1 Наурыз 2014, 08:49
Қоғам жол айрығында тұрды. Қолдан келсе, ақыл-ойды, күш-қайратты жұмылдырып, бәсекеге қабілетті елдер қатарына кіру керек немесе «құдай салды, біз көндік» аясында қалып, азаттықты тәрк ету керек. Кешігу өліммен пара-пар деген сөз осындайдан айтылған шығар, сірә. Ахуалдың мейлінше күрделі екенін 1991 жылғы 17 желтоқсанда, яғни тәуелсіздіктің бірінші күнінде, Елбасымыз бүкпесіз айтты: «Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік». Осылайша Қазақстан тұрақтылық пен жасампаздыққа бастаған ізденіс жолын таңдады.
Алматыдағы Орталық алаңда азаттықтың ақ таңын қарсы алған сан мың адам алдында тебіреніспен айтылған Президенттің сөзінде қазір және таяу болашақ үшін қажет ұлттық идеяның құрамдас бөліктері айқындалған еді. Алдымен дүниеге келген жаңа мемлекет Қазақ елі екені баса көрсетілді. «Ел» байырғы түркі заманынан бері бар ұғым-түсінік, Халық, Отан, Атамекен дегенді білдіреді. Басты мағынасы мемлекеттің бар-жоғына келіп тіреледі. «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік», – деді Елбасы.
Президент пайымынан ұлттық идеяға қатысты екі ойтүйін туындап тұр. Бірі – ұлттық идея өзін-өзі таныған ұлт барда ғана дүниеге келеді. Өзін-өзі тану тарих толқынында шыңдалған ұлттардың ғана пешенесіне жазылған. Ұлттық «Меннің» асқар шыңы ұлттық мемлекет құру, ұлттық мемлекет – ұлттық «Меннің» қамал-қорғаны. Екіншісі – ұлттық идеяның мазмұны мен өзегін бүгінді кемел келешекпен жалғастыратын өміршең де қисынды арман құрайтыны. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» қағидатын халқымыз ұрпақтан ұрпаққа аманаттағанда, өсер елдің серігі – оптимизм екенін қапысыз таныған ғой.
Бұдан кейін алға тартылған президенттік келелі ой – тәуелсіздіктің табалдырығында тұрғанымыз жайлы. Дұрыс бағытта ілгерілеу үшін бірінші қадамнан ұлттық идеяны оң анықтаудың мәні зор. Тәуелсіздік өткеннің қарызы мен парызын атқаруға есік ашуымен ғана қымбат емес, әлемдік өркениеттің көші соңында салпаңдамауға, табиғи-ырғақты өсіп-өну жолын табуға мүмкіндікті арттыратын ұлттық идеямен де қымбатты. Еңселі ел болу тым асығыстықты да, ерте күнді кеш қылған жайбасарлықты да көтермейді. Біз үшін оны ешкім атқарып бермейді. «Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда», - деді Президент. Тарқата айтар болсақ, әулеті мен дәулеті тасыған еңселі ел дегеніміз шынайы әрі де-юреден де-фактоға айналған, толыққанды азаттыққа қол жеткізген, ұлттық идеясын әспеттеген ел ғой.
«Астананың тілдік келбеті: бастамалар мен басымдықтар», 2012 ж.