III.ХVIІ ғасырдағы тарихи жағдай сипаты

31 Наурыз 2014, 05:43

Егер Есім хан сол жолы Жиембет жыраудың абырой-беделіне бола, өзі ұсынған және ел ішінде орнықтыруды мақсат еткен мемлекеттік ортақ талапты белден басар болса, заңнан да, ханнан да қадір-қасиет қалмас еді.

Бұл орайда «Елге билік жүргізушінің бәрі – халықты езгіде ұстаған үстем тап өкілдері» деген сыңайдағы кеңестік қоғамға тән түсінік жетегінде кетпей, Есім хан шешімін объективті бағаласақ, оның жолсыздық жасаған Жолымбетті де, сондай-ақ, айыпкерге ағайын болғандықтан жанашырлық таныта, араша түскен Жиембетті де, сол уақытқа дейін жасаған ақ-адал қызметтеріне қарамастан, қатаң жазаға тартуын басқаша бағалауға боларын байқаймыз. Егер Есім хан сол жолы Жиембет жыраудың абырой-беделіне бола, өзі ұсынған және ел ішінде орнықтыруды мақсат еткен мемлекеттік ортақ талапты белден басар болса, заңнан да, ханнан да қадір-қасиет қалмас еді. Олай болған жағдайда, ел тарихында «Есімнен қалған Ескі жол» да құрметтеле сақталмас еді. Демек, Есім ханның ел билеуші ретіндегі аса маңызды қасиеттерінің бірі – елдің Негізгі заңын баршаға бірдей қолдануы. Ал Жиембет тағдыры – Есім хан негіздеген «Жолдың» қатаң сақталғандығының бір көрінісі. Есім хан билік еткен кезеңде қазақ жұртының ел тағдырына қатысты шешуші шайқастардың бәрінде жеңіске жетіп отыруының бір себебі хандық аясындағы жүздер мен рулардың, ұлыстар мен тайпалардың, үлкенді-кішілі билік ұстағандар мен қарашы жұрттың ешқайсына ерекше үлес берілмей, бәрінің бірдей бір ғана тәртіпке бағынып, бір ғана «Жолды» ұстануында жатқаны анық.

Есім билігі тұсындағы Қазақ хандығымен жерге иелік ету шайқастарын толассыз жүргізген жұрт Бұқар хандығы еді. Бұл хандық 1598 жылғы бұқар-қазақ бітіміне қарамастан, қазақ еліне шабуылдаудан тыйылмады. Ақыры текетірес соңы Ташкентті тартып алуға ұмтылған бұқар әскері мен қазақ жасақтары арасындағы соғысқа ұласып, 1603 жылы бұқарлықтар «Айғыр-Жар» шайқасында ойсырай жеңіледі. Бұдан кейін де Ташкент жері екі жаққа алма-кезек ауысады. 1612 жылы Бұқар ханы Иманқұл Ташкентті басып алып, билік басына өз ұлы Ескендірді қояды. Иманқұл қаладан кетісімен, қала жұрты қайта көтеріліп, Ескендірді өлтіреді. Осының қарымтасына Иманқұл қанды қырғын жасайды.

Осы жылдар ішіндегі ел берекесін кетірген жағдайлардың бірі Қазақ хандығы құрамындағы қатаған руының билеушісі Жалым сұлтанның ұлы Тұрсын ханның қылықтары еді. Ол қазақ елінің бөлшектенуін көздеген Бұқар әміршісі Иманқұлдың қолдауына сүйене отырып, Ташкентте өзін хан жариялап, дербес билік иесі ретінде жұрттан алым-салық жинауға, өз ақшасын айналымға шығаруға кірісті. Елдің іштен бүлінуіне жол ашатын Тұрсын ханның мұндай әрекеттері сырттағы қарсыластарымен толассыз шайқастар жүргізіп жатқан Есім ханның көңілін қатты алаңдатқан жағдайлардың бірі еді және ел ішінде өз билігін жүргізуге ұмтылған сұлтандар әр тұстан бой көрсете бастаған болатын.

Осы тұста қазақтар мен бұқарлықтар арасындағы тайталас нәтижелерін қысқа қайырып айтсақ, Иманқұлдың Ташкент қырғынына жауап ретінде 1603 жылы Есім хан Самарқан маңында бұқар әскерін тасталқан күйретеді. Ал содан кейінгі жылдардағы талас-тартыстардың ақыры 1624 жылы Ферғана шайқасында бұқарлықтардың тұралай жеңіліп, қазақтар мен бұқарлықтар арасындағы екінші соғыстың аяқталуымен бітеді.

Бөлісу: