II. Тіл болашағы – жас ұрпақтың қолында

1 Наурыз 2014, 09:49

Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қазақтардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың ортақ тілі.

Біріншіден, баласын ана тілінде емес, өзге тілде оқытатын ата-аналардың өздері қазақ тіліне аса жетік емес. Сондықтан олар өз балаларын өздері білетін тілде оқытқанды қалайды, кейде тіпті соған мәжбүр де болады. Әсіресе, мұндай жағдай баланың сабағын қадағалайтын әйел адамдарға тікелей қатысты деп ойлаймыз. Екіншіден, көптеген ата-аналар балаларының қай тілде оқығанына немқұрайлылық танытады. Ондай ата-аналармен сөйлесе қалсаңыз: «Қазақстанда қазақ және орыс тілдері бірдей емес пе, білім алса болды ғой» деген секілді сөздер айтады. Әлбетте, баланың қай тілде білім алуы маңызды. Себебі, балаларымыз мектепте 11 жыл бойы тек білім алып қоймайды, сонымен бірге тәрбие алады. Біздің ойымызша, білімнен де тәрбие маңыздырақ. Білімдінің бәрі тәрбиелі, мәдениетті, зиялы дей алмаспыз, ал тәрбиелі тұлға білімді де, мәдениетті де, зиялы да бола алады. Сондықтан, мұндай ата-аналармен жұмыстар жүргізген жөн. Қазақ мектебінде оқу деген сөз қазақша сөйлеу, қазақша жазу дегеннен де жоғары, қазақ мектебінде оқу – өз ұлтыңның тарихын, мәдениетін, дәстүрін қазақтың сөзі, ойы арқылы қабылдау, сөйтіп халқың ғасырлар бойы тудырған мол мұраны ұлттық санаңа тоқу деген сөз. Өз еліңде тұрып, өзіңнің рухани қазынаңды өзге тілде қабылдай алам деу, сыпайылап айтқанда, білместік. Әрбір ұлт, әрбір азамат өзінің тілі, мәдениеті арқылы тұлғаға айналады. Неміс философы Ганс Георг Гадамер: «Тіл – «менің» және әлемнің қосылатын тұсы» депті. Осы аса терең айтылған пікірге ден қойсақ, онда біз өзімізді қоршаған әлеммен қай тілде байланысамыз, әлемді қай тілде ұғамыз, біздің балаларымыз қай тілде әлемді танымақ деп ойланып көрсек, онда әрбір саналы азамат ең алдымен өзінің туған халқын ойлары хақ. Егер өзімізді ұлтымыздың перзентімін десек, ендеше біздің мынау алуан әлемдегі орнымыз да, ерекшелігіміз де ұлтымыздың тағдырына, тіліне тікелей қатысты. Олай болса, «Қазақстан Республикасы» дейтін тәуелсіз мемлекеті бар қазақ баласы өз атамекенінде ана тілінде тәрбие алғаны, білім алғаны абзал.

Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қазақтардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың ортақ тілі. Ресми немесе мемлекеттік мәртебеге ие болған тілдің барлығы сол мемлекеттің барша азаматтарына ортақ болғандықтан білім алудың, жұмыс істеудің, өзара қатынасудың ортақ тілі. Бүкіл әлемде солай қабылданған, өйткені өркениетті дүние бір мемлекет ортақ тілде сөйлегенде ғана тұтас, қуатты, отаншыл орта қалыптасатындығын әбден ұғынған. Бүгінгі Қазақстан қоғамы осыған жетуге тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» деп айтқаны белгілі. Президенттің Жолдауында айтылған бұл сөздері мемлекеттік тілдік орта қалыптастыруға арналған. Оның іске асуының негізі бүгінгі балабақша, мектеп десек, онда Астанада осыған орай оң бағыттың байқалатыны қуантады. Сондықтан, бұл бағытты мейлінше қарқынды ету міндеті бәрімізге жүктеледі. 

 

«Астананың тілдік келбеті: бастамалар мен басымдықтар», 2012 ж.

Бөлісу: