II.ХV-ХVI ғасырлардағы қоғамдық-саяси өмір және жыраулар поэзиясы

31 Наурыз 2014, 03:37

Керей мен Жәнібек хандардың тұсында айқындалған Қазақ хандығының аумағы Қасым билеген кезеңде мызғымастан сақталды.

Керей мен Жәнібек хандардың тұсында айқындалған Қазақ хандығының аумағы Қасым билеген кезеңде мызғымастан сақталды. Себебі ол елдің жан-жағындағы көршілермен бейбіт қарым-қатынас жасауды құнттады. Қазақ хандығы Орталық Азиядағы мемлекеттермен қатар, Ресейдегі князь Василиймен дипломатиялық байланыс орнықтырды. Нәтижесінде Батыс Европа елдеріне де Қазақ елі дербес мемлекет ретінде танылды. Ірге көтергеннен бергі аралықта жан алып, жан беріскен шайқастар мен соғыстардан көз ашпаған Қазақ хандығы Қасым хан билік құрған жылдары біршама тыныштықта тірлік кешті. Бұл аса қажетті көреген саясаттың жемісі болатын.

Ел тізгінін ұстаған сәттен бастап ата-бабалардың ел билеу дәстүрін басшылыққа алған Қасым ханның халық тарихындағы аса маңызды қадамы дербес хандықтың ұстанар саясатын, тіршілік ерекшелігін ескере отырып түзген жаңа низам жүйесі еді. Кейінгі ұрпаққа «Қасымның қасқа жолы» деген атпен танылған, өз дәуірінде Қазақ елінің мемлекеттік негізгі заңына айналған Қасым ханның жаңа низамында сол замандағы қоғамда сақталуға тиісті қоғамдық-әлеуметтік, саяси-құқықтық қарым-қатынастардың негіздері анықталды. Қасым хан түзген Жарғының негізгі бағыттарына қазақ топырағында бағзыдан бері әбден қалыптасып, дәстүрге айналған жағдайлар алынды. Соның нәтижесінде жаңа низам ел құрамындағы барлық рулар мен тайпалар үшін етене заң болып шықты. Бұл құжаттың қазақ даласында елдік тұтастықты сақтауға жол ашқан жүйеге айналуының сыры да осында. Қысқа қайыра айтқанда, Қасым хан кезеңі Қазақ хандығының іргесі бекемденген уақыт болды.

Ал Қасымнан кейінгі хандар тұсында ел тағдыры сынға түскен жағдайлар аз болған жоқ. Шамамен 1525 жылы ойраттар мен қазақтар арасында соғыс басталып, жеңісі мен жеңілісі алма-кезек құбылып тұрған бұл соғыс екі жүз жылға созылды. Жиырма жылдай қысталаңда күн кешіп, қиыншылықтарды бастан өткерген Қазақ хандығының жағдайы Бұйдаш хан билікке келген 1537 жылдан бастап оңала бастады. 1556 жылы Бұйдаш ханның ықпалымен Ноғай Ордасының шығысы қазақтардың билігіне жүгінді. Осы жылдардан бастап Қазақ хандығының дәуірлеуі басталды.

Хақ-Назар билік құрған 1560-1580 жылдар аралығында қуатты елге айналған қазақтар Ноғай Ордасын еңсере жеңді (1569 ж.), бітіспес дұшпанға айналған ойраттардың бір бөлігін қол астына қаратты (1570 ж.), Түркістан мен Сауранды, оңтүстіктегі көптеген қонысты қайтарып алды (1579 ж.).

Бөлісу: