II.Тәтіқара ақын

31 Наурыз 2014, 08:16

Ақындық поэзияның кейінгі өкілдерінде айқын көрінетін бұл сипаттардың алғашқы нышандары Тәтіқара туындыларынан, әсіресе, оның өлеңдерінің ішкі мазмұнынан аңдала бастайды.

Ақындық поэзияның кейінгі өкілдерінде айқын көрінетін бұл сипаттардың алғашқы нышандары Тәтіқара туындыларынан, әсіресе, оның өлеңдерінің ішкі мазмұнынан аңдала бастайды. Тәтіқараның ел арасында жырау ретінде танылмай, «Тәтіқара ақын» деп аталуының бір себебі де осыған байланысты болса керек.

XVIII ғасыр әдебиетінде Тәтіқара шығармашылығы арқылы ақындық поэзияның көріне бастауының сырын аңдау үшін осы орайда Шал ақыннан алынған жоғарыдағы үзінді мен Ақтамберді жыраудың толғауынан бір үзіндіге тағы бір зер салған жөн.

Кедейлік ер жігітке намыс емес, Жоқ болсаң туысың да таныс емес... –

дейді ақын.

Жағама қолдың тигенін, Жалғыздық, сенен көремін. Жамаулы киім кигенім, Жарлылық, сенен көремін... – дейді жырау.

Байқап тұрғанымыздай, бір ғана мәселені, яғни жоқшылық (жетімдік) мәселесін сөз еткеннің өзінде, бір ғана объектіге жырау мен ақын екі түрлі қырынан келеді және соған орай екі түрлі ой туындатады. Жырау толғауындағы жолдарға зерделей көңіл аударсақ, бұл жолдардан жалғыздық кесірінен жоқшылық зардабын тартып жүргеніне налығанымен, бұл қиыншылықты жыраудың өткінші нәрседей қабылдайтынын аңғарар едік. Ал ақын өлеңіндегі жолдардан кедейлік, жоқшылықты қалыпты құбылыс сияқты қабылдау, соған орай өмірдің күнделікті шындығына мойынсұну іспетті жәйттерді байқаймыз.

Олай болса, бір ғасыр аясында өмір сүрген дәуірлес жырау мен ақын шығармаларында мұндай айырмашылықтардың болу себебі неде? Қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастардағы өзгерістерде.

Ақтамберді жыраудың толғауы айтылған уақыт – қазақ-жоңғар арасының ширығып тұрған кезі. Соған сәйкес, қазақ қоғамында ел қорғаған ерлер, қол бастаған қаһармандар құрметтеліп, батырлық әлеуметтің мақтан етер әрекетіне, намысты жастың арманына айналды.

Жыраудың жоқшылықты өткінші нәрседей қабылдауының сырын да осы тұстан іздеу абзал. Кеудесінде намыс оты бар жігерлі бала жырау өзіне сенімді болғандықтан, өзі жетіле келе, жетімдік мойнына ілген жоқшылықтан сытылып шығарына сенеді. Оның түсінігіндегі жоқшылықтан құтылу жолы – ел қорғаған азаматтар қатарына қосылу.

Ал XVIII ғасырдың орта тұсында дүниеге келген Шал ақынның өлеңі шыққан уақыт – қазақ-жоңғар соғыстарының шешімін тауып, ел ішінде біршама тыныш тірлік орныға бастаған кезең. Соған сәйкес, әлеумет те өз өмірінің мәніне, өз тірлігінің сипатына назар аудара бастады. Бұл жағдай өнер иелерінің шығармашылығынан да өз көрінісін тапты. Өйткені кез келген шығармашылық иесі өз қоғамының перзенті, сол дәуірдегі әлеуметтің үні болатыны мәлім. Ақынның: «Кедейлік ер жігітке намыс емес, Жоқ болсаң туысың да таныс емес...» – деп жырлауының сыры да осында, яғни әлеумет тірлігінің бір қалыпты күйге түсуіне байланысты. Қысқа қайырып айтқанда, ақын – өмір мәніне, адам болмысының қатпарларына тіршілікреалиялары арқылы үңіліп, сол негізде ой түйіндеуші.

Бөлісу: