19 Қараша 2014, 07:36
Жамбас – екеу болады. Ірі малдың жамбасын екіге бөліп асады, ұсақ малдың жамбасы тұтас асылады. Қай-қайсысы да таңдаулы мүшеге жатады.
Жая – ірі малда осылай аталады. Жылқыда жал-жая қадірлі асқа жатады, сүрленеді.
Жаяның еті – ірі қараның жая етін 4-5 бөлікке бөліп асуға, сүрлеуге болады.
Белдеме – қой-ешкіде осылай аталады. Белдемше, мықын, ұша дейтіндер де бар. Таңдаулы мүшеге жатады.
Жалпақ омыртқа – ірі қараның белдемесі. Таңдаулы мүшеге жатады, сүрлеуге болады.
Бәлекей омыртқа – қол омыртқа деушілер де бар. Кіші дәрежелі омыртқаға жатады.
Ұзын омыртқа – 6 болады, мұны кей жерде ұша дейді. Жалпақ омыртқаға тең таңдаулы мүше, сүрленеді.
Арқа омыртқа – бұл мүше қой-ешкіде алтыдан болады. Еті өте жұмсақ. Мұны көбінде мибалауға турайды.
Жүрек – көбінде қыз-келіншекке, балаларға берілетін мүше.
Бауыр – майлы етке қосып қуырдаққа туралады.
Көк бауыр – отқа көміп немесе асып жейді.
Бауыр ет (ірі малда) – асып, қақтап жеуге, қуыруға жөргемге қосуға, борша жасауға тиімді саналған.
Бүйрек – екеу болады, балалардың сыбағасы.
Кісіге – жылқының жүрек майы, жұмырлардың бір түрі.
Ұлтабар – ұсақ малдың таңдаулы, ең майлы мүшесі. Баспен, кейде жамбаспен бірге табаққа түседі.
Қарта (жылқының қарны) – ең таңдаулы мүшенің бірі.
Қимай (сиырда) – сиырдың майымен айналдырып, шумақтаған тоқ ішегі.
Тоқ ішек (қой, ешкіде) – ұсақ малдың майлы ішегі, кейде оның ішіне ет, май қосып айналдырып жөргем жасайды.
Тік ішек – тоқ ішектің ұшы, көтенішек деп те аталады. Сүренеді. Салт бойынша көктем кезінде төл басы туғанда алғашқы уызға қосып асады.
Желін – желін май, көбінде үлкендер жағы жейді.
Өркеш – түйенің май жинайтын мүшесі, оны көбінде шыжғырады.
Қомдық – түйенің мүшесі, бұл да шыжғырылады.
Қарын – қой етімен бірге табаққа түседі, қуырылады, жылқы қарны қарта ретінде бас табаққа салынады.
Өкпе – ұсақ малдың өкпесі, қуырылады, табаққа түспейді.
Өңеш – қазан басындағылар жейді, табаққа түспейді.
Жал (6 кертпе) – жылқы етінің таңдаулы мүшесі. Сүрленеді. Бас табаққа түседі.
Сирақтар – қой-ешкінің сирағын, кейде тайынша-торпақтың сирағын үйтіп пісіреді. Бұл балалардың сыбағасы.
Жалбыршақ қарын (сиырда) – қыз-келіншектің сыбағасы.
Тазқарын (жылқыда) – қыз-келіншектердің сыбағасы.
Бүйен – бүйенге май, ет тығып түйреп әсіп, меңіреу, жұмыр, түймеш дейтін тағамдар жасайды. Көбінде қазан басындағылардың сыбағасы.
Сүріншек – төс сүйектің басы. Ет асқан күндері мұны көбінде күйеудің немесе келіннің мүжіп кеміруіне береді.
Фото авторы: Сәрсенбек Қызайбекұлы.