ІІМ басшысы Геннадий Головкинді медальмен марапаттады

16 Шілде, 15:27 767

Полиция ведомствосында ішкі істер министрі мен Ұлттық олимпиада комитетінің президенті ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі жанындағы «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы – спорт саңлақтарының қара шаңырағы, қазақстандық спорттың ажырамас бөлігі.

Бүгінгі кездесу спортты дамыту мен жоғары нәтижелерге қол жеткізудегі өзара іс-қимылымызды жалғастырады деп сенемін. Тәуелсіздік жылдары олимпиада ойындарында жеңіп алған 71 медальдің 66-сы «Динамо» қоғамынан шыққан спортшыларға тиесілі екенін атап өткім келеді, – деді ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Тәжірибелі боксшы, ел мақтанышы Геннадий Головкин де «Динамо» қауымдастығынан шыққан. Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы отандық спортты дамыту бірлескен күш-жігерді қажет ететін жауапты іс деп санайды.

ҰОК біздің олимпиадашыларды даярлауда Ішкі істер министрлігінің қолдауын жоғары бағалайды. Біздің ынтымақтастығымыз Қазақстанда спортты одан әрі дамытуға және спортшыларымызды әлемдік аренадағы жаңа жеңістерге жетелеуге ықпал ететініне сенімдімін. Бәрімізде бір міндет. Бірлесіп жұмыс істейміз, – деді Геннадий Головкин.

Polisia.kz мәліметінше, кездесу соңында ІІМ басшысы халықаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін былғары қолғап шеберін ведомстволық медальмен марапаттады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: