III.Қазтуған жырау

31 Наурыз 2014, 03:52

Жалпы, Қазтуған жыраудың есімі мен жыр-толғауларының негізгі сарынын ел жадында жаңғыртып, сақталып қалуына үлкен қызмет жасаған адам ХІХ ғасырда өмір сүрген Мұрат ақын екені шүбәсіз.

Жалпы, Қазтуған жыраудың есімі мен жыр-толғауларының негізгі сарынын ел жадында жаңғыртып, сақталып қалуына үлкен қызмет жасаған адам ХІХ ғасырда өмір сүрген Мұрат ақын екені шүбәсіз. Оның бір дәлелі С.Сейфуллиннің аталған кітабында Қазтуған атынан ұсынылатын толғауды жеткізуші адам ретінде Мұрат ақын есімінің аталуы болса, келесі бір дәлел – Қазақстан Ғылым академиясының қолжазба қорындағы Қазтуғанға қатысты жыр-толғаулар.

Бұл шығармаларды Қазтуғанға қатысты деп көрсетіп отырған себебіміз – олардың әйгілі жыраудың өз атынан айтылғандығы анық дәлелденбегендіктен. Осы тұрғыдан келгенде, қолжазба қорындағы жырлар мен толғауларды Қазтуған жыраудың төл туындыларындағы сарындарды сақтай отырып, Мұрат ақынның өз жанынан шығарған әдеби дүниелері деп таныған жөн сияқты. Мәселен, Қазақстан ҒА қолжазба қорындағы жыр үлгісі:

Балығы тайдай тулаған, Бақасы қойдай шулаған,

Бекіре ойнар Ақ Жайық – Бес қаруын асынып,

Батырлар жауға жортқан жер. Емендей белі бүгілген, Жібектей жалы төгілген, Күде белді күпшек сан Бедеу атқа мінген жер... – деген сипатта келеді.

Ал Қазтуған жыраудың төл туындысы екені шүбә туғызбайтын жыр жолдары:

...Балығы тайдай тулаған, Бақасы қойдай шулаған,

Шырмауығы шөккен түйе таптырмас, Балығы көлге жылқы жаптырмас, Бақасы мен шаяны Кежідегі адамға Түн ұйқысын таптырмас,

Қайран менің Еділім!.. –

үлгісінде айтылады.

Зерделей көз салсақ, екі толғаудың жалпы сарынында ұқсастық болғанымен, сөз қолданысынан және жыр мазмұнынан аңдалатын уақыт лебінен, сондай-ақ, ақындық рух қуаты жағынан өзгешеліктер барын байқаймыз.

Мысалы, қолжазба қорындағы толғауда Ақ Жайықтың қасиеттерінтізбелей сипаттау арқылы оның туып-өскен жер ретіндегі қадірлі бейнесі жасалса, Қазтуған жыраудың өз жырында туып-өскен жердің қадір-қасиеттерін тізбелей ұсыну артта қалған ата қонысқа деген сағыныштың салмағын аңдату үшін, аңсау сезімін алғаусыз жеткізу үшін қолданылған. Өйткені, «Билер отты би соңы, Би ұлының кенжесі» Сүйінішұлы Қазтуған жырау үшін туған жердің көркем бейнесін жасаудан гөрі, өзінен қалған «Еділ жұртты» аңсау маңызды, сол аңсаудың соңын ата жұртты қайтадан ен жайлауға жол ашатын қарекетке ұластырсам деген арман маңызды және осындай мәндегі арман-тілектің Қазтуған өмір сүрген дәуір үшін асылық ой болмағандығы да хақ. Себебі – аз ғана жылдар аясында айналасына айбарлы мінез танытып үлгерген мемлекетте өмір сүріп жатқан, өмір сүріп қана қоймай, сол мемлекетте ықпалды тұлға болған адамның өр көңілінің бір түпкірінде туған топырағын өзгенің билігінен қайтарып алуға деген ниеттің болуы заңды құбылыс.

Бөлісу: