ІІМ-нің үздік жедел уәкілі анықталды

15 Желтоқсан 2022, 15:54 1815

ҚР ІІМ Алматы академиясында жыл сайын дәстүрлі ұйымдастырылатын республикалық “ІІМ Үздік жедел уәкілі” байқауы өткізіліп, жылдың үздік жедел уәкілі анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Сайысқа әр өңірден келген 20 полицей қатысты. Олардың барлығы ҚР ІІМ аумақтық бөлімшелерінде өткен өңірлік конкурстардың жеңімпаздары.

Жедел уәкілдер – қылмыс орнына әрқашан бірінші болып келетін полиция қызметкерлерінің қатарында. Олар ұстау операциясына қатысып, құқық бұзушылықтар мен қылмыскерлердің жеке басын анықтайды, тергеу жүргізіп, әрдайым қауіпті жерде жүреді.

Криминалдық полицияның негізгі міндеттері – криминалитет өкілдеріне жол бермеу, террористік актілердің алдын алу, қару-жарақ пен жарылғыш заттардың заңсыз айналымы арналарының жолын кесу.

Үш күнге созылған конкурста еліміздің түкпір-түкпірінен келген жедел уәкілдер өз ісінің үздігі атағын жеңіп алу үшін өз білімдері мен біліктіліктерін сынға салды. Жарысқа қатысушылар дене шынықтыру мен қару атудан, орындаушылық тәртіп пен логикалық ойлаудан өз шеберліктерін дәлелдеді

Байқау жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасына ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сәденов қатысты.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның жедел қызметі жұмысының ерекше маңыздылығын атап өтті. Қазір біздің алдымыздағы міндет – азаматтардың Конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету бойынша барлық мүмкін болатын шараларды қабылдау. Сіздер әрдайым қылмыскермен бетпе-бет кездесесіздер, құқық бұзушылықтарға қарсы тұруға үлкен үлес қосасыздар. Бүгін сіздер еліміздің криминалдық полициясының үздік қызметкері атағы үшін сайысқа түсіп  жатырсыздар, – деді Е. Сәденов.

Байқаудың қорытындысы бойынша Павлодар облысы ПД-ның аға жедел уәкілі Айбек Алқамбек 1-орынды иеленіп, “ІІМ Үздік жедел уәкілі” атанды. Екінші орынды Алматы қаласының намысын қорғаған аға жедел уәкілі Жәнібек Құдайбергенов иеленді. Үштікті Солтүстік Қазақстан облысының жедел уәкілі Марат Халимулин түйіндеді.

EL.KZ
Бөлісу: