ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 5 млн теңгеден беріледі

Кеше, 20:09 149

ІІ дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында ардагерлерге 5 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек төлеу жоспарлануда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ЕХӘҚМ мәліметінше, Қазақстанда 2025 жылғы 20 қаңтардағы жағдай бойынша соғыстың 120 ардагері, сондай-ақ жеңіске үлес қосқан 42 545 азамат тұрады. Олардың ішінде: қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 67 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 139 адам; ҰОС кезінде алған жаралануы, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайлары – 743 адам; қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 2 адам; тыл еңбеккерлері – 41 594 адам.

Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Қарттарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүзеге асырылады.

Біріншіден, зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді. Азаматтардың 19 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б.) өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу жүзеге асырылады, - делінген мәліметте.

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша соғыс қатысушылары үшін зейнетақыларды ескере отырып, ай сайын алынатын әлеуметтік төлемдердің жиынтық мөлшері 262 334 теңгені және соғыс кезеңінде алған жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар адамдар үшін – 279 330 теңгені құрады.

Екіншіден, ардагерлерді әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көрсетіледі. Олардың барлығы әскери қызметшілерге көрсетілетін құқықтар мен кепілдіктерге ие. Салық салу бойынша жеңілдіктерді пайдаланады, оларға Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі, санаторий-курорттық емдеу ұсынылады.

Үшіншіден, соғыс ардагерлеріне біржолғы материалдық көмек беру жыл сайынғы дәстүрге айналды.

Облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының ақпараты бойынша Жеңіс күнінің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне биыл 120 соғыс ардагерінің әрқайсысына 5 млн теңгеден біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: