III. Астана қаласының ономастикасы: ұлттық атаулар

1 Наурыз 2014, 09:24

Қазақстан тарихындағы белгілі оқиғалар, ұлттық дәстүріміздің атаулары Астана көшелерінен кеңінен орын алған.

Астана көшелеріне Қазақстан тарихына айрықша із қалдырған тұлғалардың, қазақ жерінің байырғы атауларының, дәстүрлі атаулардың аттарын беру үрдісін жүйелеу үшін қалалық ономастикалық комиссия Тілдерді дамыту басқармасының тікелей бастамасымен ономастикалық тұжырымдама қабылдап, оны өз жұмысында басшылыққа алады. Осы тұжырымдама негізінде қала көшелеріне атау берудің санаттары айқындалған. Мәселен, қазақ халқының тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтауға зор үлес қосқан тұлғалар, қазақ халқының азаттығы үшін күрескен тұлғалар, аналар, ағартушылар, ғалымдар, Түркі дәуіріндегі тұлғалар, Алаш қозғалысының ірі қайраткерлері, ұлттық әдебиет пен өнердің ірі өкілдері т.с.с., барлығы он сегіз санат бойынша жүйеленген. Айталық,  бірінші санатқа Абылай хан, Батыр Баян, Бөгенбай батыр, екінші санатқа Ағыбай батыр, А.Иманов, Байғозы батыр, үшінші санатқа Айғаным, Айша бибі, Домалақ ана енеді, осылай жер-су атауларының, тұлғалардың барлығы жүйеленген. Осылайша санаттар бойынша жіктеу Астана қаласы көшелеріне берілетін атаулардың жүйелілігін қалыптастырып, елордада байырғы атауларға, лайықты тұлғаларға  ғана атау беру үрдісі қалыптаспақ.

Қазақстан тарихындағы белгілі оқиғалар, ұлттық дәстүріміздің атаулары Астана көшелерінен кеңінен орын алған. Бұл елорда тұрғындарының, қала қонақтарының ой-санасына әсер етпек. Сол көшенің тұрғынына немесе сол көшеге бара қалған адамға көше атауы белгілі бір тарихи, дәстүрлік ақпарат бермек. Осы ақпарат арқылы оны білетін адам аз да болса ойланады, білмейтін адам ол атауды сұрауы мүмкін. Айналып келгенде мұндай атаулар адамды бейжай қалдырмайды. 

Жер-су атауларына болсын, тұлғаларға болсын көше атауларын беруде Қазақстан өңірлерінің кең қамтылуы да ескеріледі. Сондықтан Астана көшелерінде барлық облыстың атаулары, елдімекендері қамтылған. Мысалы, Аманқарағай, Торғай десек Қостанай облысы, Алтынемел, Жаркент десек Алматы облысы, Мұғалжар, Ырғыз десек Ақтөбе облысы ойға оралады.

Қаланың ономастикалық ерекшелігін ұлттық мазмұнға сай қалыптастыру 1997 жылдан басталғандығын көреміз. Осы жылы 34 көшенің аты ауыстырылыпты. Мәселен, Студенттер – Абылай хан, Революция – Сәкен Сейфуллин, Октябрь – Мұхтар Әуезов, Комсомол – Желтоқсан, Делегат – Сарыарқа, Ленин – Абай, Авдеев – Шоқан Уәлиханов көшелері болып ауысқан. 1997 жылдан 2005 жылға дейін 71 жаңа атау пайда болған. Елорда көшелері атауларына ұлттық мазмұн беруде 2007 және 2009 жылдардың орны ерекше. Бұл жылдары тиісінше 432 және 201 көше қайта аталған немесе жаңа атаулар берілген. Осындай қарқынды үдерістің арқасында 1997 жылдан бүгінгі күнге дейін 817 көшеге жаңа атаулар берілген. Оның ішінде ескі атаулардың ауыстырылғаны – 400, жаңа атау иемденгені – 417. Осынша уақыт ішінде осындай қарқынды ономастикалық жұмыстар еліміздің Астанадан басқа бірде-бір өңірінде болған емес.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін айғақтау мен рухани-мәдени дамуын көрсету үшін Астана қаласының ономастикалық ахуалын жақсарту жұмыстары бұдан әрі де жалғасын таба бермек. Ұлттық болмысымызды танытарлық ономастикалық атауларды көшелерге, нысандарға беру үдерісіндегі Астананың ономастикалық мысалы тәуелсіздіктің жиырма жылдығын атаған қазақ елінің барлық қалалары мен елдімекендеріне де үлгі болуы тиіс деп ойлаймыз. 

«Астананың тілдік келбеті: бастамалар мен басымдықтар», 2012 ж.

Бөлісу: