ИИДМ басшысы жетісулықтармен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

25 Наурыз 2023, 10:15 655

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Жетісу облысына жасаған жұмыс сапарында өңір халқымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Еркін микрофон» форматында өткен іс-шара кезінде тұрғындар көкейкесті сұрақтарын ведомство басшысына қоюға мүмкіндік алды.

Оның барысында тұрғын үй мен инновациялық гранттар беру, су бұру жүйелерін тарту, жол құрылысы және тағы да басқа мәселелер қаралды.

Мәселен, Ескелді ауданының тұрғыны Қарабұлақ ауылындағы кәріз жүйесі бүгінде халықтың су бұруға байланысты қажеттілігін 100%-ға қамти алмай отырғанына шағымданды. Өтініш берушінің айтуынша, қазір жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте Марат Қарабаев облыс әкімдігі қажетті құжаттама мен негіздемені ұсынған жағдайда министрлік бюджеттік бағдарламалар шеңберінде жоғарыда айтылған жобаны қаржыландыру мәселесін қарастыруға дайын екенін айтты.

Министр айтқандай, мұндай форматтағы кездесулер халық пен билік арасында жемісті байланысты арттырудың тиімді тетігіне айналып отыр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев орталық атқарушы органдардың басшыларына халықпен тұрақты түрде кездесіп тұруды тапсырған болатын. Оның негізгі мақсаты – халықтың ақпараттандыру деңгейін арттыру, жергілікті мәселелерді жедел шешіп, атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейту», деді Марат Кәрімжанұлы.

Сондай-ақ бұл күні М.Қарабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдағанын айта кетейік. ҚР ИИДМ басшысымен кездесуге 6 адам жазылып, өтініштер жер қойнауын пайдалану, құрылыс, тұрғын үйді жекешелендіру, инфрақұрылым және т.б. салаларға қатысты болды. Мысалы, облыс тұрғыны С.Найзабекова министрге 3 учаскеге қатысты барлау лицензиясын қайтарып алуды өтінді.

EL.KZ
Бөлісу: