31 Наурыз 2014, 04:08
Ал Шоқанның сенімді досы Г.Потанин еңбектерінде Асан қайғының Жәнібек хан билік құрған кезеңде өмір сүргені айтылады. С.Сейфуллин: «Асан Қайғы – Әз Жәнібек ханның замандасы, Майқы бидің ұрпағы... Кейбір деректердің мәліметінше, ол Орманбет ханның да жақын туысы», – деген пікір айтса, М.Әуезов: «Тарихта болған адамдар ішінде өмір сорабы, іс-еңбегі халықтың нағыз ертегісі болып, тек сол қалыпта ғана ой-жадында сақталған адамның бірі – осы Асан қайғы», – деп ой түйіндейді. Осы орайда М.Мағауин пікіріне ден қойсақ, ол: «ХV ғасырдың 20-жылдарында Ұлұғ-Мұхамед Ордадан қуылғанда Асан өз әміршісімен бірге кетеді. ...хан өлген соң Дәшті-Қыпшаққа қайтып оралады. 1450-жылдарда Әбілқайыр ұлысындағы тартыс кезінде Керей, Жәнібек сұлтандарды жақтайды. 1456 жылы Шу алқабында Қазақ Ордасы құрылған кезде Асан жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады», – деп жазады.
Атақты жыраудың өмір сүрген кезеңі және оның елге сіңірген еңбегі жайында жазба деректер мен ел сөздерінде ұшырасатын жәйттерді ескере отырып, қысқаша ой түйінін жасасақ, Асан қайғы Сәбитұлы ХІV ғасырдың екінші жартысынан кейінгі кезеңде дүниеге келіп, Қазақ хандығының жеке елге айналуына және қанаттана нығаюына үлкен қайрат қылған дана тұлға болғаны анық. Бұл пікірге дәлелдердің бірі ретінде ел аузынан жиналған жырлардың бірінде Асан қайғының өз сөзі ретінде берілетін мынадай жолдарды айтуға болады:
Қазтуған мен Абатым,
Дұшпанды жер болғанда,
Сегіз қырлы болатым.
Мен бір жасы жеткен қарт едім
Көлеңкелі жерде бағатын.
Күні-түні жатырмын
Бес намазды тәрк қылмай,
Құдайдың өтеп тағатын...
Әрине, бұл жолдарды Асан қайғының өз толғауларымен салыстыра қарағанда, берілген өлең жолдарын әйгілі жыраудың өз сөзіне тели танудың орайсыздығы анық байқалады. Әйтсе де, назар аударатын бір жәйт – осы жолдарда ХV ғасырда ғұмыр кешкен Қазтуған жырау есімінің аталуы және оның Асанмен етене араласқан адам бейнесінде көрінуі.
Осы орайда, аңыз астарында ақиқат барын, ел сөзінің шындықтан өріс алатынын ескерсек, Асан қайғы мен Қазтуған жыраудың дәуірлес тұлғалар екендігіне ден қойған абзал. Сол сияқты, жыраудың өз толғауларында да Жәнібек ханның есімі аталып, аталып қана қоймай, оған жыраудың батыл-батыл сөйлеуінің өзі де дербес Қазақ хандығының алғашқы кезеңiде Асан қайғының өмірде болғанын, ел тірлігінің күрмеулі түйіндерін шешуге белсене араласқанын айғақтайды.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»