II. Батырдан қалған өсиет

10 Мамыр 2014, 13:21

Бауыржан Момышұлының қанатты сөздерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Бауыржан Момышұлының қанатты сөздерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Таяқтан тайсалмасаң,

Семсерден сескенбесең,

Жеңдім дей бер...

 

Өмір үшін өлгенше күрес.

 

Тәртіпке бас иген құл болмайды,

Тәртіпсіз ер болмайды.

 

Өжеттіліктен не пайда,

Ерлігі мен ақылы

Көпті батыр етпесе.

 

Ерлік елеусіз қалмасын.

 

Жауыңды жапыра біл,

Баудай түсіре біл.

 

Қиын сәтте тізгініңді босатпай, шапшаң да шебер қимылда.

 

Жігіт болсаң, жігеріңді жасытпа, қайратыңа қайта мін.

 

Ұрыста тәуекел ету де – ерлік.

 

Әрқашан әскери ар-намысыңды сақта,

солдаттық борышыңа адал бол.

 

Халықтың ізгі дәстүрі – біздің ең асыл мұрамыз.

 

Адамның көтеріңкі көңіл-күйі – ұрыста ең айбарлы қару.

 

Алтын басты болсаң да, ардан артық емессің.

 

Ашуыңа ақылыңды жеңдірме, өз сабаңнан шығып кетпе.

 

Әрбір бұйрықтың орындалуы – бұлжымас шарт.

 

Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет етуден аянба.

 

Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.

 

Хас батыр ұрпағы бардың өлсе де арманы жоқ.

 

Жеңіс шайқасқа дейін шыңдалады.

 

Өсер елдің баласы әкеден де асып түсер.

 

Кішіпейілділік – адамгершілік көркі.

 

Жауынгерлік борышты өтеу – жеңіспен бірдей.

 

Тексізден тезек артық, арсыздан айуан артық.

 

Өзін аяған – дұшпанға дос.

 

Жанын аяған – тәніне жау.

 

Қырағының өзі де, көзі де батыр.

 

Әркім әр жағдайда өледі, ақымақ та, ақылды да өледі.

Бірақ, қалай өлу басқаша.

 

Тәртіп – тән үшін, ынтымақ – жан үшін керек.

 

Тізе бүгіп, тірі жүргеннен, тіке тұрып, өлген артық.

 

Ана үшін аянба – ант ұрады,

Бала үшін аянба – бетің күйеді.

 

Ел үшін аянба – жігіттілігіңе сын.

 

Ел дегенде – езіліп, жұрт дегенде – жұмылып істе.

 

Батыр – батыр емес, батырларды бастаған батыр.

 

Ашу-ызасыз жек көру мүмкін емес.

 

Сыртқы тәртіпсіздік – адамның ішкі кемшілігі.

 

Ұшқынсыз от тұтанбас.

 

Қашу – жаудан құтылудың жолы емес, өлімнен де жаман, ауыр опасыздық.

 

Мейірім болмаса сүйе де алмайсың.

 

Бұйрық – алғыр басшының ой-арманы.

 

Әскерсіз–қолбасшы қауқарсыз, басшысыз – әскер әлсіз.

 

Сын ерді шыңдайды,

Қорқақты қинайды.

 

Адамзатқа өмірден ар қымбат, өлімнен де ұят күшті.

 

Қорқақ – дөрекі әрі ақымақ.

 

Батырға Сырдың суы сирағынан келмейді,

қорқаққа батпақ та кедергі, шалшық та бөгет.

 

Атқа мініп жүре алмайтынға жуас та асау, жебе де қысқа, тартпа да бос, ердің үсті де қолайсыз, тізгін де ұзын көрінеді – барлық сылтауды жайып салады.

 

Алғырлық ойдың ішкі мазмұнын нұрландырып тұрады.

 

Қанатты сөздің қарапайым сөзден айырмасын сергек құлақ,

алғыр ой ажыратады.

 

Ақылгөйлік кейде өнегесіздікке тірейді.

 

Тәртіп кейде тәртіпсіздікті тудырады.

 

Екіжүзділіктің балын татып жүргеннен, әділдіктің ащы уын ішкен артық.

 

Өтіріктің қанатын қомдағанша, ауыртпалықтың жүгінен бүгілген артық.

 

Өзін сыйламаған басқаны сыйлауға қабілетсіз.

 

Барлық халық барлық ұлы және тамаша нәрселерді жасауға қабілетті.

«Б.Момышұлы туралы естеліктер», «Білім» баспасы, Алматы, 2005 ж.

Бөлісу: