13 Мамыр 2014, 04:54
Мексика құрамасы КОНКАКАФ аймағындағы ең жүлдесі көп құрама. Әлем чемпионатында топ жармағандардың арасында мундиалға ең көп қатысқан ел болып табылады. Үш жолақты елдің құрамасы төрт жылдықтың басты додасында 14 рет бақ сынаған екен. Әлем чемпионатындағы ең жоғары жетістіктері – ширек финал (1970, 1986 жылдар).
Мексика – Орталық және Солтүстік Америкадағы футболы қарқынды дамыған елдердің бірі. Мексикалықтар әлем чемпионатының іріктеу кезеңдерінде өз аймағындағы командаларды еркін ұтқанымен, финалдық кезеңде көбіне жарысты ерте аяқтап жүреді.
Мексиканың футболдан төл чемпионаты – өз құрлығындағы футболшыларына жалақыны ең көп төлейтін біріншілік. Сондықтан болар, Оңтүстік Америка және басқа елдерден легионерлер көптеп ағылып жатады.
Бұл елдің халқы теңбіл допты ерекше жақсы көреді. Футболға жоғары деңгейлі көңіл бөлінеді. Инвестицияда жеткілікті түрде салынады. Ұлттық құраманы жаттықтыруға шетелден білікті мамандар шақыртады. Футбол өтетін ірі стадиондар да жетерлік. Ең ірі футбол алаңы «Ацтекке» 100 мың көрермен сиып кетеді. Мексикада 1970 және 1986 жылдары екі рет әлем біріншілігі өткізілді.
Еуропада доп тепкен әлі де өнер көрсетіп жүрген танымал футболшылар жетерлік. Қақпашылар Антонио Карвахал мен Хорке Кампос ұлттық құрамасының қақпасын ұзақ жыл күзетті. Шабуылшы Уго Санчес бір кездері мадридтік «Реал» сапында жасындай жарқырады. Қорғаушы – Рафаэл Маркестің «Барселонадағы» ойыны көрерменнің есінде болар.
Мексика құрамасының тарихында елеулі жеңіс деп 1999 жылғы Конфедерация кубогын айтуға болады. Сол жолы олар финалда Бразилияны 4:3 есебімен жеңген болатын. 2012 жылы Лондон Олимпиадасының финалында Неймар бастаған Бразилия футболшыларын ұтып кетті. Жалпы Мексика Бразилия үшін өте ыңғайсыз қарсылас саналады.
Мексика әлем чемпионатының іріктеу кезеңдерінен іркілмей шығатын құрамалардың бірі болатын. Бірақ биыл аса сәтті ойнады деуге келмес. Өз аймағынан тікелей шығуға беретін үш жолдаманың біріне иелік ете алмай, қосымша ойындар арқылы өтті. Мексиканы шаң қаптырып кеткен АҚШ, Гондурас, Коста Рика құрамалары болды. Ал қосымша іріктеу кезеңдерінде Жаңа Зеландияны оңай ұтып, Бразилиядағы әлем чемпионатына соңғылардың бірі болып жолдама алды.
Қазіргі құрам
Қақпашы мәселесі нақты шешімін тапқан жоқ. Бас бапкер Мигель Эррера қақпаны кімге күзетерін білмей басын қатырып жүр. Хосе де Хесус Корона («Крус Асуль»), Альфредо Талаверала («Толука»), Гильермо Очоа («Аяччо») үшеуінің біреуі негізгі құрамнан орын алуы тиіс.
Қорғаушылардың арасында команда капитаны, тәжірибелі Рафаэль Маркестің («Леон») бәсі жоғары. Бір кездері «Монако», «Барселона» сапында жасындай жарқырылдап, Еуропада барлық жүлдеге қол жеткізген соң еліне оралған болатын. Қазіргі кезде жергілікті «Леон» клубында өнер көрсетеді. Маркестің бір артықшылығы айып соққысын орындаудың шеберлерінің бірі. Іріктеу кезеңдері кезінде бұрынғы бас бапкер Хосе Мануэль де ла Торре оны шақырмай жүрген еді. Соңғы Жаңа Зеландияға қарсы ойында жаңа бапкер негізгі құрамнан орын берді. Рафаэль де өз кезегінде нәтижелі ойынымен көзге түсті. Тағы бір тәжірибелі футболшы Карлос Сальсидо («Тигрес») бар. Бұлардан бөлек Франсиско Родригес, Пауль Агилар, Мигел Лаюн (барлығы «Америка»), Эктор Морено («Эспаньол»), Диего Рейес («Порту») қорғаныс шебін күшейтетіндердің қатарында.
Жартылай қорғаушылардың арасында испаниялық «Валенсияның» футболшысы Андрес Гуардадоның («Байер») есімі ерекше аталады.Сондай-ақ Хуан Карлос Медина («Америка»), Исаак Брисуэлья («Атлас»), Хосе Хуан Васкес, Луис Монтес, Карлос Пенья (барлығы «Леон»), Марко Фабиан («Крус Асуль»), Эктор Эррера («Порту») бар.
Шабуыл шебінде «Манчестер Юнайтед» футболшысы Хавьер Эрнандесті бөле-жара айтуға болады.Биылғы маусымды жоғары деңгейде өткізген Джовани дос Сантос (Вильярреал») әлем чемпионатында командасын өрге сүйреуі мүмкін. Орибе Перальта соңғы кездері қанжығасы бос қайтпай жүрген футболшылардың бірі. Алан Пулидо, Рауль Хименес (екеуі де МЮ) кез келген уақытта әріптестерін айырбастауға дайын ойыншылар.
Жетістіктері:
Конфедерация кубогы
Бас жүлде – 1999 жылы;
Қола жүлде – 1995 жылы.
КОНКАКАФ кубогы
Бас жүлде – 1995, 1971, 1977, 1993, 1996, 1998, 2003, 2009, 2011 жылдары;
Күміс жүлде – 1967, 2007 жылдары;
Қола жүлде – 1973, 1981, 1991 жылдары.
Америка кубогы
Күміс жүлде – 1993, 2001 жылдары;
Қола жүлде – 1997, 1999, 2007 жылдары.
Жазғы Олимпиада ойындары
Бас жүлде
Лондон Олимпиадасы (2012 жылы)
Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:
13 маусым.Натал. Мексика – Камерун
17 маусым. Форталеза. Бразилия – Мексика
23 маусым. Ресифи. Хорватия – Мексика.