ІІМ есірткі өсіретін екі фитолабораторияны құрған қылмыстық топты ұстады

8 Тамыз 2023, 20:36 835

Алматы қаласы мен Алматы облысында марихуана мен гашишті аса ірі мөлшерде өсірумен және өткізумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында есірткі бар өсімдіктерді еліміздің оңтүстік астанасы мен оған жақын аудандарда өсіруді және өткізуді жолға қойған. Қылмыстық әрекеттерді бақылау және тіркеу полицейлер үшін қиынға соқты. Себебі есірткі тексеруден өткен тапсырыс берушілерге ғана жеткізілген.

Арнайы құрылған жедел-тергеу топтары Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағында 14 адамды ұстады. Бір уақытта қызметтік-іздестіру иттерін тарта отырып, тінту жүргізілді. Әр үйде есірткі заттары табылып, тәркіленді, - делінген мәліметте.

Алматы облысының Бәйтерек кетінде ұсталғандардың біріне тиесілі жеке үйді тінту кезінде құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге арналған жарықдиодты шамдар орнатылған қосалқы үй-жай табылды. 32 қарасора бұтасы тәркіленді.

Ал екінші зертхана Алматыдағы жеке үйдің жертөлесінде анықталды. Ол жерден құрамында есірткі бар қарасора бұталары, тұқымдар, кептірілген марихуана салынған орамалар және өсімдіктерді өсіруге арналған жабдықтар тәркіленді.

Ұсталған сәтте қылмыстық топтың мүшелерінің барлығы есірткілік масаң күйде болған. Операция нәтижесінде заңсыз айналымнан 40 келіден астам есірткі заттары тәркіленді, - дейді полиция өкілдері.

Берік Арманов
Бөлісу: