31 Наурыз 2014, 09:24
«...Тіпті разы болмаймын
Керегенің басында
Екі қары бөзіңе!
Бермей қалсаң осы жол,
Жолықпаймын деп ойлама
Жортуылшы ердің кезіне!» – деп сес көрсетуі соның айғағы.
Жырау шығармаларынан анық байқалатын тағы бір жәйт – оның Шығыс жұртының әңгімелері мен аңыздарынан, мұсылманшылықжол-жобаларынан мол хабардарлығы. Жыр-толғауларында ұшырасып тұратын «Көктен түскен төрт кітап Енжіл атты кәләмда», «Алла деген ар болмас», «Ақтың үйі мешіт-ті», «Ибраһим Халил жасады Тәңірім үйі кебені», «Әзірейіл келген күн Жан қалар жер қайда бар!?», «Ғаділдігін Наушаруан ғаділге йеткерген, Жомарттығын Хатымтай жомарттан өткерген» т.с.с. қолданыстар Бұқардың өз заманының білімдар адамы болғанын танытады. Әйткенмен ол тірлік ісін тәрк етіп, дін қағидаларына көзсіз берілуге үндемейді. Жыраудың:
«Ей, айташы, алланы айт,
Аты жақсы құдайды айт,
Төрт шадияр, Мұстафа,
Мұсқап ашқан ғаламды айт.
Тәңірім сөзі – бұрқанды айт,
Кәлим алла – құранды айт...» – деп басталып, бірнеше тармақ бойына діни ұғымдарды қастерлей алға тартатын толғауындағы ой түйінінің өзі:
«...Тірілікте сыйласқан
Ата менен анаңды айт,
Адам үшін жаратқан
Қызықты нәубет балаңды айт,
Өлгеннен соң жер жұтқан
Қараң қалған денеңді айт» – деген мазмұнда, адам өмірінің мәні турасындағы философиялық тұжырыммен тиянақталады.
Демек, ұзақ ғұмырында өмірден танып-білгені де, игерген ілім-білімі де мол Бұқар жырау өмірдің мәнін адамгершілік жолын ұстанумен, елге қызмет етумен байланысты түсінген. Ел арасында дінді уағыздаушылардың өзіне сын көзімен қарап, бағзы бабалардан бері сақталып келе жатқан ата дәстүріне қиғаш келетін іс-әрекеттерін аңдап қалса, тойтарыс беріп отырған. Мәселен, «Он екі айда жаз келер...» деп басталатын толғауындағы:
«...Сол заманың келгенде, Ата-бабаң қол берген Қожаларды қас көрер. Ноғайларды ғалым деп,
Әулиедей көресің...
...Ахіретке барғанда Ақ сүйекті қор тұтқан,
Қараны онан зор тұтқан Ноғайларды пір тұтқан,
Тартарсың сонда жазаңды-ай», – деген жолдар жыраудың ел санасында ғасырлар бойы қалыптасқанұғым-түсініктерге шәк келтіруге жол ашатын әрекеттерге сын көзімен қарағанын байқатады. Демек, Бұқар жырау үшін ең қасиетті құндылық – ата дәстүрі, бабалардан қалған жол.
Ата тағылымы, бабалар жолы дегенде Бұқар жыраудың бірінші кезекте ұлағат етері – ел бірлігі, ағайын тұтастығы. Жырау ұлық тұтқан бұл ой оның жыр-толғауларының бәрінде алтын арқау боп тартылып жатады. «Бірлік түбі – береке» боларын жұрт санасына сіңіруді көздеген жырау бұл ойын жыр-толғауларының бірінде:
«...Баяғыдай баршындап Бірауызды болмады Қас тұрпайы болған жұрт», – деп ашық айтып, нали жеткізсе, енді бір орайда:
«Қарашы мынау ойда жатқан орысты,
Дін мұсылман жұртынан,
Шіркін, алған екен қонысты!
Аяғыңнан шалысты,
Күндердің күнінде
Басыңызға салып жүрмесін зор істі!» – деген үлгіде қыр астында қатер барын аңдата ишаралайды. Қатерден сақтану жолы ел бірлігі екенін меңзейді. Осы мазмұндас тағы бір толғауында:
«...Шүршіт деген ел бар-ды Келер деген кәлемде...
...Күнін, түнін бір етіп, Бір күн жетер сол кәфір.
Жаушылыққа шығар ол, Түсі момын болар ол, Құлан қайда семірсе, Жынын сонда төгер ол.
Егер шүршіт келмесін, Егер шүршіт келсе бір, Қабырғаңды күйретіп, Жон-жұмыңнан сөгер ол», – деп қатер сипатын ашық көрсете жеткізеді. Толғаулардың мазмұны қалай берілсе де, жыраудың діттеген ниеті – біреу. Ол – ел іргесін бүтін сақтау, ол үшін елдің бірлігіне сына қағар қандай әрекетке де, қандай пиғылға да жол бермеу. Жыраудың әйгілі толғауының түйінін: «Бұл жалғанда бір жаман – Ағайынның аласы», – деп тұжыруының сыры да сондықтан.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»