ІІІ. Әліпби ауыстыру жазу реформасына айналу керек

1 Наурыз 2014, 07:07

Қазіргі әліпбиімізді «қазақ әліпбиі» деп атаудың еш реті жоқ. Өйткені ол «қазақ әліпбиі» емес, «қазақ-орыс әліпбиі», тіптен ақиқатын айтып «орыс-қазақ әліпбиі» десе де болады.

6. Қазіргі әліпбиімізді «қазақ әліпбиі» деп атаудың еш реті жоқ. Өйткені ол «қазақ әліпбиі» емес, «қазақ-орыс әліпбиі», тіптен ақиқатын айтып
«орыс-қазақ әліпбиі» десе де болады. Өйткені әліпбиіміз бір тілдің емес, әлдеқашан қос тілдің әліпбиі болып орнығып алды. Латынға қарсы мамандар «құдай бере салған 42 әріптен айрылып қаламыз, сол 42 әріп арқылы кез-келген сөзді жаза береміз» дегенді алға тартады. Орыс жазуынан айрылып қалсақ далада қалатындай сезінеміз.

6.1. Біріншіден, ешбір мемлекет, ешбір ғылыми жұртшылық әліпби санының (құрамының) көптігін айтып мақтанбайды. Әріп саны көп болды деген сөз – ол тілдің әліпбиінде бір кемшілік бар деген сөз. Әріп саны неғұрлым кем болса, ол солғұрлым жетілген әліпби болып саналады.

6.2. Латын әліпбиіне байланысты, қосақ арасында, ағылшын жазуын ұрса беруге болмайды. Керісінше, ағылшын жазуының тәжірибесін пайдалану керек. Өйткені олар аз таңбамен көп дыбысты белгілеудің ұтымды амалын көрсетіп отыр. Емле-ережесі күрделі болғаннан ағылшын жазуы түк те ұтылып отырған жоқ, керісінше, әлеми ақпараттық кеңістікке бірінші болып шығып, қай салада болмасын көш басында келеді.

6.3. Жақсы, орыс жазуы арқылы енген сөздерден айрылғымыз келмейді екен, айрылмай-ақ қояық. Ал, бірақ орыс тілінен енген дыбыстарға арнайы таңба іздеп әуре болмау керек. Оның амалын тағы да ағылшын жазуының тәжірибесі көрсетіп отыр. Ағылшындар да орыс тілінің сөздерін пайдаланбай отырған жоқ, пайдаланып отыр. Алайда сол үшін қосымша таңба іздеп, әлек болып жатқан жоқ. Тіптен қосымша таңба іздеу деген ойларына кіріп-шығып жатқан жоқ. Өздеріндегі бар таңбаны пайдаланып, емле-ереже жолымен өзге тілден енген сөздерді жазып пайдаланып отыр. Оны күнделікті гәзет-жорнал беттерінен, теледидар айнасынан күнде көріп отырмыз. Ендеше латын әліпбиі арқылы орыс сөздерін қалай жазамыз деп сары уайымға салынудың керегі жоқ.

6.4. Осыған байланысты есте болатын нәрсе - ешбір мемлекетте кірме сөздердің жазылуына деп қосымша таңба ойлап таппайды, не де болса өз әліпбиінің құрамынан шығады. Кірме дыбыстарға бола жаңа таңба алу деген тек бұрынғы Кеңес құрамындағы түркі республикаларында ғана болды, олардың ішінде біз де бармыз.

7. Біздің тілімізде, орыс тілінің «игі» әсері деп, кезінде зорлықпен енгізілген ережелердің басы баршылық. Ондағы мақсат – қазақ сөзінің айтылымын орыс сөзінің айтылымына мейлінше жақындастыру болатын. Бұл мақсат көп жағдайда орындалды. Соның нәтижесінде «тоталитарлық фонологизация, тоталитарлық фонемалар» мен «тоталитарлық фонетистердің» пайда болғаны рас. Оларға қазақ сөзінің өз айтылым үлгісі бар екенін түсіндірудің өзі қиын. Жазу сол қазақ сөзінің төл айтылым үлгісін сақтаудың амалы болу керектігін түсіндіріп әлек болып келеміз. Түсіндіре бастасаң болды, «ескіні аңсап отыр», «өмірдің ағымынан қалып қойған» т.б. атақтарды жапсырып шыға келеді.

Мұндай жағдайда қазақ тілінің төл айтылым үлгісін (сөздің айтылым әуезі, буын құрамы, морфем заңдылықтары, тасымал реті, сөйлеу ырғағы) сақтап қалу үшін «ескіні де аңсап, өмірден де кеш қалып жатуға» тура келеді. Біздің жанымызға «ескішіл» атанып, «өмірден кеш қалғандығымыз» емес, ана сөзінің тұрқы бұзылып бара жатқандығы батады. Сондықтан қазір жан аяп, жан аясып қалатын кез емес. Көресіні орысша тәлім алған орыс тілді ағайындарымыздан көретін боламыз. Орыс жазуы арқылы тілі шығып, құлағына сіңген дыбыс пен қолы жаттыққан әріптің бәрін қазақ тіліне әкеліп тықпалай беруге болмайды.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ  жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж

Бөлісу: