I.Үмбетей жырау

31 Наурыз 2014, 08:41

Үмбетейдің өмірі.

(1706-1778)

Үмбетейдің өмірі. Жыр-толғауларынан танылатын жыраудың мінез-жаратылысы. Үмбетей жырау – арнау жанрының шебері. Арнауларындағы реалистік мазмұнның басымдығы. Жырау толғауларындағы дидактикалық-риторикалық сипаттар. Жырау шығармаларындағы реализм мен сатира. Үмбетей толғауларындағы Абылай мен Бөгембай бейнелері.

XVІІІ ғасырдағы қазақ әдебиетінде жыраулық және ақындық поэзия қанаттаса көрініс бере бастағаны белгілі. Оның нақты мысалдарының бірі жоғарыда сөз болған Тәтіқара өлеңдері болса, келесі бірі Үмбетей жырау поээзиясы. Бұл ретте Тәтіқарада ақындық сипаттары басым келсе, Үмбетей шығармашылығында ақындық үрдіс жеке арна түзіп кетпей, негізінен, жыраулық дәстүр сақталатын туындыларында ақындық поэзия элементтері сипатында қылаң беріп отырады. Бұл жәйттің өзі Үмбетей поэзиясының өзіндік ерекшелігін аңдатса керек.

Десек те, жырау шығармашылығының ерекшеліктері жайынансөз қозғамас бұрын, оның өмірі турасындағы кейбір мәліметтерді еске оралтқан жөн болар.

Ел аузындағы әңгімелерден жинақталып, ғылыми жүйеленген деректерге сүйенсек, Үмбетей жырау 1706 жылдар мұғдарындаөлең-жырға, ән-күйге, ел тарихына ықыласты отбасында дүниеге келген. Әкесі Тілеу эпикалық жырларды, ел арасындағы аңыздар мен ескілікті сөздерге қанық адам болған. Қара қобыздан көне сарындарды боздатып, өз заманының абызы атанса керек. Әке өнері мен өнегесі бала кезден санасына дарыған Үмбетей де ерте жастан өлең-жырға әуестеніп өседі. Көнекөздерден құлағына сіңірген жыр-дастандарды ұзағынан толғай жырлайтын жыршы ретінде таныла жүріп, өз жанынан өлең туындатуға бейімдігін аңғартады. Алғашында өз төңірегіндегі адамдардың келеңсіз мінез-құлықтары мен ұнамсыз іс-қылықтарын әшкерелейтін уытты өлеңдерді суырып салып айтуға қабілеттілігін танытқан ол уақыт оза келе өмір, заман, адам жаратылысы жайындағы философиялық ой-толғамдарға толы жыр-толғауларын шығарады. Өкініштісі сол, жыраудың осындай ауқымды жырлары болғаны жайындағы мағлұматтар ел сөзіне жүйрік қариялардың ауызша айтылған әңгімелері бойынша жетсе де, сол жырлардың мәтіндерінің белгісіз болып қалғаны. Дегенмен, бізге дейін сақталып жеткен өлеңдері мен толғауларының өзінен Үмбетей жырау­дың шығармашылық тұлға ретіндегі дара болмысын біршама тануға мүмкіндік бар. Ендігі тұста осы мәселеге зер салған орынды болмақ.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

 

Бөлісу: