ІІМ мұзды судан ер адамды құтқарған сақшыларды марапаттады

12 Қараша 2022, 09:05 1538

Бұл туралы Polisia.kz сайты мәлімдеді

Ішкі істер министрі Астана қаласы Полиция департаментіне барып, елордалық сақшылармен кездесті. Марат Ахметжанов әріптестерінің жұмыс барысымен танысты, – деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Тергеу мен криминалдық полиция басқармаларының қызметкерлерімен сөйлесіп, олардың материалдық-техникалық жабдықталуы мен электронды форматта іс жүргізуіне көңіл бөлді. Жеке құраммен кездесуде Полиция департаментінің басшысы қаладағы криминогендік жағдайға тоқталып, жалпы 10 айдың жұмыс қорытындысымен бөлісті.

– Қылмыстардың тіркелуі 9,6%-ға өскені байқалады. Бұл объективті себептерге және ең алдымен әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты. Өсім негізінен мүліктік және тұрмыстағы қылмыстарға байланысты. Сонымен бірге биыл кісі өлтіру, зорлау, тонау, қарақшылық және бұзақылық сынды қылмыстардың саны төмендеді, – деді Астана қаласы ПД бастығы Марат Төлебаев.

Министр қызмет жетекшілеріне, учаскелік және патрульдік полиция инспекторларына қойылатын талаптарды еске салып, қоғамдық тәртіпті сақтауда азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңдылықтың толықтай сақталуын қадағалауды тапсырды.

Сондай-ақ бірқатар проблемалық мәселелерге назар аударды.

– Өзгерістер бірінші басшыдан болуы керек. Басшының көзқарасы, жұмыс стилі өзгеруі керек. Бірінші талап көрсеткіш емес, тіркелген қылмыстың саны өсті деп сіздерге ешқандай талап қойып жатқан жоқпын. Объективті түрде көрсету керек оны. Жасырмауымыз керек жағдайды. Біз айтамыз ғой проблема шешуге бағытталған тәсілдер деп, демек проблема бар, оны анықтап, көрсетіп, оның негізгі көзін жою үшін жұмылып жұмыс істеуіміз керек. Әрине, бұл Астана, мұнда адам саны өсіп жатыр, тіркелмеген қаншама азаматтар бар. Егер қылмыстың шығу себебін біліп отырсаңыздар, соған шара қолдану керек. Өлшемдердің өзгеруі деген осы, – деді ішкі істер министрі.

Астана қаласының өзге өңірлерге үлгі болу керектігін алға тартқан ведомство басшысы жиында қызметімен көзге түскен 12 қызметкерді грамота, төсбелгі, медальмен марапаттады. Атап өту керек, марапатталғандардың арасында көпірден секірген ер адамды құтқарған патрульдік полиция қызметкерлері Самат Сәбит, Сәкен Тасқын мен Ринат Мұхамеджанов та бар. Оларға “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалі табысталды.

EL.KZ
Бөлісу: