандыру да белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда әрбір патрульдік қызметкер жеке бейнежетонмен жабдықталған.

Ал Астана, Алматы және Петропавлда бейнежетондар арнайы заманауи мобильді бейнекешендерге ауыстырылды. Мұндай “смартжетондарды” пайдалану:

– бейнені немесе дыбысты өз бетінше өшіруді болдырмауға;

– онлайн режимінде жағдайды көру үшін қашықтан қосылуды жүзеге асыруға;

– ЖБО офицерлері мен басшыға қызметкердің нақты орналасқан жерін және патрульдің маршруттан ауытқып кетпеуін қадағалауға мүмкіндік береді.

Цифрлық технологиялар полиция қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Мысалы, 3 ақпанда Қарағанды облысы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері патрульдік полицейге пара беру фактісі бойынша іс қозғады. Жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізуші хаттама толтырмау үшін қызметкерге пара бергісі келген. 5 ақпанда аталмыш облыстың Шет ауданында осындай факт тоқтатылды. Қарсы жолаққа шыққан жүргізуші патруль қызметкеріне ақша ұсынған. Іс бойынша тергеу жүргізілуде.

ІІМ цифрлық шешімдерді пайдалану азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша полиция жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, сонымен бірге жалпы ішкі істер органдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді деп санайды.

EL.KZ
Бөлісу: