III.Доспамбет жырау

31 Наурыз 2014, 04:33

Ел қамына бола «күңіреніп күн түбіне жортқан» жырау өзін таныстырған тұстардың бірінде:

Ел қамына бола «күңіреніп күн түбіне жортқан» жырау өзін таныстырған тұстардың бірінде:

«Азаудың Ер Доспамбет ағасы Азаудың бір бұрышындай нарты екен!» –

деп бір қайырып өтсе, келесі бір сәттерде:

«Азаулыда аға болған ерлер көп еді, Әйтсе де, алмаға ат байлағаны жоқ еді!» –

деп толғайды.

Бұл жолдарда жыраудың айтып тұрған «аға болу» сөзі тек жас жағынан үлкею емес, дүйім елді ауызына қаратып, жөн нұсқау, жол бастау әрекеттерін білдіріп тұрғаны түсінікті. Ал кейінгі мысалға назар аударсақ, Доспамбет жыраудың «Азаулыдааға болған көп ерлердің» бірі емес, бірегейі болғанын танимыз. Сондай-ақ, жыр-толғауларының әр тұсындажыраудың өз есіміне тіркестіре қолданатын «Ер» сөзі эпитеттік қолданыс емес, оның ерлік қимылдарына сүйсінген қалың елдің берген атағы екеніне күмәнданудың да орайы жоқ. Демек, Доспамбет – жол бастаған ақылман, қол бастаған қаһарман, сөз ұстаған жырау.

Доспамбет жырларында оның әулеттік тегі, отбасылық жағдайы туралы ой түюге мүмкіндік берер өлең жолдары да ұшырасады. Мәселен:

«Алғаным Әли ағаның қызы еді, Қас арудың өзі еді...» –

деген өлең жолдарынан жыраудың жары да текті әулеттен шыққан жан екенін аңдаймыз. Себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей,Доспамбет жырау қолданысындағы «аға» сөзі адам жасына байланысты ұғымды емес, «елге қадірлі адам» деген мәнді білдіреді. Ендеше, алған жары текті әулеттен болса, жыраудың өзінің түп-тегі де осал түспеуге тиіс. Осы жәйттерді ескере отырып, Доспамбет жыраудың өзі де елге ықпалды әулеттен шыққанын пайымдауға болады.

Жыраудың жыр-толғауларында оның балаларына қатысты екі түрлі дерек кездеседі. Олардың бірі:

«...Білейім мен жаман күн Болатсыз қылыш кесерін, Айналасы алты жылдың ішінде Есақай, Қосай екі ұл Азау билеп өсерін!» – деген үлгіде және:

«...Бізім бетке барсаңыз, Есақай, Қосай екі ұл Алдыңызға жыр құшақлай, Жылай шықса, не айтарсыз?!» –

деген мазмұнда келеді. Ал алған жары туралы сөз болатын келесі бір жыр жолдарында балаларына қатысты дерек:

«...Қосақай, Қосай, Ер Досайдың анасы...» – деп беріледі.

Алғашқы екі үзінді мен кейінгі мысал арасында алшақтық барын байқаймыз. Яғни алғашында жыраудың балалары Есақай, Қосай екендігі айтылса, кейінгі тұста балалардың есімдері Қосақай, Қосай, Ер Досай болып ұшырасады. Дегенмен, алғашқы үзінділердегі есім иелері нақты жағдаймен және нақты іс-әрекетпен байланыстырыла берілгенін ескерсек, жыраудың Есақай, Қосай есімді екі ұлының болғандығын анық аңдаймыз.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу: