1 Наурыз 2014, 08:03
Осыған орай еске түседі. Осыдан бірер жыл бұрын белгілі бір ақынымыз (аты-жөнін атамай-ақ қояйын) орталық орыс гәзетінде бір бетті толық алып, ауыл деген бір сөздің төңрегінде қазақ тілтанымы мен оның мамандарын қазақ тілінің өзімен қоса, өзінің дағдылы әдетінше, сыбап өтіп, орыс аудиториясының алдына жығып сап беріпті. Сондағы уәжі үш дауысты дыбысты қатар жазған деген «не сұмдыққа» саяды. Ұмытпасам, қырғыздың айыл, өзбектің ағыл сөздерінің жазылымын мақтап өтеді. Қазақ сөзінің төл дыбыс құрылымын білмеу мен маңдайға жазған орыстақы емле-ережеден бейхабарлықтың салдары ғой. Болмаса, қырғыздың аЙыл сөзі й дауыссызымен, өзбектің аҒыл сөзі ғ дауыссызымен, қазақтың аУыл (дұрысы – ауұл) сөзі у[w] дауыссызымен (оның жасалым анықтамасы төменде беріледі) бір текті ғой. Әттең, орыстың у дауысты таңбасы бәрімізді естен тандырып, дауыссызымызды дауысты етіп елестетіп тұр ғой. Біз бастан кешіп отырған орыстақы орфографияның «көз елес» азабы бір бұл емес. Кірме таңбаны (әріпті) қазақтың дыбысы деп өзеурегендерді, олардың ішінде фонетист-мамандар да бар, әлі көп кездестіретін боламыз. Өз ағайындарымыздың өзінен қазақтың бар дыбысын жоқ деп, жоқ дыбысын бар дейтін уәжді де әлі көп еститін боламыз. Құлаққа сіңген орыс тілінің дыбыстарынан, көз үйренген орыс тілінің әліпбиінен, қол жаттыққан орыс тілінің әріптерінен арылтып алу оңай болмайды.
«Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» деп, өзімізді алдаусыратып, жұбатып қоямыз. Сөйтіп шыдам танытып, шыдас беріп келеміз.
Бүгінгі қазақ жазуына, тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек деп жүргенім сондықтан. Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайды. Реформа үш мәселені - дыбыс, әліпби және айтылым емле-ереже (орфоэпия) - бірдей қамтиды: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби (таңба) сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; емле-ереже - дыбыстардың басын біріктіріп, сөзді қазақы етіп құрап тұратын дәнекері. Осы үш мәселе бір-бірімен байланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды. Ал әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғы шарты және ең төте жолы болып табылады. Егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тіл бұзар әріптер мен емле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалады.
Қазақтың төл дыбыстарын түгендеп, соған лайықтап таңба санын ықшамдау А.Байтұрсынұлынан басталған болатын. Сол кезде таңба санын қорғаштап Ахаңның «жағасынан алғандар» болған. Оларға Ахаң «таңбаларды қысқартып, артығын борышыма берейін деп отырған жоқпын» деген екен. Менің де 42 таңбаны байлығымыз деп масаттанып отырған ағайындарымызға айтарым: артық таңбаларды еншілеп кетейін деп отырған ойым жоқ.
Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж