31 Наурыз 2014, 03:27
Түркілік дәуірдің ескерткішінде ел жағдайы: «...Төрт бұрыштыңбәрі дұшпан екен», – деп ашық көрсетілсе, арада 8–10 ғасыр өткен тұстағы қазақ жырауы: «...Сере, сере, сере қар, Асты кілең, үсті мұз, Күн-түн қатса жібімес», – деп бейнелей жеткізеді. Ал елдік мұрат жолындағы күресті түркі озаны: «Төрт бұрыштағы халықты Көп алған, бәрін бейбіт еткен..,», – дей келіп: «...Екі аралықта жүрген иесіз көк түріктерді Осылай қоныстандырған екен...» – деп нақтылай ұсынса, қазақ жырауы: «...Мен көлікке қосымды артқанмын.., Күңіреніп күн түбіне жортқанмын!..» – деп көркем образға айналдыра көрсетеді.
Байқалып тұрғандай, түркі жыры мен қазақ жырының көркемдік мазмұны бір ғана мәселеге, яғни, жан-жақтан қусырған қысталаң-қыспақтағы елдің іргесін нығайтып, алаңсыз тыныштықта тірлік кешуге мүмкіндік туғызу жолындағықарекет-күрестерді жырлауға арналған. Бұл жырларда дербес ел болу жолындағы тынымсыз күрес келешекке кәміл сенімді асқақ рухпен астаса, алға тартылады.
Араларында бірнеше ғасырлар жатқан жырлардағы мұндай үндестіктің сыры неде? Ең бірінші – елдік мақсаттың бірдейлігінде. Ал елдік мақсаттың бірдей болу себебі түркі жұрты мен қазақ елінің тұрмыс-тіршілігі мен өмір салтының ұқсастығында, арман-мұраттарының үндестігінде жатыр. Сонымен бірге, бабалардың бағзы жұртын еншілеп қалған халықтың ата дәстүрден қол үзіп кетпейтіні де түсінікті. Көне жұртта жасалған асыл сөздің уақытпен бірге ығысып қалмай, ауызша айту арқылы болса да, ұрпақтан-ұрпаққа жететіні белгілі. Ал кейінгі ұрпақ өкілінің алдыңғы дәстүрді үлгі ете отырып, өз тарапынан өз заманының сөзін айтуы да –заңдылық.
Ежелгі дәстүрден тағылым ала отырып, өз заманының әдеби бейнесін жасаудың жарқын үлгілерін жыраулар поэзиясынан молынан табуға болады. Мәселен, дербес ел болу идеясынан арна тартып жататын көркемдік мазмұн мен сол мазмұнды түзетін сан алуан бейнелердің, жыраулар поэзиясында қазақ
халқының өзіне ғана тән көзқарас, дүниетаныммен толыса, кемелдене көрініс тапқан бейнеліліктің арғы негізі де көне дәуір жазбаларында тамырланған. Мысалға жүгінсек, ел қорғағанбатырдың жанқияр ерлігі «Күлтегін» жырында:
...Қырық жеті рет аттанды, Жиырма айқас жасады. Тәңірі жарылқағандықтан, Елдігін елсіретті, Қағандығын қағансыратты. Жауын бейбіт етті, –
деп баяндалса, қазақ жырауы Шалкиіз жырындағы батырлардың бірі:
...Қабағын қара сусар бөрік басқан, Жауырынын күшіген жүнді оқ шанышқан, Қалжуырдай шаншылған, Жұрт үшін қарауылға көп тұрған, Сексен сегіз аңдыған, Еңсесін түбекменен жауыртқан, Еңкейгенін жазбаған, Он екі құрсау жез айыр, Қара мылтық жұмсаған.., –
деп бейнеленеді.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»